Кедергісіз келешек – қоғам талабы
Қазіргі кезде қоғам сұранысының бірі – инклюзивті білім беру. Яғни даму жағдайында ерекшелік байқалатын балаларға қосымша кабинеттер ашу заман талабы. Осы ретте Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №17 мектеп ұжымы игілікті істі қолға алып, балалар жылына орай арнайы кабинет іске қосты. Жағымды жаңалықты ести салысымен, көзбен көруді жөн санадық.
Мектеп директоры Эльмира Сматуллаева қарсы алып, аталған орынға алып барады. Құдды бір ойын алаңы дерсіз. Тап-тұйнақтай жиналған бөлменің еденіне балалардың сүйікті кейіпкерлері бейнеленген кілемшелер төселген. Реттілігімен орын алған дидактикалық ойыншықтар, құм терапиясы, түрлі құрал-жабдықтар үйлесім тапқан. Қабырғаға салынған суреттен мәуелі ағаш пен жарқырай шыққан күннің өзі көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Оқушылардың әрқайсысы өзі қалаған іспен сүйіспеншілікпен шұғылданып отыр. Балалардың жанында жүрген мектеп дефектологі Рита Құлсейтова назарын бізге бұрып, жұмыс жоспарымен бөлісті. Айтуынша, бұнда сөйлеу тілінде бұзылысы бар, көру қабілеті нашар, оқуды меңгеру қабілеті баяу балалар келеді.
– Кабинет ашылғанда қуанышымда шек болмады. Өйткені балаға теория жүзінде айтқаннан, іс жүзінде үйреткен, оқытқан әлдеқайда артық және нәтижелі болады. Жансерік Әлім, Әдеміай Іскендір, Жансая Әділ, Кәусар Тілектесқызы, Құралай Ерпайыз, Дамир Ержанұлы, Аида Жолдас сынды оқушыларым бар. Олар сабақтарынан тыс уақытта кестеге сәйкес келеді. Әр баламен жеке 35 минуттан жұмыс жасаймын.
Құрал-жабдықтардың барлығы жаңа әрі заманауи. Мұнда жұмсақ ойын алаңы, магнитті тақта, құрғақ бассейн, дидактикалық үстел ойыншықтар, тактильді дамыту тақтасы, жұмсақ орындық, құммен кескіндеме жасайтын үстел, «топ-топ» кілемшесі бар, – дейді дефектолог маман.
Кабинеттің ашылғанына апта толмаса да, бірнеше іс-шара өткізіп үлгерген. Педагог-психолог, кітапханашы және дефектолог маман бірігіп, «Бала – мейірім тотемі» тақырыбында үшкүндік ұйымдастырған. Ерекше балалармен ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Шам түбіндегі ертегі» атты қойылым қойылған. «Жақсылық пен жамандық» атты ертегіні ұйып тыңдаған оқушылар жақсы мен жаманды ажырата білуді, еңбекқорлықты, батырлықты, жалған сөйлемеуді және әр жақсылықтың қайтарымы болатындығын көкейге түйген.
– Бұл бастамасы ғана. Алда әлі талай белесті бағындарамыз. Түрлі шараларды жұмыс жоспарыма енгіздім. Мен үшін кабинетке келген әр бала бір нәрсені үйреніп кетуі маңызды. Сол үшін үнемі ізденіс үстінде жүремін. Тың дүниені көрсем, балалармен бөлісуге асығамын, – дейді Рита Құлсейтова.
Дефектолог маманның құлшынысын ата-аналардың ризашылығы одан әрі арттыра түседі. Мәселен, Дамирдің анасы Жадыра Шөмекеева баласының ертегі мазмұнын айтып, жақсы мен жаманды тарқата білгеніне дән риза.
– Баламның қызығушылығы артып, білсем, үйренсем деген қабілеті оянып келеді. Баланың аты бала, ойнағанды жақсы көреді. Осы орайда жаңа ашылған кабинеттің берері мол деп дамыту, тепе-теңдікті ұстай білу, шыдамдылық, ыждаһаттылыққа баулуда, – дейді ол.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА