Халық қадірлеген Қарабура әулие
Қазақ даласында Қарахан мемлекетінің орнығуына күш салып, ислам дінінің таралуына көп ықпал еткен тама Қарабура туралы аңыз-әңгімелер ел ішінде жиі айтылады. Оның бүгінге дейін қаз-қалпында жеткен оқиғаларын сөз етіп, барлығы анығына жетуге ұмтылады. Сол секілді бізде Қарабура әулие туралы қанық болуға тарих тереңіне бойладық.
Сайын далада ислам дінін уағыздап, қалың елге асыл діннің қадір-қасиетін ұқтыруда Қожа Ахмет Ясауи ілімін жаюда ол кісінің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ескіден жеткен есті сөз Қарабураның ел басқаруда өзіне де, өзгеге де төрт түрлі ұстамды талап қойғанын айтады. Біріншісі – әділет, әділеттілік; екіншісі – адалдық, тазалық; үшіншісі – білімділік, батырлық; төртіншісі – адамгершілік, имандылық. Осы қасиеттердің ұшқыны бар мыңдаған сауатты жастарды ел арасына жіберіп, мұсылман дінінің маңыздылығын түсіндірген. Діни сауаты бар азаматтарға «молда, қажы, ғалым» деп құрмет көрсеткен. Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ баб, Үкаша ата әулиелер қатарында халық Қарабураны да пір тұтады. Бүгінде Созақ ауылындағы әулие кесенесі мұсылман қауымының киелі қорымына айналған. Кесене жанында Қарабура әулиенің түйесі шөгіп жатыр.
Қарабураның арғы атасы – Ер Көгіс болса, кіндік әкесі – Тама делінеді шежіреде. Ер Көгіс те, Тама да Қырымның қырық батырының бірі екен. Қарабура есімінің ең беделге айналған тұсы – Қарахан мемлекетінің билік құрған кезі. Тіпті, ол жүрген жер, шыққан тау оның атымен аталып отырыпты. Бұл оның ең сыйлы, әрі маңайына ерекше салмағы бар адам болғанын аңғартса керек.
Бір аңыз-әңгімеде Қарабураның шын есімі – Бұрханазар делінеді. Жауға қарсы шапқанда Қарабурасына мінетін көрінеді. Сондықтан Қарабура атанса керек. Осыдан-ақ бабаның тұлғасы зор, тұрқы биік жан болғанын байқау қиын емес. Өзбек халқы оны Бұхра хан деп те атайды. Қарабура Қарахан мемлекетінің ханы болған деген дерек те кездеседі. Әулиенің үлкен қызы Анбар бибі Зәңгі баба әулиенің зайыбы болған. Анбар бибі алғашында Құл Сүлейменге тұрмысқа шыққан. Ол 40 жасында дүниеден өтерде балаларына Зәңгі бабаға қосуды аманат етіп кеткен деседі. Қазіргі Майдантал маңындағы қорымнан оқшаулау тұрған қабірді жергілікті халық «Анбар ана бейіті» деп атайды. Санжар сұлтанның жары Бегім ана Қарабураның кіші қызы. Бұл туралы білмейтін жан кемде-кем. Бұған дейін ол туралы талай мәрте ел ішінде айтылып жүрді. Сіз бен біз білетіндей Бегім ана Жанкент қаласында жерленген. Басына тек әйелдер ғана зиярат етеді.
Құл Қожа Ахмет Иасауи «Мен өлгеңде Алла тағала жерлеуге, Қарабура мінген жанды жіберер» деген екен ақтық сөзінде. Мұндағы Қарабура деп отырғаны біз сөз етіп отырған әулие. Ол Алланың әмірімен, Иасауидің айтқанындай ғұламаны арулап жуып-шайып, жаназасын оқып, ақтық сапарына шығарып салады. Бұл аңыз емес, ақиқат. Бізге аңыз болып жеткен әңгімеге сүйенсек, Қожа Ахмет Иасауи мен Қарабура әулие ақыреттік дос, ислам діні жөнінде мүдделес болған екен.
Әулие кесенесі Қаратаудың теріскей жағындағы ежелгі Созақ шаһарының орнында. Ұзын бойлы, қара қасты, өткір жанарлы, қауға сақалды кісі. Түркі халқына ортақ баба туралы бірнеше ғылыми-зерттеу еңбек жазылды. Ол кесене-мавзолейді Шымкенттегі «Сарыарқа» акционерлік қоғамының президенті Құрал Ержанов салдырған.
Баба бұған дейін үсті жабылған атбесік белгімен тұрған. Деректерге сүйенсек, оны 30-жылдары әулиелерге жаппай қысым жасалғанда, кесенені құлатуға ешкімнің жүрегі дауаламаған. Алайда Ыбырайым деген белсенді: «Сендер құлата алмасаңдар, мен құлатамын» деп дуалын балталағанда балтасы кері ұшып өзінің басын жарып, бет-аузы қисайған көрінеді.
Қарабура әулиенің басында үлкен терек бары рас. Даулы болғандар оның шыбығын ұстасып, анттасады екен. Егер адал болсаңыз сүт, қиянатшыл болсаңыз қан таматын көрінеді. Сондықтан да көпшілік ол терекке тиіспеген.
Дайындаған А.БАҚЫТҰЛЫ