Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бағыты бөлек бастама

Бағыты бөлек бастама

Инклюзивті білім беру – балалардың жынысына, жас ерекшеліктеріне, географиялық мекен жайына, қимыл-қозғалыс пен ақыл-есінің тұрақтылығына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан, сапалы білім алу және потенциалдық дамыту мүмкіндігіне ие болу. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында инклюзивті білім беру үрдісіне көңіл бөлу керектігін атап өтті. Аталған білім беру бағыты бойынша аудан ахуалы қандай? Инклюзивті білім беру мекемелері қалай жұмыс істеуде? Осы сұрақтар төңірегінде сөз етпекпіз.
Аудан бойынша 2020-2021 оқу жылдарында ПМПК мекемесінің қорытындысына сәйкес, 0-18 жас аралығында ерекше қажеттілігі бар балалар саны 825 болса, оның ішінде мектеп жасындағы 391 бала инклюзивті біліммен қамтылып отыр. 86 бала үйден оқиды, ал 290 бүлдіршін мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленуде.
Айта кету керек, инклюзивті білім беру бағыты бойынша аудан ішінде 13 балабақшада «логопедиялық пункт», 8 мектепте «инклюзивті қолдау кабинеті» ашылып, арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды инклюзивті біліммен қамтып отырған 25 мектеп пен 13 балабақшада барлығы 43 кәсіби маман қызмет етеді.
Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдары ерекше балалардың ойлау қабілеті мен моторикасын дамытуға жәрдем беретін «Edu Quest» мультимедиялық құрылғылары мен балалардың ауызша және жазбаша сөйлеуін түзетуге арналған «Дельфа» логопедиялық тренажерларымен жабдықталды. Олар құрылғыны қажет ететін диагноздағы балалары бар 6 мектепке берілген.
Аталған сала ерекше сұранысқа ие болғанымен, аудан бойынша мақтаулы маман, мықты кадрлар аз емес. Соның ішінде Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің логопеді Кәмшат Бимурзаева – инклюзивті білім беру процесіне қатысып, балалардың тіл мүкістігімен айналысып жүрген ұстаз. Жаңа оқу жылының алғашқы айында облыстық деңгейде ұйымдастырылған «Үздік логопед – 2021» байқауында екінші орынға лайық деп танылған маман 5 тур бойынша бақ сынаған. Байқауда авторлық бағдарламасын, сөйлеу тілінде мүкістігі барларды оқыту әдістемесін ұсынған логопед: «Инклюзивті білім беру – қоғам қажеттілігі. Мектепте әр сыныпта ерекше мұқтаждығы бар 2 баланың оқуына рұқсат етіледі. Осыған дейін түрлі деңгейде ринолалия, тұтықпа, сөйлеу тілінің дамымауы диагноздарымен келген балалармен жұмыс істедім. Нәтиже бірден болмаса да, аз-аздан үздіксіз жұмыс жүргізу жетістікке әкеледі», – дейді.
Дамуында ауытқушылығы және тіл мүкістігі бар балаларды әлеуметтендіруді мақсат еткен «Рауан» инклюзивті балабақшасы өз жұмысын 2018 жылдан бастаған. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік арқылы ашылған балабақшада мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы бойынша 6 топ жұмыс жасайды. Игі бастаманың иесі, құрылтайшы Қуанышкүл Дәулетиярқызы – тәжірибелі педагог. 96 орынға арнап ашылған бақшада бүгінгі таңда 45 тіл мүкістігі бар, 51 дені сау бала тәрбиеленуде. Балалар үшін 2 логопед, 2 дефектолог, психолог мамандар жұмыс жасайды. Ашылған уақыттан осы кезге дейін тіл мүкістігі бар 125 бала сөйлеу тілі дамып, мектепке балалармен бірдей білім қабылдай алатын деңгейде аттанған.
Мұндағы ерекше мұқтаждықты қажет ететін балаларға иппотерапия, изотерапия, еңбек және ертегі терапиясы қолданылады. 3 инклюзия және 3 ерекше топ үшін Ресейден, еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтаннан кәсіби білім алған мамандар қызмет етеді.
– Логопед жұмысы диагностикалық тексерулерден басталады. Баланың сөйлеу тілін дамытпас бұрын артикуляциялық аппарат, мимикалық бұлшық еттер қалпын, көздің қимылын, дыбыс айтуды, сөздік қорын, фонемалық қабылдауын, баланың ойлау мен қабылдау қабілетін тексеру керек. Әр балаға даму деңгейі мен диагнозына қарай жеке тәсіл қолданылады. Жақсы нәтиже үшін күнделікті процесі маңызды. Әр балаға 20 минут уақыт бөліп, кейбір ата-ананың сұрауымен одан көбірек жұмыс жасаймыз.
Диагнозбен келетіндерден бөлек жасы 4-ке келіп, әлі де ана деп айтпайтын балалар бар. Оған негізгі себеп – ата-ананың өз тыныштығы үшін баласын ұялы телефонға үңілтіп қоюы, шектен тыс еркелетуі. Ондай балалар бір-екі айда сөйлеп кетеді, – дейді логопед Айдана Ешмаханова.
Балабақшаның тағы бір жаңалығы – Ресейден алынған «ақылды айна» құрылғысы. Яғни, түрлі ойындар, әдістемелер үлкен айналы экранға шығып, бала соны қайталау арқылы заттарды қабылдап, сөйлеп үйренеді. Сонымен бірге логопедтің өзі де жаңа үлгіде ойындар құрастырып, балаға ұсына алады. «Жасыл дәліз» арқылы ортада баланы тыныштандыратын классикалық музыка қосылып, арнайы жарықтар жанады.
2019 жылы Президенттік тексеру жұмыстары кезінде мекеме жұмысымен танысқан басшылар балабақша мамандарының инклюзивті білім беру әдістемесін озық деп танып, жалпы әдістемелік қатарына енгізуді жоспарлаған. Алайда пандемия салдарынан бұл жұмыстар кейінге қалдырылды.
Аудан бойынша мектептерде «инклюзивті қолдау кабинеті» ашылғанымен, бұл бағытта білім беру ерте жастан бастауды қажет етеді. Сондықтан білімнің бөлек бағытына қолдау керек-ақ.

Дина БӨКЕБАЙ
02 қазан 2021 ж. 662 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930