Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тегін дәрі кімдерге тиесілі?

Тегін дәрі кімдерге тиесілі?

Ет пен сүйектен жаралған жанның бәрінің үнемі болмаса да басы ауырып, балтыры сыздайды. Ауырмайтын адам кемде-кем. Ал белгілі бір диагнозбен тіркеуде тұрғаны қаншама? Денсаулық туралы айтқанда дәрі-дәрмек еріксіз еске түседі. Әсіресе, жиі науқастанып қалатындардың қалтасы кей кездері емделуге қажет қаржыны көтермей жатады. Осы орайда мемлекет тарапынан берілетін тегін дәрі-дәрмек кімдерге тиесілі екендігі туралы сұрақтың туындайтыны заңдылық.

Қандай аурумен ауыратындарға беріледі?
Кез келген адам қандай да бір ауруға шалдыққан жағдайда, бірден өзі тіркелген емханаға қаралады. Тиісті анализдер тапсырып, диагнозы расталған соң, диспансерлік есепке тұрады. Содан кейін дәрігер дәрілік рецепт жазып береді. Алайда, науқасқа, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен «Тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген көлемі» шеңберінде арнайы тізімдегі дәрі-дәрмектер ғана тегін беріледі.
Мәліметтерге сүйенсек, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілік заттар бойынша барлық диспансерлік есепте тұратын науқастарға тегін беріледі. Оларға қан айналым жүйесінің, тыныс алу, ас қорыту, қан ұю ағзаларының аурулары және иммундық механизмді тартатын жекелеген бұзылулар, эндокриндік жүйе аурулары, психикалық бұзылулар, нерв жүйесі, онкологиялық, тағы басқа бірқатар дерттер жатады.
Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен бекітілген «тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген көлемі» шеңберінде диспансерлік есепте тұратын науқастарға, әсіресе, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті секілді аурулар бойынша тегін дәрілер берілуде. Сонымен бірге МӘМС арқылы да ересектер мен балалардағы жоғарғы тыныс жолының қабынуы, пневмония, анемия секілді бірқатар ауруларға тегін дәрілер қарастырылған. Ал бес жасқа дейінгі балаларға жұтқыншақтың қабынуы, бронхит, тонзилит ауруларында, 18 жасқа дейінгі балаларға пневмония, темір тапшылығы анемиясында тегін дәрі берілуі тиіс.
Бір жасқа дейінгі балалар рахит ауруын емдеуге арналған дәрілермен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, баланың анасы қан ауруларының ауыр түрлерімен, онкологиялық қатерлі ісік ауруларымен, психикалық аурулар (психоздар немесе бала туғаннен кейінгі ауыр депрессия), бүйрек ауруларының ауыр түрлері, туа бітті жүрек аурулары, анасының іріңді-септикалық ауруларымен ауруы, эндокриндік аурулардың ауыр түрлері, аллергиялық аурулардың ауыр түрлері, сүт азаюының бастапқы формасы, ВИЧ/СПИД, туберкулездің ашық түрімен ауырғанда бала өмірінің алғашқы жылдарында ана сүтін алмастырғыштар беріледі.
Соныман қатар балалар асырап алғанда, көпұрықтық жүктілік, анасы оқу орнының күндізгі бөлімінің студенті болса, анасы стационарлы бөлімде емдеуде болса немесе балада сүт жетіспеушілігі расталса, галактоземия, фенилкетонурия, кленовый сироп ауруы болса сүтпен қамтамасыз етіледі. Ал жаңа туған нәрестеге перзентханада арнайы қобдиша берілуі керек. Оның ішінде жасыл дәрі, сутегінің асқын тотығы 3%, мақта (Стерилденбеген), дәке, балалар ұнтағы, вазелин, йод, клеёнка, дәрі тамызғыш, кішкене груша, марганец ерітіндісі, емізік салынады.

Қалай және қайдан алады?
Тегін дәрі алу үшін жоғарыда айтып өткеніміздей алдымен тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша емханаға тіркелесіз. Және диспансерлік есепке тұрып, учаскелік дәрігерге уақытымен қаралуыңыз керек. Дәрігер ай сайын, немесе айына бір немесе үш рет (аурудың жағдайына қарай) тегін дәріге рецепт жазып береді. Емделуші тек бұйрықпен бекітілген дәрі-дәрмектерді ғана тегін ала алады. Дәріні медициналық ұйыммен келісімшартқа отырған мекемеден аласыз. Яғни, біздің Қазалыда аудандық емханаға барасыз. Сол жерде арнайы дәріхана кабинеті бар. Сыртында тегін дәрі-дәрмек босату кабинеті деп жазылған. Дәрілерді алу үшін дәрігер жазып берген рецептпен бірге жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуыңыз шарт. Ақпараттық жүйеде рецепттің жазылған уақыты мұқият тексеріледі. Мерзімі өтіп кеткен рецепттер бойынша дәрілерді беруге рұқсат етілмейді. Рецепттің жарамдылық мерзімі жазылған күннен бастап үш ай екенін ескергеніңіз жөн.

Тегін дәріні тұрғындар алып отыр ма?
Аудандық емхананың осы мәселеге жауапты қызметкерлері аудан бойынша 2021 жылы 220 818 199,47 теңге тегін дәрі-дәрмекке бөлінген. Оның ішінде балалар күтіміне арналған қобдишаға, балалар тағамына, ересектерге тегін берілетін дәрілерге бөлінген ақшаларда кіреді. Жалпы аудан бойынша тегін дәрі таратылатын науқастар саны 2020 жылмен салыстырғанда, 2021 жылы тегін дәрі алатын науқастар саны артқан. Оларға қан аздығы, тыныс алу жолдары, қант диабеті, ана мен бала қобдишасы, нәресте тағамы үйлестіріледі. Ал диспансерлік есептегі ересектер буын артриті, өкпе қолқаның созылмалы ауруы, бронх демікпесі, жүрек ишемиясы, артериалды гипертензия, қан аздық, диффузды зоб, асқазан жарасы, бүйрек аурулары (отадан кейінгі жағдай), онкологиялық, туберкулезге шалдыққандар бар. Дәрігерлердің айтуынша, барлығы дерлік тегін дәріні тұрақты алып отыр.
Түктібаев ауылының тұрғыны Сералы Бердіжаров 2006 жылдан бері қант диабетімен тіркеуде тұрады. Телефон арқылы тілдескенімізде: "Дәрілерімді уақытылы жүрмін. Үш айда бір рет беріледі" дейді. Әйтеке би кентінде тұратын Қожаберген Қалила да осы диагнозбен тіркеуде. Мезгілінде дәрі-дәрмекке қол жеткізіп жүргендігін айтып, ақ халаттыларға алғыс білдірді.
– 2005 жылы тіркеуге алындым. Содан бері үзбей алып келемін. Мезгілінде дәрігерге көрініп, анализ тапсырып, тексерістен өтемін. Көп адам уақыт мәселесіне мән бермей, өткізіп алып жатады. Сол себепті "тегін дәрі-дәрмек ала алмадым" деген теріс пікірлер туындайды, – дейді ол өз сөзінде. Тағы бір тұрғын Сағи Шалбасов. Олда қант диабеті және қан қысымы жоғары науқастар тізімінде. Алайда, қан қысымына қатысты дәрі-дәрмек алмағанын айтты.
– Қант диабетіне сай дәрілерімді алып тұрамын. Қан қысымым көтерілгенде дәрілерді дәріханадан сатып аламын. Оған тегін дәрі алмаппын. Берсе, нұр үстіне, нұр болар еді, – дейді.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
22 қаңтар 2022 ж. 363 0

Тәтті әлем

12 мамыр 2024 ж. 17

Келелі кездесу

11 мамыр 2024 ж. 46

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031