Еңбек майданының майталманы
Рзаш (Рзамұхаммед азан шақырып қойған аты) Өтегенов өткен ғасырдың сонау 1910 жылы Қазалы ауданының Майдакөл ауылының Ұзынтам деген жерде ескіше сауаты бар диқанның отбасында дүниеге келген. Әкесі Өтеген сол кезеңнің өлшемімен мал-жаны бар ортанқол отбасы атанған, елге сыйлы адам болған. Жастайынан діни сауатты, сопы молдадан сауат ашып, ислам діні жолынан айнымаған, сәлдесін басынан тастамайтын тахуа адам болған. Күнкөрістің камы үшін мал өсірумен қатар диқаншылықпен айналысқан. Ауылдың отырықшы адамдарымен бірлесіп, бақшамен қатар азықтық дақылдар егіп, отбасының қыстық ішіп-жемін қамтамасыз еткен.
Өтеген азынаулақ малымен қатар егін салып, шаруасын дөңгелетіп, елге ислам дінін уағыздап, шолақ белсенділермен тіл табысып, сыйлы болған. Сөйте жүріп, төртқара руының ишаны Рамберлінің (өзі Жолшара руынан болса да Төртқараның Матайы аталығының арасында қоныстанғандықтан Төртқара руының ишаны атанып кеткен) көрегендік ақыл-ықпалымен, балалары арасындағы зерек, алғыры Рзашты он үш жасында Үргеніштегі Хорезм Қарақұм Әзіретіне діни сауат алуға оқуға аттандырады.
Кеңес үкіметі орнығып, елдегі ахуал аумалы-төкпелі, шолақ белсенділердің сөзі үстем болып тұрған 1928 жылдары елге ағайын-туыс ортасына оралуына алдынан кедергілер шығады. Рзаштың діни сауаттанып, молдалыққа оқып жатқанын, іштен шыққан шолақ белсенділер ГПУ қызметкерлеріне елге оралатынын жеткізеді. Елге оралар жолын НКВД өкілдері мен белсенділер аңдып, Рзашты тұтқындауға бұйрық беріледі. Баласы жөніндегі жайсыз хабарды астыртын естіген әкесі Өтеген сопы елге қызмет етеді деп баласына арнап салдырған кішігірім мешітті үйге айналдырады. Сол үйге тұңғыш ұлы Тұрғанбайды орналастырып, бөлек шаңырақ етіп қояды. Жиған-терген барлық алтын, күміс, шашбау, білезік бағалы заттарын жинап, үлкен баласы Тұрғанбайды Рзашты жолдан күтіп алуға жібереді. ГПУ қызметкерлерінің оны күтетінін білген әкесі ағасының Қызылқұмның іші, арырақтан «Ажардан» өтіп күтуі керектігін айтады. ГПУ-дің айласы іске аспайды. Ағайындылар аман-есен қауышып, алып келе жатқан кітаптарын қорым басына жасырады да, Рзашты кері қарай Үргенішке қайтарады. Онда барған соң қолындағы алтын-күміс, бағалы заттарына саудагер ретінде шай-шекер, бөз-қанауыз алып елге әкелуді тапсырады.
Кейін ел іргесі тынышталғасын зерек Рзаш тракторшылықты тез меңгеріп, уақыт өте келе «Фарзон» мен «Нати» тракторларын жүргізуді меңгереді. Жас жігіт одан соң «ЧТЗ» тракторлары, тракторларға жегілмелі комбайн, молотилканың да тілін меңгеріп, аудан көлемінде маман ретінде аты шыға бастайды.
Рзаш Өтегеновтың өмір жолы сол кездегі көзқараспен ата-анасы армандағандай дін жолы емес, мехенизаторлық мамандыққа жол тартқан еді. 1932 жылы жас коммунистік партия мүшесін Алматының Талғарындағы училищенің механика бөліміне оқуға жіберіп, оны ойдағыдай жақсы тәмамдап, диплом алып шығады. Елге келісімен жас маман Қазалы МТС-на механик болып жұмысқа кірісіп кетеді. Рзаштай мамандар өте тапшы кез. Техникалардың тілін біліп жүргізу екінің бірінің қолынан келмейді. 1935-1936 жылдары «Бірлік» МТС-ін ашуға маман ретінде атсалысып, жас маманның еңбегін басшылық бағалап, Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктер көрмесіне қатысуға жолдама береді. Бүкілодақтан жиналған өзі қатарлас маман жастармен жолығып, тәжірибе алмасып, мамандығын шыңдай түседі.
Бірлік МТС-інің жұмысын бір жүйеге келтірген соң, 1940 жылы жас маманды облыстық ауылшаруашылығы басқармасының тапсырмасымен Шиелі ауданындағы Сұлутөбе училищесінде механизаторлар дайындап, ауданның ауылшаруашылығы саласын көтеруге көмек көрсетуге жібереді. Бұл жерде де өзінің іскер маман екенін көрсете білген Рзаш училище жұмысын жолға қойып беріп, Қазалыға өз жұмысына оралады.
Соғыс басталып, елдегі ахуал ауырлай түседі. Азаматтардың барлығы Отанды жаудан қорғауға аттанып жатқанда Рзашты ауылшаруашылығы маманы ретінде «бронмен» елде еңбек етуге қалдырады. Еңбекке жарамды ерлердің барлығы соғысқа аттанып, елде балалар, әйелдер, қарттармен ауыр жұмыстарды атқаруға тура келеді. Ауыртпалықтың барлығын бастан өткерген адамдар «Барлығы майдан үшін, жеңіс үшін» деп жанқиярлықпен еңбек етеді. «Бір масақ дән жауға оқ болып атылсын», – деген ұранмен ауылдағы жандардың үміті ақталып, жеңіс туы да желбіреді.
Соғыстан соңғы елдегі ауыр жағдайда халық шаруашылығын қалпына келтіруге атсалысқан Рзашты 1949 жылы Қармақшы ауданындағы «Ақжар» МТС-інің жұмысын жолға қоюға көмекке жібереді. Ауылы аралас, қойы қоралас, кезінде Қазалы уезінің қарамағында болған қармақшылық ағайындармен қоян-қолтық еңбек етіп, Қазалыға қайта оралады. Бірліктегі «солжаға» МТС-інің бас инженері болып қызмет атқарды. МТС басшылары Бегімбай Қосаев, Ақжігіт Аймағанбетовпен бірлесіп, еңбек ету пешенесіне жазылыпты. Олар басшылық жасаса, Рзаш таң атқаннан күн батқанға дейін егіс даласындағы тракторлардың қасында болып, тоқтаусыз жүруін қамтамасыз еткен.
1954 жылы ақпан айында СОКП Орталық Комитетінің Ақпан Пленумында еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеру туралы қаулысы шығады. Осыған байланысты дархан қазақ даласынан 25 миллион гектар жер игеріліп, мыңдаған шаруашылықтар ашылып, оған ауылшаруашылығы мамандарын дайындау жөнінде Одақ бойынша бастама көтерілді. Механизаторлар дайындайтын училищелердің бірі болып, Қазалы қаласынан ауылшаруашылығын механикаландыру оқу орны сол жылдың сәуір айында ашылады да, маман ретінде Рзаш Өтегенов өндірістік оқыту шеберлігіне жіберіледі. Ауылшаруашылығы мамандарын дайындайтын училищеге аудан, облыс, республика аумағымен қатар Одақ көліміндегі Украина, Белоруссия, Молдовия басқа да елдерден жастар білім алуға ағылып, келіп жатты. Ауылшаруашылығы мамандарын дайындауға үлкен еңбек сіңірген Рзаш сол жерден 1970 жылы зейнеткерлікке шығады.
Рзаш Өтегеновтың елімізде ауылшаруашылығы саласын көтерудегі, соғыс жылдарындағы тылдағы жанқиярлық еңбегі жоғары бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» ордені, бірнеше медальдармен марапатталған. Тыл ардагері, соғысқа қатысушылармен теңестірілген. Өкінішке орай, 1974 жылы Қазалы қаласындағы тұрғын үйі өртке оранып, барлық марапаттарымен құжаттары жанып кеткен. Адамгершілікпен қарапайымдылықтың қалпынан айнымаған Рзаш Өтегенов «мен мынандай болып едім», – деп бірде-бір жанды мазаламастан өмірден өтті.
Жасы ұлғайып, зейнеткерлікке шыққан соң, ата жолын қуып, мұсылмандыққа бет бұрады. Сонау 1928 жылы Қызылдың қиясындағы қорымның басына көміп кеткен кітаптарын іздеп тауып, қазып әкеледі. Одан да басқа Орталық Азияның белгілі діни орындарына барып, сауатын толықтыру үшін, халық игілігіне жаратуға арнап діни кітаптар әкеліп, науқастанған жандарды шөптен жасалған дәрі-дәрмекпен емдеп, сауапты істер атқарады. Арабша сауаттылығы сонша «Араб алфавиті 7 түрлі болып келеді. 8-ші түрі «жадал» немесе құпия жазу», – деп түсіндіреді екен.
Еліне ерен еңбек еткен Рзаш Өтегеновпен жары Өтемұратқызы Қаратөреден тараған ұрпақтары Аманжол, Амантай, Ерталап, Аманбай, Феруза, Құралай есімді ұл-қыздарының барлығы жоғары білім алып, еліміздің түкпір-түкпірінде ел игілігін арттыруға еңбек етіп жүр.
Рзаш Өтегенов көзден кеткенмен көңілден кетпейтін, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін өлшеусіз еңбек сіңірген абзал жандардың бірі және бірегейі. Мұндай жандарды аудан тарихында мәңгі қалдыру үшін қандай құрмет көрсетсек те лайықты.
Қасқырбек МӘМБЕТЖАН,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Қазақстан Республикасы мәдениет
саласының үздігі.