Тарих тағылымын танытқан нысан
«Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл» деген Шерхан Мұртаза. Сол айтылғандай ғасырлар бойы ел тәуелсіздігі жолында күрескен бабаларды ұлықтап, оларға арнап мәңгілік ескерткіш орнату, қолдағы бар тарихи-мәдени мұраларды қастерлеуді ұрпаққа ұғындыру басты парыз. Жас ұрпақ бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып тәуелсіздіктің өмірден алар орны, туған өлкенің өткені мен бүгінін бағамдауда атқарылып жатқан істер көп. Қазалы ауданында қаншама ру басылары мен шешен-билер, қол бастаған батырлар және халқына қамқор болғандарды еске түсіретін тарихи ескерткіштер баршылық. Соның бірі – көненің көзіндей боп сақталған Ғанибай үйі.
1847 жылы Орынбор әскери губернаторы В.А.Обручев қазақ халқы мен Орта Азияда орыс ықпалын тарату үшін Сырдарияның төменгі саласындағы Райым шатқалынан №1 бекінісін салдырды.
1853 жылы В.А.Перовский №1 фортты Қазалы шатқалында орналастыруға бұйрық берді. Яғни Қазалы қаласының іргетасы осы жылдан қаланды. Қаланың бас жоспары жасалды. 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы құрылып, Қазалы қаласының №1 форт атауы өзгеріп, Сырдария облысының уездік Қазалы қаласы болып, осы генерал-губернаторлықтың құрамына кірді. Уезге Арал, Қазалы, Қармақшы аумағы бағындырылды. Қазалы қаласы уезд орталығы болғаннан кейін, мұнда сырттан көшіп келушілер көбейді. Себебі Қазалы өңірі Сыр өзеніне жақын орналасқан көлі мен балығы көп. Бір жағы Қызылқұм, екінші беті Қарақұм, солтүстігінде Арал теңізі, берекесі тасыған жер еді. Осыны жақсы түсінген, байлыққа қызыққан орыс, еврей, Бұхар, Хиуа саудагерлері Қазалыға жаппай ағылды. Алғашқы орыс саудагерлері Деев және Путаловтар болатын. Содан соң Қазан татары ағайынды Ахмет және Ғани Ғалиұлы Хусайыновтар келді. Қазаннан келген татар көпесі Ғанибай Хусайынов Керуен сарайын салдырған. Мұнда келушілерге арналған тұрғынжай және сауда жасайтын бөлмелері, қоймалары орналасқан.
1887 жылы үйінің жанынан мешіт тұрғызады. Ол әлі күнге “Ғанибай мешіті” деп аталады. Көнекөз қариялардың айтуынша, Ғанибай шетелдермен де сауда жасаған.
«Ғанибай мешіті» Қазалы қаласындағы сәулетті архитектуралық ғимарат санатында. Оның құрылысын көпес өз қаржысына бастаған. Құрылыс тоқтап қалып, кейін халықтың күшімен 1894 жылы ашылады.
1930 жылға дейін мешіт қызметін атқарды. Бұрын түрлі мақсаттарға пайдаланылған. 1937 жылы Ақтөбе облысының Мартөк ауданынан көшіріп әкелінген ауыл шаруашылығы техникумы Ғанибайдың үйіне орналастырылады. Техникум 1971 жылға дейін жұмыс істеді. Сол жылы оқу орны Сырдария ауданына көшіріледі. Кейін Қазалы қалалық кітапханасы осында орналасып, бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп келді.
Аталған нысандар 1982 жылдан республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілген.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА