Тәтті әлем
Қазір біреуді тәттімен тәнті ету оңай шаруа емес. Таңдау көп. Бәсекелестік артқан. Кейде солбір «тәтті» деген сөздің сана саңлауында қолжетпес дүниедей сағындыртып тұратын тұсының өзін аңсайсың.
Екі ғасырдың арасында дүниеге келген біздің буын үшін оның өз құны бар. Кеңестік қоғамның кондитерлік өнімдері туралы сөз болғанда, ойға оралатын естеліктерге тоқталуды жөн санадық.
Шекерқалта
Қашан, қай кезде пайда болғанын білмеймін, ес біле бастаған 80-жылдардың соңында әр үйде қант салатын шекерқалта аталатын зат болатын. Барлық қабырғаны әкпен сырлап, етек жағына ғана мата ұстатып қоятын әр үйдің қалаған тұсына үлкендер жүздік шегені нықтап қағып, соған іліп қоятын қалтаның бұл түрі жылына бір келетін Аяз атаның қоржынындай қастерлі. Құрт, ірімшік, кәмпит, пішінәй, пірәндік сынды тәттілер орны әженің не ананың мүлкінен келген сандықта. Сандықтағы қара құлып үш жағдайда кілтімен қауышады. Ол жаңа зат саларда, әженің көңіл күйі жоғарылағанда, соңғысы, қонақ келгенде. Өкініштісі, мұндай мезет ұдайы бола бермейді. Қызығы сол, ағаш қораптың ішінде ауа не күн көрмей айлап, жылдап жатып қалған кәпит не пішінәдан уланып, асқазаны зақымданған адам болмайды. Сірә, жарамдылық мерзімі ұзақ, қоспалары сапалы болса керек-ті.
Ал шекерқалта сандыққа салынбайды. Әлгінде айтқандай, үй үлкендерінің қолы жететін, көзге көрінетін жерде ілулі тұрады. Ішіндегілері де әралуан. Біздің Бірлік ауылында ұнтақ қантты тұтынатындарды сол тұста кездесірмеппін. Әр үйде бала-шаға, үйірлі отбасы, ағайындар, көршілер кішкентайлары асыр салып жүреді. Саны жағынан көп адамға ол тиімсіздігін білетін аналар мен жеңгелер ыстық отқа қойып, карамелді түске ене бастағанда, су немесе сүт құйып, бабына келтіріп, қоймалжың күйге енгенін күтеді. Бұл әдіс «шекер қатыру» аталады. Ыстық шекер темір ыдыстарға құйылады. Әбден суыған кезде ғана сындырылып, майдаланады. Ал, сол қазан түбіндегі қантты жуу үшін құйылатын судан пайда болатын сироптың дәмін ештеңе алмастыра алмайды. Оны сындыратын құрал шекерқайшы деп аталады. Тісі шығып, өзгелерді тістейтін балаларды өз араларында «шекерқайшы» атайтын. Бұдан өзге тасшекер, түйіршекер атайтын шақпақ шекер түрлері де болады.
Тоқсаныншы жылдардың басында қантқа тапшылық туындағанда, шекерқалталар да тұғырынан түсіп, көп адам үшін сағынышқа айналғанынын жасыруға болмайды.
Ұяңдық һәм ұрлық
Күні бүгінгідей мейрам, мереке, туған күн сайын торт жейтін, бірінің үйіне бірі апаратын үрдіс қалыптаспаған тұста торт тәттінің төресіне баланды. Айтулы қонақ келгенде, әсіресе үйлену тойларында ауылдың алтынқолды келіншектері қуаныш иелерінің үйінен табылатын жазылмаған заңдылық біздің ауылда берік орнаған. Жасөспімдер үй жағалай, жұмыртқа жинаса, қыз-келіншектер сары майға қоспалар қосып, түрлі түске келтіреді. Гүлдерді қызарту үшін қызылша, ерін далабын пайдаланса, жапырақ түсін шығаруға, аздап зеленканы да қосатынын көргенім бар. Жарық сөніп қалған кездің өзінде керагаз аталатын маймен жанатын құрылғыға бабына келтіріп пісіретін жайсаңдардың жұмысын ерлік деуге болады. Той дастарқанының ажарына баланатын қытырлақ қуорыс, шак-шак, пішінай, вафлилердің дәмін бүгінгі мың курстан өткен сертификаты бар кондитерлер келтіре алмасы анық.
Одаққа таныс үш саңырауқұлақ тортын арнаулы мамандар ғана пісіре алады деген ой ұялаған біз үшін ол арман ғана болатын.
Торт туралы сөз болғанда мына бір оқиға ойыма оралады.
Бізден үш-төрт үй бұрын тұратын Күлтән апаның ұлы Бостандық аға бір күні қаладан Айнаш есімді айдай сұлу аруды қалыңдық қылып алып келді. Бұл үйде бойдақ жігіттер көп болатын. Бостан ағаның қуанышына көл-көсір дастарқан дайындалды. Көп ағайынды шаңырақта қыздар да жеткілікті еді. Қыздар мен құрбылары жиналып, әп-сәтте торттың бірнешеуін дайындап тастады. Ал сақтау жайлы ойланып үлгермеген үйдегілерге ұсынысты біздің анамыз айтса керек. Бас-аяғы 6-7 торт біздің үйдің биік тоңазытқышына орналасты. Көздің құрты болған дәмдіні жеуге құмартқан көңіл қойсын ба, айналасын шұқылап, майын қолыма жағып, білдірмеген болып, татып үлгердім. Бұл ісімді өзім жасағаныммен қоймай, құрбым Гүлжанатқа мақтанышпен айттым. Естіген қызда дегбір қалсын ба, лезде үйге қайта оралдық. Досым менің жасағанымды қайталай бастап, ақырында тесіктердің үлкейіп бара жатқаны байқалды. Осы тұста, қайдан келгенін білмеймін, көрші Айдай апа есіктен еніп, біздің әрекетімізді көріп, айғайға басты. Үйден шығып, амалымызды ұмыта бастады-ау деген оймен 10-15 минуттан соң тойға барғанымызда апа қайта ортаға салып, қатты ұялтқаны бар. Екі «қылмыс үстінде қолға түскен» ұяң ұры сол тойға қатыса алмадық.
Біздің бұзақылығымызды балалыққа санаған Күлтан апаның қыздары кейін арнайы торт дайындап, әкеліп бергені әлі есімде.
Қыз. Қойытылған сүт
– Сенің мамаңды папаңмен табыстырған мен. Анығы сгущенка, – деді бірде Қарасай жездем Мадиярға. Ауылдас бала бұл жайдан хабардар болса керек, жылы жымиды да қойды.
– Сгущенкасы несі? – дедім қазбалай түсіп.
– Мәкеңнің папасы мен мамасы да жас еді. Мен мектеп оқушысымын. Қазіргідей телефон жоқ. Ағам менен хат беріп жібереді. Қыз үйіне апарып берген ақыма сгущенка сұраймын. Ол арзан тұрмайтын. Сонда да Әбекең көңілді қимай, бір жағынан, ұнатқанымен кездесу үшін бір қалбыр қойытылған сүтті алып беретін. Қайтар жолда сүтті дүкен маңында тұрған шегеге екі жағынан тесіп алып қойныма тығып, ішіп қайтатынмын, – деп сөзін аяқтады.
Әлі күнге дейін өзінің мәзірін құпия сақтайтын кондитерлер қаншама жаңа қоспалар шықса да, қойытылған сүтті қосатынын білеміз. Тәттіге дәм беріп, кремді қалпына келтіретін оны ұнатпайтындар кем де кем шығар, сірә.
Тағы бір естелік. Бірлікте бір қызды алып қашып келгенде, жеңгелері қалыңдықтан «Сөзің бар ма еді?» – дегенде қыз: «Иә, бір рет шоколад алып беріп еді», – депті назарын төмен салып.
Табиғи өнім
Мектепте жейтін иректі корж, лакомка, қоразкәмпит, асқабақтың, қауынның тұқымы, шұжық, компот, пирожки, құрт, сөк, талқан, май, ірімшік, безелерің қай-қайсысы да бүгінгі құрамы белгісіз сөредегі тәттілерден артық. Құрттаған тіс, ішек құрты аурулары, артық салмақтан ада қылады.
Елдің жаңа қоғамға бейімделе алмаған қиын тұсында да айлық жалақы жоқ болса да, аналар дастарханын жұтатпады. Қолынан келгенін аянбады. Қолдан нан жапты. Майға салып, ұсынды. Ешкім де аштықтан азап тартқан жоқ. Ұқсата білгеннен ұтқан нәзікжандылар қиындықтан елді алып шықты.
Қазіргі таңда денсаулықтың қадірін түсінетін немесе қандай да науқасқа шалдыққан адамдар табиғи өнімдерді тұтынуды қолға алуда. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» дұрысына неге боламайды екенбіз деймін осындайда.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА