Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарих қойнауындағы – Жанкент

Тарих қойнауындағы – Жанкент

Биылғы жылдың «Балалар жылы» екені енді сезіліп жатқан секілді. Неге десеңіз, соңғы уақытта аудан көлемінде осы бағытта түрлі іс-шаралар өтіп, бөбектер жылының мерейін шығаруда. Соның бірі өткен сенбі күні Жанкент шаһарында көрініс тапты. «Тарих қазынасы қойнауына саяхат» атты тақырыппен оқушылар мен мұғалімдер бірлесіп, байырғы Оғыз мемлекетінің астанасына саяхаттап қайтты. Ұйымдастырушы Қазалы аудандық білім бөлімі және Тарихи өлкетану музейі. Ендеше көзіқарақты оқырманды бір күндік қызықты сапарға қанық етейік.
Ең бірінші, қаламен екі аралықтағы төрт жолақты жолдың қолайсыздық тудырғанына қарамастан Қазалы қаласындағы «Керуен сарайға» жеттік. Нақтыласақ, ХІХ ғасырда бой көтерген Ғанибай үйімен таныстық.
Қысқаша тоқталсақ, 1853 жылы iргетасы қаланған №1 форт, 1867 жылы Түркiстан генерал-губернаторлығына қарасты Сырдария облысының Қазалы қаласы болып атауы өзгерiп, уезд орталығы болады. Сосын Еуропаға өткен осындай саудаға ыңғайлы жерде орналасқан Қазалы қаласына татарлар, сарттар, өзбектер және орал казактары келе бастайды. Осы уақытта Казаннан келген көпес Ғанибай Хусаинов керуен сарайын салдырады. Ол Қазалы ауылдарынан жүн-жұрқа, темір-терсек жинап, оның орнына айна, тарақ, мисуак беріп отырған. Яғни бартер қызметін атқарып, аталған сарайды тұрғызған екен. Одан бөлек көнекөз қариялардың айтуынша, Ғанибай шетелмен де сауда жасасқан көрінеді.

Міне, осылайша аздаған кідірістен соң, бастапқы бағытты негізге ала отырып, әрі қарай жолға шықтық. Жолай жуырда ғана іргетасы қаланып бастаған «Қарлаң» көпірінің құрылысына көзім түсті. Тірлік қыж-қыж қайнап жатыр. Жүйелі жұмысты көріп, кеудемді қуаныш оты кернеп, алыстағы ағайынның тілегі орындалғанына шаттанып қалдым.
Осы сәтте қалқымалы көпірден өтіп, Өркендеу ауылдық округінің орталығына қалай жеткенімізді байқамай қалдым. Құрметті оқырман, қасиетті Қазалы жерінің тумасы бола тұра осы күнге дейін Жанкент топырағына табаным тимеген десем сенесіз бе? Әрине, сенбеуіңіз мүмкін, бірақ бұл шындық. Жолай «Жасым жиырманың төртіне жеткенше, киелі орынға бір аялдап кетпеу, не деген ұят» деп өзімді іштей жеумен болдым. Қалай десекте, талай термеден тыңдап, ел аузында қалған аңыздарға толы жылан жауған Санжар ханның елін өз көзіммен көрдім. Қорқыт атаның табаны тиген топырақта шаһар ішін аралап шықтым.
45 гектар жерді құрайтын қалаға жеткен тұста сондағы №104 мектептің 10 сынып оқушылары күтіп алды. Өздерін таныстырып, киелі жер туралы біршама ақпараттармен бөлісті. Одан бөлек қақпа алдында саяхаттап келген оқушыларға түрлі сауалдар қойып, Жанкент туралы деректерге қанық қылды. Осылайша Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттықтың қайнаған ортасы қалашық ішін асықпай, анықтап тамашалап шықтық.

“Оғыз қағанатына астана болған ежелгі Жанкент шаһарының тарихы сан қиылы. Ол жайындағы там-тұмдаған деректер де әркелкі. Заманында аспанмен таласқан қорғандар бүгінде сан ғасырдың желі мен дауылынан мүжіліп, төмпешікке айналған. Ал Қорқыттай кемеңгердің кіндік қаны тамған делінетін қаланың жер бетінен жойылуы жайлы түрлі аңыз-әпсаналар бар. Бір аңызда Санжар ханның Бегім анаға жасаған зұлымдығынан әкесі Қарабура әулиенің қарғысына ұшырап, 1153 жылы қарауындағы халқымен бірге опат болыпты делінеді. Ал екінші бір тарихи жазбаларға сенсек, 1219 жылы күзде Жанкент қаласына моңғолдар шабуыл жасайды. Халықты қырып, қаланы өртеп жібереді. Отқа оранған қаланың үстімен қаһарлы Жошы хан шауып өтіпті.
Жаугершілікке толы шап­қын­шылықтардан кейін Жент, Жанкент, Күйіккескен, Күйік қаланы мекендеген тұрғындардың, Бұқара, Самархан, Хорезмге қоныс аударуларына тура келген. Жанкент Азия мен Еуропаны байланыстырған Ұлы Жібек жолының бойындағы қала екені де көпке аян. Мың өліп, мың тірілген шаһар XIV ғасырда бұрынғы қалпына келген. Жаңа Жанкент араб-мұсылман мәдениетінің орталығы саналған. Шежірелі шаһар XV ғасырда ғана жер бетінен жойылған.
Қазіргі күнге дейін қалашықтан 200-ге жуық экспонат табылып, облыс музейлері қорына өтті. Сондай-ақ қалашықтың аумағы толық қоршалып, «JANKENT» стелласы бой көтерді. Қолдау тапса келешекте археологиялық парк қалыптастыруға және туристік орынға айналары сөзсіз”, – деген деректерге қанық болдық.
Оқушылар саяхат барысында ән шырқап, «Адай» күйіне құлап түріп, түрлі ойындарды топ топқа бөлініп орындап шықты. Тарих мұғалімдері ұйымдастырған Қорқыт ата көрінісін тамашалап, естелік суреттерге түсті. Ғажайып саяхаттан ләззат алып, туған жердегі киелі орындарды аралаудың тағы да қайталануын айтып, ауданға оралды.

А.БАҚЫТҰЛЫ

19 сәуір 2022 ж. 427 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 60

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 52

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930