Инклюзивті білім беру жағдайы – партия назарында
"Нұр Отан" партиясы Қазалы аудандық филиалының мәжіліс залында партияның "Кедергісіз келешек" жобасы аясында мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың өмірінің сапасын арттыру, оларға қамқорлық көрсету қажеттілігі туралы қоғамдық пікірді қалыптастыру, оларды белсенді әлеуметтік және экономикалық өмірге тарту мақсатында "Инклюзивті білім беру жағдайында туылғаннан 3 жасқа дейінгі "қатер" тобындағы балаларға ерте жастан түзеу және көмек көрсету" тақырыбында семинар болып өтті.
Семинарға арнайы мамандар, психологтар, офтольмолог, кардиолог дәрігерлер, логопед мамандар және БАҚ өкілдері қатысты. Аталған семинарды "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәмбетжан Қасқырбек Өмірзақұлы ашып, жүргізіп отырды. "Партияның саяси доктринасына сәйкес әлеуметтік қызметтерге, өмірдің тиісті жоғарғы стандарттарына барлық азаматтардың қол жетімділігі тең болуы тиіс. Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Инклюзивті оқыту арқылы барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісін дамытуға болады. Мұндай оқыту түрі арнаулы білім беру жүйесінде дәстүрлі түрде қалыптасқан және даму үстіндегі формаларды ығыстырмайды, қайта жақындатады.
Инклюзивті бағыт арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз. Сонымен қоса, инклюзивті оқыту үрдісі балаларды толеранттылыққа тәрбиелеудің бастауы болмақ"-деді Қасқырбек Өмірзақұлы. Семинар барысында "Ерте жастан көмек көрсету мен түзетеудің өзекті мәселелері" тақырыбында ПМПК меңгерушісі Тлеумбетова Айгүл Үсейінқызы, "0-3 жастағы дені сау және мүмкіндігі шектеулі балалардың психофизикалық даму сатысы" тақырыбында "Жетес би" ауылдық емханасының дәрігері Имбат Айнагүл Құдайбергенқызы, "0-3 жастағы балалардың есту, көру, даму ерекшеліктері" жөнінде аудандық емхананың офтольмолог дәрігері Түктібаева Шынар Өмірзаққызы, "Балалық шақтағы аурушаңдықты ықпалдастыру жүргізу" бағдарламасы туралы , бағдарламаның аудандық координаторы, аудандық емхананың кардиолог дәрігері Айымбетова Айнаш Садыққызы баяндама жасап, арнайы видеослайдтар арқылы түсіндіру жұмыстарын көрсетіп өтті.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат.