Татулықты ту еткен қазақ елі
Қазақстан халқының бірлігі күні бейбіт өмір мен ынтымақтаса тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Бұл – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – мемлекеттің ең маңызды байлығы!
Еліміздің басқа өңірлері секілді Қазалы жеріне де кезінде белгілі себептермен сан ұлттың өкілі қоныс аударылған. Олар бүгіндері бір-бірімен тату өмір сүруде.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өзге ұлт өкілдері мерекелік лебіздерін жолдайды.
Рашид АБДУЛЛИН, әзербайжан ұлтының өкілі:
Қазалыны айрықша қасиет тұтамын
– Ұлы Отан соғысының ардагері Шариф Абдуллинның ұлымын. Әкем үнемі қазақ халқының мейірімділігі мен бауырмалдығын жиі айтып отырушы еді. Бұл қасиетті мен де әр қазақтың бойынан байқаймын.
Қаладағы М.Горький атындағы №16 мектепті бітірген соң Ресейдің Мурманск қаласында әскери-теңіз флотында атом сүңгуір кемесінде Отан алдындағы азаматтық борышымды өтедім. Әскер қатарынан келгеннен кейін ЭЧ-25 теміржол мекемесінде электромонтер мамандығы бойынша еңбек жолын бастадым. Теміржол мекемесінде 40 жылға жуық жұмыс істеп, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырмын. Отбасымда жарым Раямен екі қызды дүниеге әкеліп, құтты орындарына қондырдық. Зайыбымның ұлты – татар. Қыздарым Эльвира мен Линара дәрігер. Екеуі де қазақ отбасының келіндері.
Жас күнімнен гитара аспабында еркін ойнап, достар арасында әнші жігіт атанған едім. Армия қатарында жүргенде де, жұмыс істеген уақытым да мәдени шараларға қатыстым. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» спектаклінде орыс шалдың, «Қызыл сұңқар» спектаклінде неміс офицерінің рөлін сомдап, Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестивалінің лауреаты атандым.
Ең алғаш ата-бабам қазақ жеріне табан тірегенде менің әкем – Шариф өзінің айтуынша 7 жасар бала болған екен. Жер аударылып келген ата-әжем аштықтан қайтыс болғанда, әкемді бір иманды кісі қамқорлығына алып, қаладағы жетімдер үйіне өткізген. Осында ер жетіп, үйлі-баранды болады. Одан кейін біз дүниеге келіппіз. Міне, менің туған жерім – Қазалы топырағы. Осы елде тұрып жатқан әрбір азамат үшін Отанды қадірлеу ең үлкен парыз деп түсінемін.
Лилия СИМ, кәріс ұлтының өкілі:
Отанымды бақыттың мекеніне балаймын
– Мен Арал теңізінің жағалауында дүниеге келдім. Әжем – София, әкем – Николай және анам – Татьяна 1938 жылы Владивостоктан жер аударылған. Әкем балық қабылдаушы, анам балабақшада аспазшы болған. Мектеп жасына жеткенімде Арал қаласындағы орыс мектебі жабылып, отбасымызбен Қазалы қаласына қоныс аудардық. Ағам екеуміз М.Горький атындағы №16 мектептен білім алдық.
Бұнда келгеннен кейін әкем тұрмыс қажетін өтеу комбинатында жұмысшы, ұста, цех меңгерушісі болып істеді. Ағам мен інім мектеп бітірісімен Ресейге оқуға кетті. Ал мен Алматыға аттандым. Әжемнің қалауымен бір жылдан кейін Қазалыға оралып, «Қарлығаш» балабақшасына тәрбиеші болып жұмысқа орналастым. Сегіз жылдан кейін тәрбиешілікті тігіншілікке айырбастап, кірпіш зауытына келдім. Кейін зауыттан шығарылатын заттарды тексеруші болдым.
Жолдасым Владимир Хван екеуміздің Игорь және Александр атты ұлымыз бар. Екеуі де мектепті жақсы оқыды. Қазақ тілін еркін меңгерген. Грант негізінде оқуға түсті. Қазір өз мамандықтары бойынша жұмыс істейді.
Біз қазақ отбасыларымен көрші тұрамыз әрі татумыз. Қазақы салт-дәстүрді құрметтеймін, қалай орындалатындығын да жақсы білемін. Қазақтардың кеңпейілділігі мен қонақжайлылығы ерекше сүйсінтеді. Көрші-қолаңмен қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтасу азаматтық парызым деп білемін. Тіпті қайын сіңлімді қазақ отбасына келін етіп, құда болып отырған жайымыз бар. Мен тағдыр тарту еткен Отаным – Қазақстанды бақыттың мекеніне балаймын.
Нафиса ЖҰМА, өзбек ұлтының өкілі,
«Бірлік-Единства» этномәдени қоғамдық келісім бірлестігінің төрайымы:
Қазақ қашан да бауырмал халық
– «Халықтар достығы» жай айтылған сөз емес. Әр кезеңдерде қазақ елі өзінен пана іздеп келгендердің бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеген. Сөйтіп қаймағы бұзылмаған көпұлтты мемлекет болды. Бүгінде түрлі ұлттар мен ұлыстардың барлығы бір шаңырақ астында бір үйдің баласындай ғұмыр кешіп келеді.
Қазақ қашан да бауырмал халық. Әрқашан татумыз, доспыз және бір-бірімізбен қойын-қолтық араласа өмір сүрудеміз. Барлығымыз туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысып, әрқайсысымыз әр жерде, өз саламызда татулыққа, келісімге, бірлікке өз үлесімізді қосудамыз.
Қазақ халқының қанына сіңген осы берік бірлігі, ұйымшылдығы, басқа халықтармен одақтасуы, достасуы жеңістен жеңіске жеткізуде. Оған халық және тарих куә!
Құрметті Қазақ елі! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Туған Отанымыз – Қазақстан гүлденіп, тұрақтылық пен бейбітшілік мекені бола берсін! Береке-бірлігіміз артып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Виктор РОМАНОВ, орыс ұлтының өкілі:
Сан ұлтқа сая болған
– Мен Қазалы қаласында тұрамын. Аталарым ертеректе осында қоныс тепкен. «Ақерке» балабақшасында жұмыс істеймін. Қазақ қызымен отбасын құрдым, екі баланың әкесімін. Ұлтым орыс болса да Қазақстанда тұратынымды мақтан етемін. Мамыр айының басында Қазақстан халқының бірлігі күні – бұл достық, сыйластық пен ынтымақ мерекесі. Сан ұлтқа сая болған Қазақстанның кең шаңырағы астында қазақ, өзбек, орыс, украин, неміс, кәріс, ұйғыр, қырғыз, армян, грузин және тағы басқа да көптеген ұлт өкілдері тұрады. Осы ұлттардың бәрі де бірегей таптырмас қасиеттерге ие, сонымен бірге Қазақстан аумағында біз – тату өмір сүретін бір халықпыз. Бірінші мамыр мерекесінің мәні де осында деп білемін.
Маған қазақстандықтардың ұлтшылдыққа, нәсілдікке бөлінбейтіні, бауырмалдығы қатты ұнайды.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА