Өткенге құрмет – бүгінге өнеге
Бауырды іздеп, бауырлар, Ас беріп жатқан қауым бар. Келмеске кеткен жандардың, Рухына тағзым қылыңдар. Осынау өлең жолдарын ұран етіп, Әйтеке би кентінің оңтүстік шығыс аймағы бөлігінің тұрғындары өмірден өткен азаматтарды еске алу мақсатында ас берді.
«Халық» мешітіне жиналған көпшілік алдымен дүниеден озған азаматтардың рухына құран бағыштап, дастарханнан дәм ауыз тиді. Жарық дүниеден өткен жақындары мен жайсаңдарын еске алып, әруағына бағыштап ас беру қазақ халқының дәстүрінде бар. Мұсылман дінін қабылдағанға дейінгі нанымы бойынша, ас бере отырып, халқымыз ата-баба рухының желеп-жебеп жүруін тілек еткен. Сондықтан, өлінің рухына арналған өзге садақаларға қарағанда, ас беру рәсімінде салтанаттылық нышаны басым болып келеді.
Ізгілікті шара аясында жастарды отансүйгіштікке, салауатты өмір салтын ұстануға баулу мақсатында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті.
Қазақша күрес сайысында Қол күрестен бақ сынаған білекті жігіттердің арасынан 70 келі салмаққа дейінгі серілер Мақсат Жалғасбек бірінші, Сұлтанбек Оразалы екінші Рахымжан Әбдіраманов үшінші орынды иеленді. Жетпіс келіден жоғары салмақты жігіттер арасынан Илияс Каден топ жарып, бірінші орынға ие болды. Әділет Өмірбек екінші, Ерлан Жұматов үшінші орын тұғырынан көрінді.
Қой көтеруден Мұрат Елтай үздік үштіктің көшін бастады. Ал Нұржан Әбдібай мен Думан Әзи екінші, үщінші орындарды бөлісті. Гір көтеру жарысы да тартысты өтті. Талапкерлердің арасынан топ жарған Аударыспақта асығы алшысынан түскен Алмат Көбейсін болды. Аяп Аманжол мен Жасұлан Жұмабай екінші, үшінші орын иеленді.
– Қазақ халқы «Өлі разы болмай, тірі байымайды», – дейді. Осы сөздің астарында үлкен мән жатыр. Себебі, әруақты құрметтеу мен оған тиісті дұғаларын жасау, осы дүниедегі қолдан келген амалдарды жүзеге асырудың өзі баға жетпес сауапқа кенелтетіні белгілі.
Аталмыш шараны жүзеге асырудағы негізгі мақсат – әруақтарға тағзым білдіру, олардың есімін, өнегелі ісін ұрпақ жадында мәңгі сақтау және жастарды спортқа баулу болды. Ойға алған іс өз дәрежесінде орындалды деген сенімдемін. Бұндай шараны алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіп тұруға ниеттіміз, – дейді ұйымдастырушылардың бірі Наурызбек.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА