Осы жылы үш айда Қазақстаннан 5,5 мың адам көшіп кеткен
Биылғы үш айда Қазақстанға тұрақты тұру мақсатында 2 мың адам келсе, көшіп кеткендердің саны 5,5 мың адамды құрады.
2021 жылғы қаңтар-наурызда 2 066 адам елімізде тұрғылықты тұру үшін тіркелді. Қазақстаннан кеткен азаматтардың саны - 5 519 адам. Көші-қонның айырымы -3 453 адамды құрады. Бұл туралы көші-қон органдарына сілтеме жасаған Қазақстанның стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросы мәлім етті. "Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі 83,1% және 82,0% құрады" , - деді ведомстводан. Сондай-ақ статистикалық мәліметтерге сәйкес, ел ішінде қоныс аударатындардың саны 9,5% азайған. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Алматы (7 955 адам), Шымкент (5 681 адам), Нұр-Сұлтан (6 260 адам) қалаларында және Маңғыстау облысында (319 адам).