Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек адамының еңсесі биік

Еңбек адамының еңсесі биік

Оңалбай Қалдыбай 1949 жылы Қазалы ауданының Ғ.Мұратбаев ауылдық округіне жақын маңдағы бұрынғы Дихан ауылында дүниеге келіпті. Әкесі Дүзелбай Қалдыбаев пен анасы Өтежан Қалдыбаева отбасымен Дихан колхозы құрылғаннан өмір бойы елді мекеннің өсіп-өркендеуіне аянбай тер төккен шаруа адамдар болған.
Оңалбай Дүзелбайұлы Ғ.Мұратбаев ауылының 8 жылдық мектебін бітіргеннен кейін аудан орталығындағы №421 мектептен орта білім алып шығады. Қазалы автобазасында слесарь-жөндеуші болып еңбек жолын бастаған. Мекеме атынан көлік жүргізушілерін даярлайтын мектептен жүргізуші куәлігін алып шыққан соң, осында жүргізуші болып орналасты. 1969 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Семей облысының Аягөз ауданында өтеді. Бейбіт өмірде алған мамандығы қажетіне жарап, мұнда автокөліктің жүргізушісі болды. Оңалбайдың екі жылдық әскери қызметі оңай өткен жоқ. Атом жарылысы өтетін алаңдағы штольня, есепсіз көп мөлшердегі оқ-дәрі толтырылатын арнайы қазылған жерасты үңгірлеріне жарылғыш заттар тасыды. Үнемі жарылғыш заттардың арасында жүріп, денсаулығын қатерге тігіп, атом қаруын сынақтан өткізетін алып құрылыстың ортасында болып, айналасындағы ауамен тыныстаумен өткізген екі жыл жастық жалынмен өте шыққандай болса да, келешек өміріне, моральдық та, денсаулық жағдайында да үлкен із қалдырғаны бүгінгі күні анық байқалады. «Сынақ алаңындағы жарылыс алдында ауқымды дайындық жұмыстары, адам айтқысыз қарбалас басталады», – дейді Оңалбай аға. Семей сынақалаңында өткізген әскери қызметі туралы еске алғанда, басшылықтағы үлкен шенділерден бастап қатардағы солдатқа дейін өзіне жүктелген міндетіне мұқият кіріседі. Әскери жүргізушілердің міндеттері жарылыс орталығына жарылғыш заттар, қажетті құрал-жабдықтарды тасу. Дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін жарылыс орталығына екі жүз километрден жақын жерде қалуға тиісті емес барлық керек-жарақты көшіру басталады. Солдаттардан бастап сол аумақта орналасқан жергілікті тұрғындарға дейін түгел көшіріледі, тек бірен-саран тұрғын үйлер, уақытша салынған әскери нысандар ғана қалады. Қанша жерден жарылыс түпсіз тереңдікте, шыңырауда делінгенімен, әскери нысандарды қалпына келтіру үшін бұйрық беріліп, қазіргі телеарналарда көрсетіліп жататын жер сілкінісі болып өткен жерге келгендей болады.
Оңалбай Дүзелбайұлы борышын өтеген соң, 1971 жылдан – 1998 жылы мекеме тарағанға дейін Қазалы автобазасында жұмысын қайта жалғастырды. Сол кезден бастап зейнет демалысына шыққанша адал да, абыройлы еңбек етті. Қазақстанның 40 жылдығы, Шәкен ауылы, бүкіл Қарақұм беткейінде Оңалбай көлігінің ізі қалмаған жер кемде-кем. Сол уақытта күріш егумен айналысқан Ғ. Мұратбаев, ХХ-ші партсьезд колхоздарына үздік жүргізуші ретінде астық тасуға бекітіліп, аудандық астық тарату базасына көлігіне үш тіркеме жалғап, әр рейсіне 40 тоннадан тасығаны күні бүгінге дейін көз көргендер мен замандастарының есінен кете қоймаған шығар. Төккен тер, адал еңбек текке кетпейтіні, әрқашан алға сүйрейтіні анық. Осындай еңбекқор азамат мақтау-марапаттан ешқашан кенде болған емес. Қаржылай, заттай, алғыс, грамота түріндегі марапаттарын айтпағанда, СССР Министрлер Кеңесінің Жарлы­ғымен тағайындалатын тоғызын­шы, оныншы, он бірінші, он екінші бес­жылдықтардың, сол жылдардың социалистік жарыстарының жеңімпазы төсбелгілері, «Аудандық кеңес депутаты», «Қазақ ССР Халық депутаты» төсбелгілері нағыз еңбек адамының келбетіне көрік беріп тұрады. Оңалбай Қалдыбаевқа жасына байланысты зейнет демалысына шыққаннан кейін Қазалы аудандық мәслихатының 9 сессиясының №60 шешімімен «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Бұдан өзге Қазақстан Республи­касының заңдарына сәйкес, Семей атом сынақ полигонында зардап шеккендіктен, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілген тиісті жеңілдіктермен пайдалануға құқық беретін ҚР Президентінің №322-6 Жарлығымен бекітілген «Невада-Семей», «Семей сынақ полигонының ардагері», «Семей сынақ полигонына – 25 жыл» төсбелгілері де абзал азаматтың абырой-беделін одан ары айғақтай түседі.
Бүгінгі күні Оңалбай Дүзелбайұлы зайыбы Рысбикемен бірге халық шаруашылығының түрлі салаларында алған мамандықтарына орай қызмет етіп жүрген алты ұл-қызынан өрбіген немерелерінің тілеуін тілеп, бақытты өмір кешіп отырған жайы бар. «Бейнеттен қара жер ойылады» дейді қазақ. Бұл жеке бастың мүддесіне байланысты айтылған тәмсіл шығар. Ал ел таңының тыныш атуы үшін ең қымбаты денсаулығын тәрк етіп, Отан алдындағы борышын мүлтіксіз орындау, ырзық-несібесі жолында жылдың төрт мезгілінде ыстығына күйіп, суығына тоңып, таңды таңға жалғастырған бейнеті мен жауапты ісі, ардагер азаматтың еленген еңбегі десе болар еді.

Әлімжан ҚИЯС,
Әйтеке би кенті
26 ақпан 2022 ж. 681 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031