Көшет отырғызу – көптің ісі
Туған өлкемізді жасыл желекке бөлеп, тазалықты сақтау – баршамызға ортақ міндет. «Туған жерге туыңды тік» деген халық даналығын ескерсек, өскен ортамызды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына атсалысу әрбір тұрғынның азаматтық ұстанымы болуы тиіс.
Бұл ретте Қазалы қаласында орналасқан тұқымбақта (Қарақұм орманшылығы, Ояз бағы) түрлі ағаш көшеттерін өсіру қолға алынған. Сонымен қатар, тұқымбақ жанында 2011 жылдан бері іске қосылған «Республикалық орман селекциялық орталығы» РМҚК Оңтүстік аймақ филиалында түрлі ағаштар зерттеліп, екпе көшеттері шығарылуда.
Ғылыми зертханада қара сексеуіл, айлант, сумах ағашы, шығыс биотасы (туя восточная), кәдімгі өрік, қармала (гледичия), катальпа, айқын жапырақты үйеңкі (клен), жіңішке жапырақты жиде, терек, кәдімгі шаған ағаштары жергілікті табиғатқа бейімделіп, өсірілуде.
Ызғарлы қыс айы өтіп, көктем келді. Ауламызды тазалап, ағаш көшеттерін отырғызатын кезең туды. Осыған байланысты біздің филиал арқылы айқын жапырақты үйеңкі, катальпа, терек, қармала, кәдімгі шаған, жіңішке жапырақты жиде, кәдімгі өрік сатылымға шығады. Бізбен хабарласу арқылы осындай екпе көшеттерін алуларыңызға мүмкіндіктеріңіз бар. Туған топырағымызды таза ұстап, абаттандырып, жасыл желекке бөлеу – баршамыздың басты борышымыз. Сондықтан көгалдандыру-көркейту ісіне біркісідей бірлікпен қатысайық, ағайын!
Мөлдір ВАЛИЕВА,
«Республикалық орман селекциялық орталығы»
РМҚК Оңтүстік аймақ филиалының орман инженері.