Қазақстан бойынша зиянды өндірістерде 375 мың адам жұмыс істейді
Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәлімет бойынша санитарлық-гигиеналық талаптарға (нормаларға) сай келмейтін жағдайларда 2021 жылы 375 мың адам (2020 жылы – 366,9 мың адам) немесе зерттелген кәсіпорын қызмеркерлерінің жалпы санынан 22,8 % жұмыс істеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
2020 жылы мұндай жұмыс орындарына 366,9 мың адам жұмыс істеген.
Ұлттық статистика бюросы атап өткендей, жалпы экономикалық қызмет түрлері бойынша санитарлық-гигиеналық талаптарға (нормаларға) сай келмейтін жағдайларда жұмыс істейтін ерлердің саны әйелдердің санынан 3,3 есеге артты.
Тұру және тамақтану бойынша қызметтер салаларындағы (2,6 есе) қолайсыз жағдайларда жұмыс істейтін әйелдердің саны ерлер санынан артты.
Өңірлер бойынша санитарлық-гигиеналық талаптарға (нормаларға) сай келмейтін жағдайларда жұмыс істейтін зерттелген кәсіпорындардағы қызметкерлердің едәуір үлесі Павлодар – 44,3%, Қарағанды – 42,6%, Маңғыстау – 38,4%, Жамбыл – 27,4%, Шығыс Қазақстан – 27,2% облыстарында белгіленді. Қызметкерлердің ең аз үлесі – Қызылорда облысында (6,7 %).
2021 жылы кәсіпорындар (ұйымдар) зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларындағы жұмысы үшін өтемақылар мен жеңілдіктерге 167 876,4 млн теңге жұмсады.
Қосымша демалыс (жеңілдіктің түрі) 528,9 мың адамға берілген, зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайына әртүрлі материалдық қосымша төлемдерді 390,1 мың адам пайдаланған, 319,7 мың адам сүт немесе тең бағалы тағам өнімдерін тегін алды, 86,2 мың адам тегін емдік-профилактикалық тамақтанумен қамтамасыз етілді, ал 46,5 мың адам қысқартылған жұмыс күні режимінде жұмыс істеген.