Береке мен бірлік бекіген шаңырақ
Тағдыр тәлкегімен туған жерінен жырақтаған талай ұлттың табаны Қазалы топырағына тиді. Тұрақтап қалғандары да қаншама? Қазір сан ұлтқа сая болған қазыналы Қазалыда бірнеше ұлт өкілі ұйыса тірлік кешуде. Олар қазақтармен етене араласып, туыстық қарым-қатынас құрыпта жүр. Солардың бірі – Гильмутдиновтер отбасы.
Татар ұлтының өкілі Генадий Гильмутдинов осында дүниеге келді. Ата-бабасы ертеректе қилы заманның қысылтаяң шағында елмен бірге Қазалыға қоныс тепкен. Есейді, ержетті, шаңырақ көтерді. Қазақ қызы Айзада Алматовамен отбасын құрып, екі ұл, екі қыздың ата-анасы атанды. Балаларын қатарынан кем қылмай өсіріп, жоғары білім алуларына жағдай жасады. Қос қызы Шұғыла мен Бақыткүл қияға қонып, қос әулеттің түтінін түтетіп отырған ибалы келін атанды. Ұлдары да өз алдына отау көтеріп, ұрпақтар сабақтастығын жалғауда. Ұлдың үлкені Аслан жары Розамен бес бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Шаттыққа толы шаңырақта Нұрым, Дінмұхаммед, Асылжан, Назым, Асылым атты білдүршіндер өсіп келеді.
Аслан Генадийұлы Атырау облысы, Құлсары қаласында автослесарь болып жұмыс істейді. Роза кенттегі «Жансая» жеке балабақшасында психолог.
– Қазақ жерінде туып, өскен соң маған жаттық сезілмейді. Достарым, көрші-көлем, әріптестерім бәрі қазақтар. Мені сен өзгесің деп өзектен тепкен кездері болмаған. Өте бауырмашыл, жомарт жандар. Сондықтан болар кез келген ортада ешқашан өзімді бөтенсінген емеспін. Қазақ қызымен шаңырақ көтердім. Шүкір, тату-тәті өмір сүріп жатырмыз. Отбасында ең маңыздысы – сыйластық пен өзара түсіністік. Ұлтта тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын, – дейді Аслан Гильмутдинов.
Отағасының сөзін құптаған Роза да құрметтей білсең, құрметті боласың деген пікірде.
– Келін болып түскенімде екі енем болды. Әжеміз татар қызы. Өз отбасымда да қыз бала атқаруға тиіс міндеттерді анамнан меңгеріп өстім. Мұнда келген соң да екі анамнан көп нәрсе үйрендім. Екеуі де мейірімді, үнемі ақылын айтып отыратын. Атамды көрмедім. Келін болып түспей тұрып, өмірден озған. Алайда жолдасым әкесі жайлы жиі айтады. Ал әжеміздің көзін көріп, тәрбиесін алдым. Ол кісіге «Әже, маған татар тілін үйретіңізші» дейтінмін. «Қызым-ау, оны қайтесің? Қазақстанда тұрамыз, балаларыңа ана тілін үйрет, қазақтың салт-дәстүрін саналарына құйып отыр», – деуші еді. Отбасымызбен қазақы әдет-ғұрыпты ұстанамыз. Ұлты бөлек болғанымен, жолдасымның ұстанымы да қазақылыққа сай. Бүгінде еншімізді алып, бөлек отау болдық. Қара шаңырақта анамызбен қайын інім Асылбек отбасымен тұрады. Балаларым әжелерін, бауырларын сағынып қалады. Бір ауданда тұрғандықтан жиі барады, – дейді Роза Жетібайқызы.
Отбасындағы балалардың үшеуі №266 мектеп-лицейде білім алады. Олар туралы ұстаздары: «Үздік, зерек оқушылар»,– деп мақтанышпен жауап берді.
– Нұрым Асланұлы жан-жақты, қабілетті шәкірттерімнің бірі. Ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өткізілген түрлі іс-шараларға атсалысып қатысқаны үшін «Алғыс» хат, Абай құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Абайды оқы,ерінбе» атты қара сөз оқуда үшінші,республикалық 6-сынып оқушылары арасында информатика пәнінен ұйымдастырылған онлайн олимпиадада екінші, «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында өткізілген «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты интелектуалды сайысқа қатысып бірінші орын иеленді. Республикалық «Цифрлық әлем» атты шығармашылық байқауда екінші, «Информатика»олимпиадасына қатысып үшінші орын алды. Нұрым әлі талай белесті бағындаратынына сенемін, – дейді сынып жетекшісі Жазира Бисенбай.
Көпке үлгі етуге тұрарлық отбасы балаларының білімді болып өсуін басты назарда ұстайды. Бұл мақсаттары ата-анасының әрбір сөзі мен іс қимылынан аңғарылады. Береке мен бірлікті ту еткен Гильмутдиновтер мереке қарсаңында қазақ халқына деген ризашылығын осылайша жеткізді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА