Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырбойылық жастар дүбірлі додада бақ сынамақ

Сырбойылық жастар дүбірлі додада бақ сынамақ

Енді екі айдан астам уақыттан кейін жер-жаһандағы үздіктер Париж Олимпиадасына ағылады. Әлемнің барлық тәуелсіз елі дүбірлі додада өз саңлақтарының тілеуін тілейді. Олардың қатарында біздің еліміздің спортшылары да бар. Биыл Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде сегізінші мәрте үкілеген үздіктерін қосуға мүмкіндік алып отыр. Қуаныштысы, қазірге дейін талай спортшымыз жеңіс тұғырынан көрініп, көк туымызды биікте желбіретті. Олардың қатарында қызылордалық жастардың да болуы бізді қуантады. Сыр өңірінің саңлақтары спорттың көптеген түрінен бақ сынады. Сол жеңісті жол биыл да жалғасын тауып, алдағы дүбірлі додаға баратын үкілі үмітті жастардың қатары көбейді. Олардың жолдама алу мүмкіндігі қандай? Париж төрінде жеңіс тұғырынан көріне ала ма? Айтулы аламан жақындаған сайын көкейге осындай сауалдар келіп тіреледі.

Қамшыбекке үлкен үміт артамыз

Қызылордалық спортшылар 2008 жылдан бері Жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алды. Қазірге дейін қазақстандықтар барлығы 71 медаль еншілеген. Оның 14-і – алтын, 21-і – күміс, 36-сы – қола. Олардың арасынан былғары қолғап шеберлерінің жеңіс тұғырынан көрінгені көп жайды айғақтайды. 2012 жылы қызылордалық Марина Вольнова (75 келі) әйелдер боксында қола жүлдеге қол созды. Ал 2020 жылы Қамшыбек Қоңқабаев (91 келі) үздік үштікті түйіндеді. Оған қоса 2016 жылы ауыр атлетикадан жерлесіміз Александр Зайчиковтің (105 келіден жоғары) күміс жүлдесіне қуана қол соққан едік. Сондай-ақ облыстан дзюдошы Жанар Жанзұнова, таэквандошы Айнұр Есбергенова, гандболдан ұлттық құрама сапында қызылордалық спортшылардың ел намысын қорғап қайтқанын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Барлығы жарыс барысында жоғары нәтижеге қол жеткізуге тырысты. Сондықтан әрбір саңлақтың жетістігін лайықты бағалаймыз.

Олардың көпшілігі қазір үлкен спорттан қол үзіп кетті. Кейінгі жылдары Қазақстан боксында өз орнын еншілеп үлгерген гүрзі жұдырықты Қамшыбек Қоңқабаев алдағы аламанда да сынға түсуге тастүйін дайындығын жасап отыр. Олимпиада жолдамасына былтыр Азия ойындарында қол жеткізіп үлгерген ол бұдан бұрынғы олқылықтың орнын толтырып, жеңіс тұғырынан көрінуге күш салмақшы.

Әрине, қазір әлемде бокс ерекше дамып келеді. Бұрын тек ұпай таратып келген мемлекеттердің өзі ешкімнен қаймықпайтын тәжірибелі былғары қолғап шеберлерін тәрбиелеп шықты. Қай салмақта да жүлдеге талас қарқынды жүреді. 2020 жылы біз Қамшыбек финалға дейін қиналмай жетеді деп болжам жасаған едік. Ол ойламаған жерден жартылай финалда АҚШ спортшысы Ричард Торреске есе жіберіп қойды.

Ендігі кезекте жерлесіміз сол олқылықтың орнын толтырып, жанкүйерлерді жоғары жетістігімен қуантады деген сенімдеміз. Оған барлық мүмкіндігі бар. Тәжірибесі толысқан Қамшыбекті білікті мамандар өз салмағында чемпиондықтан үміткер ретінде санайды. Әрине, Олимпиадаға шеберлігі шыңдалған спортшылар қатысатынын ескерсек, оған әрбірі жоғары дайындықпен келгені жөн. Қазір Қамшыбектің сол мақсатта тынбай тер төгіп жүрген жайы бар.

Күрес түрлерінен қанша жолдама бар?

Кейінгі жылдары грек-рим күресінен қызылордалық балуандар жоғары нәтижесімен қуантып жүр. Олардың қатарында Олжас Сырлыбай (97 келі) және Айдос Сұлтанғали (60 келі) бар. Екеуі ұлттық құрама сапында талай бәсекеде бақ сынап, ел мерейін тасытты. Білікті мамандар қос балуанның алдағы жазда Париж төрінде Қазақстан намысын қорғауына барлық мүмкіндігі бар екенін айтады. Сондықтан олар жақында Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен Азия құрлығы бойынша лицензиялық турнирде өз салмағы бойынша жолдамаға таласты.

Жарыс барысында Айдос Сұлтанғали көздеген мақсатына жетті. Бұл жерлесіміздің өз мансабындағы тұңғыш Олимпиадасы болмақ. Ересектер арасындағы ең ірі жүлдесін 2018 жылдан бастап алса да, Айдостың сол кезеңдегі дүбірлі додаға жолы түскен жоқ. 2021 жылы Азия чемпионатында топ жарған еді. Соған қарамастан Токио ойындарына ел құрамасынан Мейрамбек Айнағұлов аттанды. Арада үш жыл өткенде Айдос басты арманына қол жеткізді. Маңдай терімен Олимпиадаға бару құқығын жеңіп алды.

– Күресіп жүргеніме қанша жыл болса да, түбі Олимпиадаға баратыныма шын сенген едім. Бұл – менің ғана емес, құрамадағы бапкерлердің, дәрігерлердің, ата-анам мен отбасымның еңбегі. Біз халық алдында жүреміз. Дегенмен қолдап отырған жандардың еңбегі көп көріне бермейді. Сол кісілерге рахмет айтамын, – деді Айдос ағынан жарылып.

Айдос Сұлтанғали 1996 жылы 7 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Оған Виктор Юн және Ғабиден Райымбек сынды бапкерлер тәлім береді. Жастар және жасөспірімдер арасындағы түрлі бәсекелерде топ жарған жерлесіміз 2018 жылы Әлем чемпионатында қола медаль алған еді. Сол жетістігін 2022 жылы тағы бір мәрте қайталады. Сондай-ақ оның еншісінде 2021 жылғы Азия чемпионатында алған алтын медаль бар.

Өкініштісі, лицензиялық турнирде Олжас Сырлыбай жарыс жолынан ертерек шығып қалды. Енді ол мамыр айында Түркияның Стамбул қаласында болатын тағы бір жарыста жолдаманы сарапқа салады.

Қазақстан күрес түрлері федерациясының қызметкері Аспандияр Есенжолов кейінгі жылдары Сыр өңірінде грек-рим күресі ерекше дамып келе жатқанын атап өтті. Рас, ұлттық құрама сапына енудің өзі оңай емес. Оған әбден ысылған, шеберлігі шыңдалған шымырлар қабылданады. Айдос сол жолды абыроймен сәтті өтіп келеді. Ендігі меже – Олимпиада жүлдесі. Бапкерлер одан үлкен үміт күтіп отырғанын жасырмайды. Жерлесіміз күрес түрлерінен жүлделі орындарға қол жеткізуі мүмкін деген саңлақтардың қатарында бар.

– Қырғызстандағы турнирде Айдостың сенімді ойын көрсетуі бапкерлер тарапынан жоғары бағаланды. Бозкілемде әрбір балуанның белсенділігі, шеберлігі, тәжірибесі таразыланады. Азия құрлығында да осал қарсылас жоқ. Әрбірі жеңісті қолдан бергісі келмейді. Бұл сәтте спортшының бабы келісіп, бағы жанғаны – басты талап. Жарыс барысында Айдостың жауапты сындарға дайындығы жоғары екені аңғарылды. Ендеше, ол Париж төрінде де дүйім елдің сенімін ақтап, жеңіс тұғырынан көрінеді деген ойдамыз, – дейді А.Есенжолов газет тілшісіне ой-пікірін білдіріп.

Дзюдошылар дүбірлі додаға дайын ба?

Кейінгі жылдары аймақта дзюдо спорты қанатын кең жайып келеді. Ұлттық құрама сапында қызылордалық үш балуан бар. Сыр өңірінің намысын абыроймен қорғап жүрген Мағжан Шамшаддин (60 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі) және Нұрлыхан Шархан (100 келі) әлемдік сайыстарда жеңіс тұғырынан табылып жүр. Үкілі үмітті үш үздігіміздің де Парижге баруға мүмкіндігі зор.

Қызылордалық бапкер Қален Қалиұлы олардың Жазғы Олимпиадаға баруы үшін алдағы бірқатар жарыстарда ұпай жинауы қажет екенін айтады. Дзюдо ережесімен дүбірлі додаға рейтинг бойынша жолдамалар беріледі.

– Шәкірттерімнің қазір дайындығы ерекше. Олимпиада жақындаған сайын балуандар бабында болуына бар күшін салып келеді. Қазірге дейін көптеген жарысқа қатысып үлгерді. Онда ұпай қорын молайтып, Парижге бару мүмкіндігін арттыра түсті. Мен олардың барлығына сенемін. Тәжірибесі толысып, шеберлігі шыңдалды. Ендігі кезекте татами төрінде қажетті ұпай қорын молайта алады деген ойдамын. Негізінде Абылайхан Жұбаназар мен Нұрлыхан – Шарханның айтулы аламанда бақ сынау мүмкіндігі жоғары екенін жеткізсек, артық емес. Ал Мағжан Шамшаддиннің салмағында Елдос Сметов және Нұрқанат Серікбаев сынды мықты балуандар бар. Ел құрамасының бапкерлері олардың арасынан ең мықтысын іріктеп алады. Алда екі үлкен жарыс бар. Мамыр айының 10-13 аралығында Астана қаласында Grand Slam турнирі болады. Оған Мағжан, Абылайхан, Нұрлыхан үшеуі де қатысады. Аталған жарыстан кейін Әлем чемпионатында бақ сынайтын балуандар тізімі белгілі болады. Әлем чемпионаты 19-24 мамыр аралығында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында өтеді. Бұл – дзюдошылар үшін Олимпиада алдындағы жарыс, – дейді ол.

Қашанда Олимпиада спорттық жарыстардың ең үлкен шыңы деп бағаланады. Биылғы жылдың басты оқиғасы күн санап жақындап келеді. Айтулы аламанда үміт артқан жастарымыз жоғары биіктен көрінсе дейміз. Жұлдыздар жарқырайтын күн алыс емес.

Фото: Сыр бойы
10 мамыр 2024 ж. 199 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031