Үндеместен үйдей пәле шықпасын
Осыдан жиырма жыл бұрын «Аз сөз алтын» дегенді айтатын аналардың көңілі бүгін «балам қашан сөйлейді?» деген алаңда. Заманауи мәселе, әлем жұртын толғандырған түйіткілдің төркіні неде? Байыптауға ұмтылдық.
Мүмкіндік жеткізген мешелдік
ХХІ ғасыр – ақпараттар ғасыры, мүмкіндіктер мерзімі. Алғаш қарапайым әріптерді теру машинасы шыққанда таңырқаған жер тұрғындары қазір ештеңені жатырқамай, жатсынбайды, жаңашылдыққа балайды. Сананы сендіріп, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» жеделдік пен қолжетімділіктің, өкінішке орай, салдарын да сезініп үлгерген. Оның бірі һәм бірегейі таныс та бейтаныс цифрлық аутизм ұғымы.
Цифрлық аутизм терминін алғаш қолданған румыниялық Мариус Замфир екен. Психолог 2015 жылы виртуалды ортада ұзақ қалдырған баланың дамуында кешеулік, мінезінде мүкістік барын байқап, дабыл қағады.
Алдымен «аутизмге» аз анықтама берсек... Бұл түрлі зиянды заттар, табиғи өзгерістер, құнарсыз тағамдар, гинетикалық және өзге де психикалық ауыртпалық салдарынан сал болып туылған балаларға қойылатын диагноз. Қарапайым тілмен айтсақ, қозғалыс пен сөйлеудің бұзылуымен сипатталатын ауру. Аутизмге сандық жүйенің қатысы қанша? Маманнан сұрадық.
«Аутизммен ауыратындар саны жыл санап артып келеді. Нақты диагнозға жатқызылмайтын, алайда телефон тұтқындығына шалыққандарды жиі кездестіріп жүрміз. Екеуіне ортақ ұқсастықтар: оқшаулану, айтқан сөзге назар аудармау, бала жасына қарай дамымау. Ал өзгерістеріне тоқталар болсақ, классикалық аутизм ақауы балада туабітті анықталса, сандық аутизм бертін келе пайда болады», – дейді дәрігер Мөлдір Алдасыберген.
Сандар сөйлесін
Деректерге көз жүгіртсек, дүниежүзінде 210 миллион әлеуметтік желіге тәуелді бар деп болжанса, оның 30 процентін балалар мен жасөспірімдер құрап отыр. Сандық көрсеткіш сәт санап жоғарылап бара жатқанын қаперге алсақ, ғасырлық проблема екендігіне бойлаймыз.
Біз бала деп отырғандар қатарындағылардың ең белсендісі, анықталғандай, 10-12 жастағы балдырғандар. Ең кішісін айлық шақалақтар құраған.
Американдық Эрнес Джоб гаджеттер: телефон, планшет, компьютер түрлері, сондай-ақ теледидарға телміру енді жарты ғасырдан кейін адамзат баласының санын күрт кемітуге әкелетінін айтқан. Ғалым жұмыс істейтін Мичиган университетінің арнайы тобы қатысқан зерттеу-саралау жұмыстары қамтылған жануарлар мен адамдардан төмендегідей көрініс белгілі болған.
Алғаш бөлме балықтарына жасалған сынамада тіршілік иелерің өмірі гаджеті жоқ орындағы балықтардан әлдеқайда азайған. Егеуқұйрықтарға жасалған тәжірибе де олардың тым ашушаң, айналасындағыларға тек агрессиясын көрсететін жағдайға жеткізген. Ал еріктілер қатысқан адамға арналған тексеру нәтижесінде олардың ми қыртысының жұқарғандығына көз жеткізген.
Оптольмолог дәрігер Айгүл Іскендірдің айтуынша, соңғы бес жылдықта көз аурулары күрт көбейген. Алғашқысы, қан айналымы жүйесінің асқынуларынан пайда болса, негізгісін гаджеттер тудырған. Бұрын мектепте санаулы көзілдірік киетін оқушылар болатын тіпті кейбір сыныптарда мүлдем болмайтын. Бүгінгі таңда бір сыныптың 40-50 проценті алыстан, жақыннан көру бұзылысы байқалған. Гаждеттердің қолжетімділігі бұдан өзге де құлақ, бас, жүрек, буын ауруларының ушығуына әкеліп соқтыратынын атап өтті ол сөзінде.
Айып – анадан, аямаған баладан
Дәрігерге жүгінгендердің бірі – Жадыра Есболғанова. Төрт баланың анасы тұңғыштарын қазір өздері тұратын ауданынан алыс, үлкен қалаларға апарып емдетуге мәжбүр.
Алғаш бірінші сыныптың төртінші тоқсанында перзентінің сабақ үлгерімі төмендегенін айтқанда, аса мән бермеген ана, көршісінің айтуы бойынша, қашықтан көру қабілетін бақылайды. Нәтижесінде оқушы тақтадағы жазуды мүлде көрмейтін болып шығады.
«Нұркелді үшінші сыныпты бітіреді. Көзілдірік тағамыз. Алдыңғы партада отырады. Біздің қазіргі амалымыз тек осы жағдайды сол қалыпта ұстап қалу. Толық емделуге әзірге медицинада мүмкіндік жоқ. Ем-шаралар тегін дегенімен, арнаулы орталықтар ақылы қызмет көрсетеді. Дәрі-дәрмектері, жол ақысы бір отбасылық бюджетке кәдімігідей салмақ салады», – дейді сөзінде.
Нұркелдімен қатар қызды тәрбиелеп отырған Қымбат Әлихан телефон бермегеніне өкінеді.
«Айнара 8 жаста. Алғашқы бөбегіміз болған соң, жүйе бойынша өсірдік. Гаджеттерге жақындатпадық. Қазір сол әрекетіме өкінемін. Орыс тілі, ағылшын тілінен үлгерімі нашар. Оның телефон қолданатын іні-сіңлілері қос тілде түсіне, сөйлей алады. Соңғы кезде телефон ұстатамын. Баламның қызығушылығы жоқ. Ал кітап бойынша үйретуге менің төзімім де, уақытым да жеткіліксіз», – дейді ол.
«Темірланым биыл мектеп табылдырығын аттайды. Даярлық тобына берейін десем, жасы асып кеткен. Аралары бір жас қарындасымен бірге оқуға жібергім келмейді. Біз үшін басты мәселе – сөйлей алмау. Өзіміз түсінеміз. Тапқан табысымыз дефектолог, логопед маманға кетуде. Әріптер, аздап сөздерді айтқанымен, қосып сөйлей алмаймыз», – дейді келесі ана Марал Кемелбайқызы.
Байқағанымыз, алты жасар бала тек телефонмен дос. Одан «досын» алыстатсаң, жылап қоя береді. Ондайда әкесі өз әрекетіне ие бола алмайтынын айтады.
Тақырыптық ізденіс барысында екі логопед, бір дефектолог маманға қоңырау шалып, қызметіне жүгінетініміз туралы айтқанымызда, кестелерде бос кез жоқтығын білдік. Бағасы да шарықтап тұр. Аудандағы логопед маманы бар екі балабақшаға кезекке тұрған ата-аналардың қарасы қалың.
Телефонға тоқтам
Қазір ұялы байланыс үйде отырып, іздегеніңді табатын, мұратыңа жеткізіп, уақытыңды үнемдейтін қажетті құрал. Кейде телефонсыз тірлікті елестетудің өзі қисынсыздай көрінеді.
Шетелдік басылымдар таратқан мәліметтерге зер салсақ, телефонға тоқтам салуға мемлекеттік деңгейде маңыз берген елдер де бар. Бастаманы алғаш болып қолға алғандардың бірі – Шотландия мемлекеті. Ондағы Гордонстоун мектебі директоры Лиза Керр смартфонды шектеу емтихан бағасының нәтижесін жақсартқанын жеткізген.
Нидерланды, Франция, АҚШ, Қытайда да мұндай ереже жолға қойылған. Елімізде де өткен жылдан бастап, орта мектептерде, балабақшалар мен өзге де тәрбие орындарында дәріс уақытында телефонды қолдануға тыйым салынды.
Мектепте мүлде телефон қолдануға рұқсат жоғын дұрыс деп ойласа да, өз жұмыстарын көрсету, жүргізуде оған жүгінбеу мүмкін еместігін айтады мұғалім Асқар Сейдуәлі. Оның ойынша, мәселеге біржақты қарамау керек. Қазір құралды қай кезде қолдану керек, қандай жағдайда қолданбау қажеттігін айтатын арнайы ереже қажеттігі туындап тұр.
Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін Жанар Жұмамұрат тыюдың қиындық тудырып отырғанын алға тартты. «Жұмыста телефонды мүлде қолданбаңдар» дейді. Ал тәрбие жұмыстарына балалардың қамтылғандығы туралы әрбір ата-ана деректей хабардар болуы қажет. Барлық қолданатын әдіс-тәсілдерді де солар ақылы жүзеге асырамыз. Сонымен бірге тәрбиеленушінің күнделікті жағдайы не ата-ананың байланысын онсыз құру мүмкін емес», – дейді өзгеріске түбегейлі қарсылығын білдірді.
Мектепте жиырма жылдан астам балаларға бастауыш білім берген Қаламқас Айтжанова сөйлей алмайтын шәкірттерінің жыл санап артып келе жатқанын жеткізді. Жағдай жалғасар болса, мектептерден инклюзивті сыныптар ашу қажеттілігі туындайтынын айтады тәжірибелі маман.
Екі баласын телефоннан алыстату үшін балабақшаға берген Айғаным Айтілес мектепте оқитын екі қызының каникулы жақындаған сайын қаупі артуда. Бала күтімімен үйде отырғанда балаларымен қағазбен, доппен түрлі ойын ойнатқан. Жақында жұмысқа қосылған келіншек бұрынғы қалыпқа қайта оралатындарын уайымдайды.
«Дайын асқа тік қасық» қоғам сананың тарылуы, ми ауқымының шектелуіне жағдай жасайды. Сізге бір мысал келтірейін, бірде «Адам, зат, қала» деп аталатын ойын ойнаған бір оқушы үйіндегілерге айналасына қарай бастағанын айтады. Қараңыз, сонда ол оқушыға бұған дейін айналаға қараудың қажеттігі туындамаған. Ал айналасына байыптамаған бала болашаққа қалай зер салады? Бұл әрбір адамды ойландыруы қажет», – дейді психолог Лейля Арзахметова.
Жыл сайын сәуір айында дүниежүзі аутизм туралы ақпарат тарату айлығын өткізеді. Әлемдік деректер алты баланың бірі аутизмнің аталмыш түріне шалдыққанын анықтаған. Елімізде соңғы жеті жылда олардың қатары 5 есеге артқан. Тағы бір тоқталарлығы, тек балаға ғана тән емес, ересектер арасында да табылған.
Заман ағымына ілесу – уақыт талабы. Дегенмен жағдайға немерем деп еміренбеген ата-әже, жеті атасын үйретпейтін әке, алаңсыз ананың бақылаусыз балаға деген жүгенсіздігі жеткізбеді ме екен? Тек болашақ тұлғаның шынайы қатынастың виртуалды емес, отбасылық, адами құндылыққа құрылған қарым-қатынас екенін ұғынғанда, кеш болмаса етті...
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА