Қасиетің неде, қарашаңырақ?
Қарашаңырақ – мұрагерлік жолмен ұрпақтан-ұрпаққа көшкен бір әулеттің алғашқы түтін түтеткен үйі. Баба дәстүрі бойынша бір әкеден туған ағайындылар үйленіп, бас құраған соң, өз алдына отау тігіп, бөлек үй болады. Тек бірі ғана сол шаңырақта, әке-шешесінің қолында қалады. Бір әулеттің тараған түп тамыры аталған үйде отырған баласы атадан жалғасқан бақ-берекенің ұйытқысы ретінде сол әулеттің қадірлі азаматы саналады. Тіпті, жиын-той, дастарқан басында сол қарашаңырақ иесі жасы кіші болса да, төрден орын алатын.
Қарашаңырақ!
Сенен асқан кие жоқ,
Атам кетіп, әкем қалған ие боп.
Әкем кетсе, орнын басар кенже бар,
Қаскүнемге қақ шекеден тиеді оқ.
Қазақстан!
Сенен асқан кие жоқ,
Бабам өткен, атам өткен ие боп.
Тасың түгіл, тасбақаң да аманат,
Қаскүнемге қақ шекеден тиеді оқ,– деп жырлаған ақын Серік Сейітманның өлеңінен қарашаңыраққа деген құрмет сезіледі.
Қазақта ұрпақ тәрбиесі қарашаңырақта ананың ақ сүті мен әлдиі, әкенің ақылы мен әмірі арқылы қалыптасады. Яғни, әке-шеше баланы кәмелет жасына толғанша бағып-қағуға жауапты болса, бала есейгенде әке-шешесін қарауға, ұлдың біреуі әкесінің орнын басып, шаңырақтың түтінін түтетуге міндетті. Әулеттің ұябасары деп аталар жауапкершілік көбіне кенже ұлдың мойнына жүктелгенімен, кейде таңдау үйдің үлкені немесе ортаншысына да түсіп жатады. Тарихқа көз салсақ, бала көтермеген әйел ұрпағы өсіп-өнген қарашаңыраққа барып дәм татып, сол әулеттегі көпбалалы әйелдің киімін ырымдап киетін болған. «Осы шаңырақтың, үлкендердің жолын берсін» деп тілек тілеген. Ұзақ жолға аттанбақ болған адам қарашаңырақтан дәм татып, үлкендерден бата алса, жаңа түскен келін, ең әуелі, шаңыраққа сәлем етіп, құрметін білдіреді. Осындай дәстүр жалғастығының себебінен қарттар жасы жетіп, хәлі нашарлағанда, қайыр тілеп, ешкімге жалынбай, балаларының қолында-ақ бақытты ғұмыр кешкен. Ең бастысы алдыңғы толқынға мұрагер, кейінгіге бұйдагер болған ұрпақтың қарашаңырақты қастерлеуінің арқасында қазақ даласында қарттар үйі болмаған.
Жеті атасынан бергі қарашаңырақты жақсы білген қазақ ұрпағына «пәленше атаның қарашаңырағы түгеншенің қолында, ауылға келгенде әуелі сол үйге түсіп, сәлем беру керек» деп ескерткен. Барлық келін үлкен үйдің босағасын аттағанда, оң тізесін бүгіп, сәлем ететін.
Тарихқа сүйенсек, атақты адамдардың қарашаңырағын бірнеше жүз жыл өтсе де, ел-жұрт есінен шығармай, оны тәрбие мектебі ретінде пайдаланған, үлгі тұтқан. Мәселен, Абылай ханның шаңырағы Уәліге, одан Шыңғысқа қалған. Атақты шақшақ Жәнібектің қарашаңырағын кенже ұлы Тоқтамыс иемденіп, кейіннен батырдың оныншы ұрпағына дейін сақталып келген. Ал оныншы ұрпақ – Ғазиз Мыңбайұлы 1991 жылы қайтыс болған.
Қазақтың дала заңын, ұлттық дәстүрін зерттеп жүрген заңгер Талғат Омар ақсақал: « Ағашты кессең де, тамыры сау болса, қайта көктейді. Қазір сол тамыр қиылып барады. Қарашаңырақ – бір отбасының құты, әулеттің өсіп-өнген тамыры. Осы тамырдан айырылған соң, әке-шешесін құрметтемейтін, ұлтын, Отанын ойламайтындар көбейеді. Қазір азаматтық қоғам құрамыз деп ентігіп жүрміз. Меніңше, қазақ сол азаматтық қоғамды баяғыда құрып, оны қарашаңырақ ұғымы арқылы бүгінге жеткізді.
Мәселен, мен он ағайындымын. Үйдің екінші баласы едім. Қарашаңырақты мен бастым. Шешем ерте қайтыс болды, ал әкемді 33 жыл бағып, өз босағамнан шығардым. Қазір өзім де ұл мен келіннің қолында, немеремнің қызығына тоймай отырмын. Ата-әженің тәрбиесін көрген немере салиқалы болып ержетпей ме?! Оның үстіне, қарашаңырақ құт ретінде түркі қағанатынан бері жалғасып келеді. Бұл жердегі құт байлық емес, ұрпаққа күш беретін тылсым энергия. Былайша айтқанда, қара шаңырақта бабалар рухын бізге жеткізетін тылсым күш бар. Жігітке қуат беретін екі күштің бірі – кіндік қаны тамған туған жерінен, енді бірі – қарашаңырақтан беріледі. Бұған әсте немқұрайды қарауға болмайды», – дейді.
Қарашаңырақтың қасиеті туралы сөз еттік. Өкініштісі, киелі дәстүр бүгінгі таңда жалғасын таппай, уақыт озған сайын көмескіленіп, ұмытылып барады. Салтын ұстанған саналы ұрпақ пен рухани сау ұлтқа айналатынын ескерсек екен.
Дина БӨКЕБАЙ