Бейбіт күннің батыры
Алғаш рет сот отырысына қатысып, хатшы қызметін атқарған жылы ол – он жеті жаста еді. Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектепті тәмамдаған соң, балық саласында еңбек еткен әкесіне ұқсап, осы саладағы маман болам деген арманның жетегінде Алматы қаласындағы техникалық институттың «Рыбной» факультетіне құжат тапсырды. Алайда, Қайыркелдінің маңдайына заң саласында қажырлы еңбек етуді жазса керек, аталған оқу орнына түсе алмады. Ауылға келгеннен кейін түрлі жұмыстар істеп жүрген бозбала аудандық сотқа хатшылыққа қабылданды. Он жылдық білімімен сот отырысының хатшысы болып жүргеніне бес ай толғанда әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Әскерден келген соң, қазіргі Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде жүргізушілік курста оқыды. 1975 жылы аудандық сотқа хатшы болып қайта қабылданды. Қызмет ете жүріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің заң факультетінен жоғары білім алды. Міне, содан бері өмірінің қырық алты жылын заң саласына арнап келеді.
1986 жылы аудандық сот орындаушысы болды. Бұдан соң әр жылдары Жаңақорған, аудандық сотында аға сот орындаушы, кеңесші, Қызылорда облыстық сотының судьясы, Сырдария, Жалағаш аудандық сотының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Қазіргі таңда Қазалы аудандық сотының төрағасы.
Әр істе заң мен бірге адамгершілік пен ынтымақтастықты қатар қоятын Қайыркелді Темірбаев алдында тұрған адамның тағдырына ерекше алаңдайтынын айтады. Жазатайым жаза басып, бөтеннің мүлкіне қол сұққан жан мен жәбірленуші арасында дәнекер болуға, бітімгерлікке келуге үндейді. Бірнеше жылдық жұмыс тәжірибесінде түрлі оқиғалармен кездесіп, талайдың тағдыры шешілетін сот отырыстарында әділдіктің туын көтеріп, ақ пен қараның аражігін ажырата білген судья отбасында да үлгілі әке, сүйікті ата.
Үлкен қызы Жаңақорғанда дәрігер, әке жолын қуып, заңгерлік білім алған ұлдары Тұрар Жалағаш аудандық сотында судья, Ғани Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, Кенже қызы Жәудірдің мамандығы есепші. Ол жеке кәсіпкерлікпен айналысып, өз жұмысын жүргізуде.
Әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізеттілік танытатын сот төрағасы әрітестеріне сыйлы басшы, басшылыққа білікті маман. Оны Қайыркелді Темірбаевтың алған алғыстарынан аңғаруға болады. Ол сот жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасы Конститутциясына 10 жыл» мерекелік медалімен, Қызылорда облыстық соты төрағасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының, Қызылорда облыстық соты төрағасының, Қызылорда облысы әкімінің және Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының «Құрмет» грамотасымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты, Қызылорда облыстық сотының төрағасының «Алғыс» хатымен марапатталды. Сондай-ақ, өткен жылы Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының «Үш Би» Құрмет белгісін кеудесіне тақты.
Талай жыл заң саласында еңбек еткен Қайыркелді Темірбаев бітімге келу – кішіпейілділіктің, кеңдіктің, кісіліктің белгісі дейді. Алдына келген кім-кімге де кеңесін беруден жалықпайтын, сот төрағасы өмір бойы «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағиданы қатаң ұстанады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.