Тұранның төрі – татулықтың тұғыры
Ұлт пен ұлыстың сан түрін құшағына сыйдырған Қазалы өңірі – қонақжайлылықтың құтты мекені. Тағдыр соқпағымен сары даладан сая тапқан халықтар бүгінде керімсал Сырдың бойында мамыражай тірлік кешуде. Өзге этнос өкілдерінің алыстан азып келгенде құшағын айқара ашқан Алаш баласына алғыстан басқа айтары жоқ. Оны біздер Қазалы қалалық мәдениет үйінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай өткізілген шарада аңғардық.
Аудан өнерпаздарының өнерімен басталған салтанатты кеште аудан әкімі Мұрат Ергешбаев:
– Елбасы Жарлығымен күнтізбеге енген атаулы күннің бәріміз үшін маңызы зор. Өйткені, кешірім – адамгершіліктің арқауы болса, алғыс айту – берекелі бірліктің бастауы.
Сондықтан, бұл мереке – тағдыр жазуымен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына ризашылығын білдіретін, бір-бірімізге ортақ сый-құрмет көрсететін ерекше күн, – деді.
Сонымен қатар аудан басшысы қазақ елінің әлемдегі алпауыт отыз елдің қатарына ену үшін өзге ұлт өкілдерінің де өлшеусіз үлес қосып келе жатқандығын айтып өтті. Олардың әралуан тарихы Қазалы топырағында түрлі бағытта тоғысқанына тоқталды.
– ХІХ ғасырдың ортасында Қазалы уезіндегі 65 мың халықтың арасында 4000 өзбек, 2000 еврей, 2000 сарттан бөлек, казактар мен орыстар, украиндар мен беларустар, татар мен тәжіктер өмір сүріпті.
Сол кезде қазалылықтар да оларды бауырына басып, кеңпейілдігін танытты. Оларды бөле-жармай, туыстық қарым-қатынас орнатты.
Қазір ауданда 14 түрлі ұлттың 400-ге жуық ұрпағы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Барлығы дерлік қазақтың тілі мен салт-дәстүрін жетік меңгерген, – деді М.Нәлхожаұлы.
Мұнан соң айтулы мереке ауданның түрлі саласында айрықша еңбек етіп жүрген этнос өкілдерін марапаттау рәсімімен жалғасты.
Айта кетерлігі, өзбек ұлтының өкілдері Муаззам Рахметова, Маулюда Аманова, татар қызы Райса Абдуллина, Рашид Кутлубулатов, неміс ұлтының өкілі Светлана Розинова мен орыс ұлтының өкілдері Виктор Романов пен Алеся Советова Алғыс хатпен марапатталды.
Е.АЙДАРБЕК