Кенеден тарайтын кеселден сақтанайық
Күн жылт етіп жылынып, көктем шыға бастасымен аса қауіпті жұқпалы аурулар тобына жататын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының эпидемиологиялық маусымы да келеді. Яғни осы кезде табиғатта кенелер саны тез көбейіп, олардың ішіндегі ауру тасымалдаушы кенелер адам денсаулығына қауіп туғызады. олар кеміргіштердің індерінен жер бетіне шығып, жануарлар мен адамдарға шабуыл жасай бастайды.
Адамдарға бұл вирус кененің тікелей шағуы, малдарды кенеден қолмен тазарту, жүнін қырқу кезінде және КҚГҚ-мен ауырған адамды күту барысында жұғады. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы немесе көкала – табиғи ошақтық аса қауіпті жұқпалы вирусты инфекция. Бұл аурудың аса қауіптілігі өлім-жітім көрсеткішінің өте жоғары болуында – 30-70% аралығында.
Ауруды қоздырушы вирустың табиғат пен жануарлар арасында айналысқа түсуіне байланысты медицинада қазіргі таңда ауруды мүлде жойып жіберу мүмкін болмай отыр. Алдын алатын вакцина да жоқ .
Біздің ауданымыздың халқы негізінен, малшаруашылығымен шұғылданатындықтан, КҚГҚ-сының табиғи ошақтары бар елдімекендерде аурудың кездесу ықтималдығы да өте жоғары болып саналады.
Кене шаққанда өзінің сілекейімен арнайы фермент бөледі, сол себепті көпшілік жағдайда кененің шаққаны білінбейді. Денеге жабысқан кенені байқаған кезде жақын орналасқан емхана немесе ауруханаға медкөмекке жүгіну керек. Қорғалмаған қолмен кенені ұстау қауіпті екенін есте сақтаңыз. Кенені жалаң қолмен және бірден жұлып алуға болмайды, өйткені кененің тұмсығы қалып қойып, орны іріңдеп, жара болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша кенені қарапайым медициналық қысқышпен немесе резина қолғап киіп ,тұмсығына жақын жай қысып ұстап, шайқамай, бұрамай тарту керек,езіп алмау керек. Ал қысқыш болмаған жағдайда қарапайым жіппен тұмсығының түбінен орап жәймендеп тартып алу керек . Шаққан орнын иод ерітіндісімен немесе спиртпен залалсыздандыру қажет. Кенені шыны ыдысқа салып, медициналық мекемеге өзімен бірге апару керек немесе Ұлттық сараптама орталығының Қызылорда облыстық филиалына тапсырып, ақылы түрде зерттеуге болады.
Бүгінгі күні аудан бойынша белсенді табиғи ошақтары бар елді-мекендерде осы аурудың алдын -алу шаралары жыл сайын жүйелі түрде қолға алынуда. КҚГҚ-на қолайсыз елді-мекендерде мал бастарына және малдың қора-жайларына кенеге қарсы өңдеу жүргізіліп, сондай-ақ КҚГҚ бойынша қолайсыз елдi- мекендердiң айналасына санитариялық-қорғау аймақтарын құру арқылы жүзеге асырылуда.
КҚГҚ-сы ауруының алдын- алу мақсатында атқарылатын басты іс-шаралар мыналар болып табылады:
Біріншіден, вирусты кенеден адамға жұқтырмау шарасы, оған кене шақпау үшін сақтандыру киімін қолдану (жеңі ұзын жейде, шалбар); кенені тез табылуға көмек беретін ақшыл түсті киімді кию; кенеге қарсы препаратты қолдану; кененің бар екенін тексеріп өзді-өздерін қарау; малдардың кенеленбеуін қарастыру, кенеге қарсы препараттарды қолдану; кенесі көп аудандарға кенелердің өте белсенділігі кезінде.
негізсіз бармау шаралары.
Екіншіден, малдан адамға жұқтырмау шараларын қарастыру, оған жануарларға күтім жасағанда (баққан, сауған кезде және т.б.), жануарларды мүшелеген, сойған, тасымалдаған және өткізген кезде олардың қанымен, терісімен, ұлпаларымен жанасқанда сақтандыру киімдерін пайдалану.
Үшіншіден, адамнан адамға жұғу қаупін азайту, оған науқаспен қатынаста болған жеке адамдардың және медицина қызметкерлері тарапынан жұтырмау шаралары қарастыру, ауру күткенде арнайы медициналық киімдерді пайдалану, жеке басының гигиенасын сақтау болып табылады. Кене шағып алғанда немесе кенемен жанасқанда, жануарларға күтім жасағандажануарларды мүшелеген, сойған, тасымалдаған және өткізген кезде олардың қанымен, терісімен, ұлпаларымен жанасқанда, ашық аумақта болғанда, қансыраған науқас адаммен жанасқанда ауру жұқтыру қаупі көбейеді.
Ал егер жоғарыда көрсетілген жағдайдан кейін адам өз-өзін нашар сезінгенде және дененің қызуы көтерілгенде, кем дегенде бас және бұлшық еттер ауырғанда, жүрек айнығанда, лоқсу сезімі пайда болғанда, іш ауырғанда немесе іш өткенде, яғниаурудың алғашқы белгілері кезінде дереу медицина мекемелеріне қаралуы қажет.
Алдын алсаңыз, аурудың да қаупі де азаяды, сондықтан сақтанып жүрейік.
П. ӘБДИЕВА,
ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы»
ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша
филиалының Қазалы аудандық сан-эпид.қызмет маманы