Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шалғай ауылдарда шешілмеген шаруа көп

Шалғай ауылдарда шешілмеген шаруа көп

Жұма күні аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап Қарақұм беткейінде орналасқан елді мекендерге арнайы барып, халықпен еркін форматта әңгімелесті. Тұрғындар көкейде жүрген сан сауалды ашық баяндады. Құмның ортасында отырған ел мәселелерін көтеріп, оның шешілу жолдарын қарастыруды сұрады.
Іссапар Шәкен ауылдық округіне қарасты «Шөлқұмнан» бастау алды. Бұл жерде аудан басшысы Болатай Жалмағамбетовтің шаңырағында болып, отбасымен тілдесті.
Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы Шәкен ауылына жол тартып, клубта тұрғындармен бас қосты. Келелі кездесуде аудан әкімі өткен жылы атқарылған және алдағы уақытта қолға алынатын шаруаларды қысқаша айтып беріп, сөз кезегін жергілікті жұртшылыққа ұсынды.
Ауылдағы білім ордасы 1 жылға жуық уақыт басшысыз жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Мектеп директоры мен жақында ғана ауылдық округ әкімі аппаратында босайтын бас маман лауазымына жергілікті жердің азаматтарын жұмысқа орналастыру жөнінде ұсыныс-тілектерін айтты. Халықтың талап-тілектерін тыңдаған аудан басшысы олардың әрбіріне жеке-жеке жауап берді.
– Ауылдағы ауызсу мен жол жайының өзекті екенін білеміз. Ауызсу мәселесін көршілес Арал ауданының Тоқабай елді мекені арқылы шешілетін болады. Ол жақта Шәкен ауылы үшін арнайы бір құлақ қалдырылған. Егер онда құрылыс жұмыстары басталса, біз де құжаттандыру жұмыстарын бастап, қаржыландыру үшін тиісті орындарға ұсынатын боламыз. Жолдың жайын кезең-кезеңімен ғана шеше аламыз. Бұған дейін 2 шақырымға жуық жол жөнделді. Енді дәл осылай бірінші кезекте жөнделетін жолдың учаскелерін анықтап, ұсыныс беріңіздер. Қаржының көлеміне қарай жүзеге асырылады, – деген Мұхтар Әуесұлы барлық мәселе өз ретімен шешіле беретінін жеткізді.
Ал ауыл мектебіне байланысты шаруалар жауапты бөлімдер мен басқармалардың назарына жеткізілетінін тілге тиек етті.
Аудан әкімі Шәкен ауылына сапары кезінде ауылдық округ басшысы аппаратының ғимаратын аралап, жүргізілген жөндеу жұмыстарымен танысты. Нысанның есік-терезелері мен жылу жүйесі, электр желілері толықтай ауыстырылған.
Қазіргі таңда мұнда ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлерінен бөлек, кітапхана, пошта, ауылдық полиция инспекторы, ауылдық ардагерлер кеңесінің бөлмелері де бар. Сонымен қатар елді мекендегі №134 орта мектепке де арнайы соғып, жылу жайын жақсартуды тапсырды.
Қарақұм беткейіндегі келесі кездесу Шилі елді мекеніндегі №259 негізгі мектепте өтті. Еркін форматтағы жүздесуде өңірдегі өркенді істер мен алдағы межелі міндеттер тілге тиек етілді.
Кезек ұсыныс-пікірлерге берілгенде, ауыл тұрғыны Қуаныш Ысмағұл халықтың мұң-мұқтажын жеткізді. Ардагердің айтуынша, ең бірінші кезекте мектепке интернет және елді мекенге автобус қажет. Сондай-ақ ауыл маңында ауызсудың мол қоры бар екенін жеткізіп, соны пайдалану жолдарын қарастыру қажеттігін айтты.
Ардагер-ұстаздың ұсыныстарын тыңдаған аудан басшысы елдімекенге интернет тарту үшін ұялы байланыс операторларына ұсыныс берілетінін айтты.
Келесі мәселеге байланысты автобус алуға қаржы бөлінбейтіні сөз етілді. Егер жергілікті жерден кәсіпкер азаматтар табылып жатса, жеңілдетілген несие алу жолдарын көрсетіп, көмек қолын созуға болатынын жеткізді.
Су қоры жан-жақты зерттеуді қажет ететіндігін білдірді. Егер судың мол қоры бар екендігі расталса, елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету жолдары қарастырылмақ.
Аудан басшысы мұнан соң Құмжиек ауылдық округіне қарасты елдімекендерге ат басын бұрып, алдымен «Тапаға» тоқтады. «Тападағы» тарихи жәдігерлерді жинап, көзінің қарашығындай сақтайтын Аманжол Жұмабековтің отбасына барып, ақсақалға сәлем берді.
Ата кәсіптен ажырамай төрт түлікті түлеткен ол мал баға жүріп, топыраққа көмілген көне жәдігерлерді жинауды әдетке айналдырған. Қазіргі таңда әуесқой археологтың қорында 300-ден астам экспонат сақтаулы. Оның ішінде қыш құмыралар, дән үккіш, жебе жасауға арналған тастар, түймелер, темір қазан, тас пышақтар мен тері өңдейтін бұйымдар бар.
– Ауыл аумағында 200 гектардай үлкен құрақ болған. 1969 жылы осы маңнан ине құятын қалып тауып және бірнеше тастан жасалған бұйымдарды музейлерге өткіздім. Бүгінде менің қолымда 315 көне бұйымдар бар. Олар қола және неолит дәуірінен қалған, – деген Аманжол Жұмабеков «Тапа» төңірегін тарихи орын екенін білдіретін арнайы мрамор тақта қойылса деген ұсынысын жеткізді.
Мұны аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қолдап, тиісті сала мамандарымен бірлесе отырып жұмыс жасалатындығын айтты.
Арнайы топ бұл күні мұнан соң «Аққұдық», «Қожақазған» тұрғындармен кездесті. Қожақазғандық Қайрат Манатаев бұлақ мәселесі қиындық тудырып отырғандығын жеткізді. Шаруаның айтуынша, бұрын осы маңда 2 бұлақ болғанын, оның бірі мүлдем бітеліп қалғанын тілге тиек етті. Мүмкіндік болса, осы маңдағы «Қияқтың бұлағы» деген жерге скважина қазылса деген ойын білдірді.
Бұған Мұхтар Әуесұлы қуаңшылыққа байланысты бұлақ қазу мәселесі өзекті болып отырғанын, осыған орай қарқынды жұмыс жасалып жатқанын жеткізді.
– Бүгінде аудан бойынша 4 бұлақтың құжатын дайындап, қаржыландыруға ұсындық. Егер тиісті қаржы бөлінсе, бұлақтар қазылады. Одан бөлек тағы да 25 бұлақ қазу үшін құжаттарын дайындауға облыстық бюджеттен қаржы сұрап жатырмыз, – деді.
Сапар барысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне сәйкес аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай, жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейітов, аудандық ветеринариялық инспекцияның басшысы Болат Әміреевтер де қосымша жауап берді.

«ҚАЗАЛЫ» ақпарат
08 ақпан 2022 ж. 289 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031