Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еккен талда есеп жоқ, көктемейді демесең

Еккен талда есеп жоқ, көктемейді демесең

Қазалы ауданы экологиялық аймаққа кіретіні бесенеден белгілі. Арғы жақтағы Аралдың тұзы мен бергі беттегі Байқоңырдың будақ түтіні жергілікті тұрғындардың денсаулығын қажытып болды. Салдарынан жүрек, қан қысымымен ауыратындар саны артып, жарымжан сәбилер қатары көбейіп барады. Мемлекет экологиялық апатты аймақ тұрғындарына жәрдемақы қарастырғанымен, денсаулықты қалыпқа келтірмейді. Тек тұрғындар мен жергілікті атқарушы билік осыған сай көркейту-көгалдандыру, айналаны жасыл желекке көмкеру арқылы мәселені жеңілдете алатыны түсінікті. Бірақ әкімдік тапсырмасымен көктем мен күзде егілген шыбықтар бүгінде сол күйі әр жерде шошайып тұрғанын көз көріп жүр. Жыл сайын отырғызылып, үздіксіз суғарылатын мыңдаған көшет неге көктемейді?
Жақында ғана әлеуметтік желіде ауданда жаппай тал егу акциясы басталғаны туралы хабарланды. Алайда бірнеше күннен кейін жазба өшірілген. Соған қарағанда биліктегі белсенділер «формальді» түрде егіліп, көктейтін маусымға ­байланысты ерте хабар таратып қойғанға ұқсайды. Қалай десек те, бұрынғы аудан әкімі М.Ергешбаев ауданда жасыл белдеу қалыптастыру туралы алға мақсат қойған екі-үш жыл ішінде біршама тер төгілді. Ұлы жолдан Әйтеке би кентіне кіре беріс тұсқа, Қазалы қаласы мен аудан орталығындағы бақтарда ағаш отырғызып жүрген жандарды жиі байқайтынбыз. Өкініштісі, егілген талға тіршілік нәрі дұрыс бармайды немесе топырағы құнарсыз болады. Көктеп келе жатқандай көрінген шыбық келер жылдың жазында жалаңаш күйге енеді.
Бұған дейін де, нақтырақ айтсақ, 2016 жылы Әйтеке би кентіне кіре беріс пен Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолы бойына 8 мыңнан астам тал-көшеттер отырғызылған. Сырталы, үйеңкі, қаратал жоспар бойынша желегі жайқалып, таза ауа қалыптастыруға септесуі тиіс еді. Дегенмен олардың жарымы ғана жарық көріп, қалғаны сол бой көктемеді. Былтыр бұл маңға мүлде ештеңе егілмеген. Тек 2019 жылы ғана кентке кіре берістегі бас қақпа маңына 1200 түп сексеуіл әкелінгені мәлім.
Аудан орталығын айнала қоршап тұрған ағаштардың көктеуі әлсіз болса да, кенттің ішкі бөлігіндегі көркейту ісіндегі ілгерілеу бардай көрінеді. Кент әкімдігі берген ақпарға сүйенсек, былтыр жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы көлеміне сәйкес, Жанқожа баба кесенесі, рәміздер алаңы, Жетес би, Әйтеке би ескерткіші маңы, өндірістік аймаққа, Т.Бөріқұлақов және О.Жанәділов көшелеріне бас-аяғы 6 мың түп тал-көшеттер орналастырылған. Қаншама адам күшімен, ауызбіршілікпен егілген сыр талы, үйеңкі және қара ағаштың қарық болғаны шамалы. Әкімдік мұның шығымдылығын 30 процентке жуықтапты. Демек 6 мың түптің 2 мың талға жетпейтін бөлігі еңсе көтерген де, қалғаны көктемей қалған. Бірақ құзырлылар көшеттердің күтіміне келгенде өздеріне шаң жуытпайтыны бағзыдан белгілі дүние.
Сәл ертеректе теледидар төріне шыққан әзілкештер Сыр бойында орналасқан ауылдарда тал жоқтығы туралы шымшыма әзіл айтпаса іші ауыратын. Олардың қатарында Тұрсынбек Қабатовтың: «Қызылордалықтарға шаш кептіргіш керек емес, тал жоқ, жел бар», – деген сөзі талай жерлестің жүйкесіне тигені анық. Қазір мұндай шымшыма айтылмаса, мұны мәдениеттіліктің артқанымен ғана байланыстыруға болады. Әйтпесе ауданда баяғы жартас – сол жартас, баяғы ағаш – кәрі ағаш болып ғана өзгерген.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
10 наурыз 2022 ж. 559 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031