Аудан әкімі Қызылқұм қойнауында жатқан "Ажарлықтармен" кездесті
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қызылқұмның қойнауында жатқан Ажар елді мекеніне арнайы барып, тұрғындармен кездесті.
Алыс ауылға сапар кезінде облыстық мәслихат депутаттары Ібайдулла Тілеп пен Мнажадин Өтеев, аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков және бірқатар бөлім басшылары аудан әкімімен бірге жүрді.
Халықпен кездесуде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауыл тұрғындары негізінен жол мәселесі мен медицина қызметкерінің қажеттілігі жөнінде ұсыныстарын айтты. Өз кезегінде Мұхтар Әуесұлы аталған мәселелерді зерделеп, оны шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Мұнан соң аудан басшысы елді мекендегі №146 негізгі мектепке барып, білім ордасының жай-күйімен танысты. Сондай-ақ, ауылдағы электр жарығын өндіруші ток генераторын көзбен көрді.
Бұдан бөлек, Мұхтар Оразбаев мал шаруашылығымен айналысып отырған ауыл тұрғындарына өңірімізде орын алып жатқан қуаңшылық мәселесі жөнінде айта келе, шаруашылыққа қажетті жем-шөп тапшылығын болдырмау үшін мал азықтық шөптерді молынан дайындау қажеттігін тілге тиек етті.
Қызылқұм беткейіне сапары кезінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Жанқожа батыр» атындағы шекара бекетіне барып, шекарашылармен кездесті.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат