Көненің көзі – керуен сарай
Қазалы қаласына бара қалсаңыз Қорқыт ата көшесінің бойында орналасқан ескі ғимарат ерекше көзге түседі. Жергілікті тұрғындар Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектеппен қатарлас орналасқан бұл керуен сарайын кезінде қалаға Қазаннан келіп, сауда-саттықпен айналысқан Ғани деген бай салдырған дейді. Ғани Қазалыға Қазаннан қашан әрі қалай келді? Көненің көзі – керуен сарайына кімдер тұрақтады? Оны біреу білсе, біреу білмес. Бойына көп сыр бүккен жәдігер туралы аз-кем айтасақ...
Қасиетті Қазалы қойнауы жергілікті тұрғындар мен бірнеше ұлт өкіліне құтты қоныс болған. Талайды төсінде тербеткен қаланың тарихы тым тереңде. Ол бөлек әңгіме. Бүгін бір ғана Ғанибайдың керуен сарайынан сыр тарқатпақпыз. Біз өмір сүріп жатқан қоғамнан көп ілгері, нақтырақ айтқанда, 1853 жылы В.А.Перовский №1 фортты Қазалы аумағында салуға бұйрық берген екен. Яғни, Қазалы қаласының іргетасы осы жылдан қаланды десек болады. Қаланың бас жоспары да сол кезеңдерде жасалған. Арада он төрт жыл уақыт өткенде Түркістан генерал-губернаторлығы құрылып, Қазалы қаласының №1 форт атауы өзгеріп, Сырдария облысының уездік Қазалы қаласы болған. Уезге Арал, Қазалы, Қармақшы аймағы бағындырылады. Қазалы қаласы уезд орталығы болғаннан кейін, мұнда сырттан келушілер көбейеді. Қазалы – Сырдарияның бойында орналасқан көлі мен балығы көп, бір жағы Қызылқұм, бір беті Қарақұм, батысында Арал теңізімен шектесетін ырзығы мол өңір. Осыны жақсы түсініп, байлыққа қызыққан орыс, еврей, Бұхара, Хиуа саудагерлері лек-легімен ағылып келеді. Олардың қатарында алғашқы орыс саудагерлері Деев және Путаловтар да бар. Содан соң Қазан татары ағайынды Ахмет және Ғани Хусайыновтар да Қазалының шұрайлы топырағына табан тірейді. Олар мал, егін өсіріп, арақ-шарап, сыра және басқа тағамдар сатып, сауданы барынша өрістетеді. Ғани Хусайынов сол тұстары күйдірілген кірпіштен үлкен үй салады. «П» әрпі тәріздес үйдің солтүстікке қараған алдыңғы бетінде арба, мал кіруге ыңғайлы кең дарбазасы бар. Оның үстіңгі қабатына көлеңкелеп отырып қонақтар демалатын жай салынған. Кірпіштің қалануы, астыңғы және үстіңгі жағындағы өрнектер сәулет өнерінің бірегей үлгісі іспеттес. Ғасыр жасаған Ғани байдан жеткен жәдігер әлі де көрген көзді сүйсіндіретіні рас.
Сәулетті әрі көне керуен сарайы қалалықтардың мақтанышына айналған. «Бала күнімде әкем осы көне ғимараттың жанынан өтіп бара жатқанда: «Бұл Қазаннан келіп, осында саудасы жүріп, шаруасы нығайып, ел арасында Ғанибай атанып кеткен Ғани Хусайыновтың соқтырған үйі. Сол заманда Бұхарадан, Хиуа мен Қоқаннан Ресейге өтетін саудагерлер жолай осы үйге тоқтап, түйесін шөгеріп, аттарын суытып отырған. Ғани бай оларға қолайлы жағдай жасаған. Сондықтан бұл үй «Ғанибайдың керуен сарайы» деп аталып кеткен», – дейді қала тұрғыны Р.Орынбасарұлы.
Ғанибай үйі республикалық санаттағы архитектуралық ескерткішке жатады. Кезінде 1937 жылы керуен сарайына Ақтөбе облысының Мартөк ауданынан көшіріп әкелінген ауылшаруашылығы техникумы орналастырылған. Техникум 1971 жылға дейін жұмыс істеп, Сырдария ауданына көшірілген.
Ғани бай заманында өз үйінің жанынан мешіт салдыртады. Бұл мешіт Ғанибайдың мешіті деп аталады. Қазіргі уақытта ғимаратта Қазалы қалалық кітапханасы орналасқан. 1900 жылы ескі Қазалы қаласында Сыр бойындағы ең алғашқы кітапхана оқырмандарға есігін айқара ашты. Осы орайда Ресейден жер аударылып, қазақ даласында жүрген орыстың социал-демократтары көмекке келеді. Олар кітапхана қорына қолда бар әдебиеттерін беріп, қазақ жастарының ұйымдасып ойын-сауық қоюына, одан түскен қаржыға кітаптар сатып алуға мұрындық болған. Кітапхананың халық үшін таптырмас білім көзі екенін түсінген зиялылар кітапхана қорын толықтыруға үлкен үлес қосады. Сөйтіп алғашқы жылы 437 дана кітап қорымен Қазалы кітапханасы өз оқырмандарын қабылдайды. Сол жылдары кітапхананың тұрақты 113 оқырманы болған. Орта Азияға сапар шеккен атақты саяхатшы П.Семенов-Тянь-Шаньский де Қазалы қаласына аялдаған. Ол кітапхана жұмысын жақсарту туралы ақыл-кеңес беріп, жеке кітапханасынан 200-дей кітапты қолтаңбасымен сыйға тартқан екен. Бұл кітаптар әлі күнге қалалық М.Горький атындағы кітапхананың жанынан ұйымдастырылған «Алтын қор» мұражайында сақтаулы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА