Қоңыр Ананың қоныс аударуы
Әлде ақиқат, әлде аңыз, шежіре қуаласаң, қызық бір оқиғаларға тап келесің. Кіші жүздің ішіндегі Әлім, Әлімнің ішіндегі Шектіден тарайтын Кішкене деген ру бар. Сол руға байланысты ел ішінде мынадай бір әңгіме бар.
«Кішкене деген кісі аты. Мінезі ұрда-жықтау болса керек, ағаларымен ренжіскен бе, әйтеуір, әлдебір жағдаймен өз елінен кетіп, алты айшылық алыс жер Арқа жақтағы бір байдың жылқысын бағады. Кішкене жылқы соңынан ере беретін жай жылқышы емес, табиғаттың тамырын ұстап, ай мен жылдың ауа райын тап басып айтатын сұңғыла қазақ екен.
Бір жолы ол басқа жылқышыларға: «Биыл қыс қатты болғалы тұр, жұт болып мал қырылуы мүмкін» дейді. Оның сөзін басқалары елемейді. Шынымен сол жылы жұт болып, мал қырылады. Ал ол кезде Кішкене үйір-үйір жылқысын айдап, басқа жаққа кетіп қалған екен. Бар малынан айрылған бай: «Кішкене қалған жылқыларымды аман-есен алып келсе, қызымды берер едім» дейді. Көктем шығып, күн жылынғанда Кішкене үйірлі жылқыны шұрқыратып аман-емен айдап келеді. Бай уәдесінде тұрып Кішкенеге Қоңыр деген қызын береді.
Сөйтіп, қайын жұртынан отау шыққан Кішкененің тұңғышы да дүниеге келеді. Оны қыздың әжесі, байдың шешесі бауырына салып алады. Ол үйсін Сары кемпірдің баласы болып, кейін «Сары үйсін» атанып кетеді» дейді әлде ақиқат, әлде аңыз әңгіменің бір шалғайы...
Жыл артынан жыл өтіп, екінші баласы дүниеге келеді. Ол өз қолдарында болады. Аты – Жиеней. Біреулер азан шақырып қойған аты сол десе, біреулер нағашылары «жиен», «әй жиен», «жиен, ей» деп атап жүріп Жиеней атанып кеткен дейді.
Күндер өтіп айға, айлар өтіп жылға ұласады. Бір күні келіншегі Қоңыр аяқ астынан Кішкенеге: «Біз сенің еліңе көшейік» – дейді. «Мен олармен араздасып кеткем, қайырылмаймын деп кеткем», – дейді күйеуі. Сонда Қоңыр: «Әй, Кішкене! Мен келін болып сәлем салып, ас қайырарда табақ алып үлкендерден бата алайын да! Төркінімде жүріп кімге сәлем салам? Сәлем салмасам, табақ алмасам, ата-енеме қызмет қылмасам, кім маған «Бақытты бол, қарағым!» деп бата береді?», – дейді. Жеңге, келіндері рулы елдің батасын алып жатқанына қызыға қараған ол осылайша күйеуіне қолқа салады.
Сонымен не керек, Кішкене үй ішімен Сырға қарай көшеді. Қоңырдың әкесі «қызымның жасауы» деп алдына үйірлі жылқы, қоралы қой салып береді. Жылжи көшкенде жыл жарымсыз таусылып болмайтын алыс жолда Қоңыр үшінші баласын босанып, оның атын Жолшара қояды.
Арада көп жылдар өтіп, үйлі-баранды болып оралған соң ба, еліне жақындағанда Кішкене Қоңырды бүкіл малымен бір жерге дамылдата тұрып, өзі ауылына кетеді. Мінекей, қоралы қойын лықсытып, үйірлі жылқысын бұлықсытып Қоңыр қос тіккен сол жер кейін «Бай Қоңырдың жері», «Байқоңыр» атанып кетеді.
Кішкене еліне келгеннен кейін Құрманай, Құттық, Асан, Үсен деген ұлдары дүниеге келеді. Қазір олардың ұрпақтары Қызылорданың Қазалы өңірін мекендейді екен. Осы адам аттары қазір ру атына айналған. Яғни «Алты кішкене» деп атайды. Кішкенеден тарайтын Жиеней, Жолшара, Құрманай, Құттық, Асан, Үсен деген алты ата. Ру атына ұйқастырып мінездеме бергіш қазақ Жолшарадан тарайтындарға «Жолшара, жолда туған бейшара» деп әзілдеп жататын көрінеді. Әрине, бұл ұзақ хикая. Ел ішіндегі әңгіме болған соң біреу жетпей, біреу артық айтуы да заңды. Біз де соның біріміз. Айтпағымыз – батаға ынтық болған әжелеріміздің бір мысалы ретінде Қоңыр ананың қоныс аударуы себебі еді.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ