Жасөспірімдер жарысы өтті
Мемлекет басшысының жолдауынан туындайтын іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында бұқаралық спортты арттыруда сала қызметкерлері сүбелі үлес қосуда. Осы ретте №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің күрес залында «Ағайынды Асқар мен Серікбол Алпысбайұлдарын» еске алуға арналған грек-рим күресінен 2013-2014 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық турнир өткізілді.
Палуандардың спорттық шеберлігін арттырып, оларды достыққа және патриоттық сезімге тәрбиелеу мен жасөспірімдер арасында грек-рим күресін одан әрі дамытуды көздеген жарысқа 180 бала қатысты. Екі күнге созылған сайыста төрешілер алқасының отырысы, қатысушылардың жеребе тартуы мен салмақ өлшеу реттелді.
Бозбалалар белдесуіне сәттілік тілеген Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тлеуімбетов алғы сөзбен турнирді ашып берді.
Асқар мен Серікбол Алпысбайұлдары теміржол саласының мамандары. Асқар жиырма жылға жуық өмірінің соңына дейін Қазалы материалды қоймасында қызмет етті. Серікбол кәсіпке бетбұрып, сауда саласын дамытты.
– Халыққа алғаусыз алғысымды білдіремін. Екі балам да жақсы еді. Ешкімнің алдынан кесе өтпеген. Қолдарынан келген көмегін аямайтын қасиеттері бар-тын. Шүкір соның нәтижесі шығар. Жолдастары мен ауылдастары арасында сыйлы екенін көрсетуде. Әрине қимайсың, дегенмен Алланың жазуына көнеміз. Ендігісі немерелерім аман болсын. Соларды ержеткізіп, өз орындарына орналастырсақ арманымыз жоқ, – дейді марқұмдардың әкесі Алпысбай Мәденов.
Белдесу қарсыластар түрегеліп төрттағанға түскенде аударылып, домалатып әдістер қолдану арқылы өткізілді. Мұнда балуандардың бір-бірлерін белден төмен ұстауына, аяғынан шалуына, қағуына рұқсат етілмейді. Грек-рим күресінің мақсаты – лақтырған немесе төрттағаннан аударған, домалатқан кезде қарсыласының екі жауырынын бір мезетте немесе бірінен соң бірінің қайтарымынан кілемге тигізу. Мұндай басымдылық таза жеңіс деп есептеледі де белдесу тоқтатылады.
Осындай тартысты турнирде 21 келі салмақтағы Әйтеке би кентінен Айдос Өмірбек жеңіс тұғырына көтерілді. Абдурахман Сағидулла екінші орынды жеңіп алды. Үшінші орынды Мүслім Мүкейн мен Нұрболат Серік қанжығалады. 25 келіліктер арасынан Ясин Мукейн бірінші орыннан көрінді. Әділбек Оразбай екінші орынға шықты. Нұрқанат Яхия мен Нұрмұхаммед Ерланұлы үшінші орынды місе тұтты. Сонымен бірге 28 келі салмақтағылардан бірінші орынға Нұрлыжан Орысбай жайғасты. Үшінші орынды Әмин Мукейн ұтып алды. 32 келі салмақтан Асылжан Ырысдәулет 35 келі салмақтан Дәулет Қуантқан, 44 келіліктер арасынан Нұрдәулет Жаналы, 48 келі болған Санжар Омарғазы бірінші орынды иемденді. Екінші және үшінші орындарды суырып алған 32 келі салмақтағылар: Нұрислам Сағидулла мен Нағашыбай Серікұлы бар. 38 келідегілерден Әлисұлтан Жанғабыл екінші орынға жайғасса, Рамазан Дәуренбек үшінші орынды қанағат тұтты. Ерсаян Ерлепес пен Мұқағали Махат және Мейірбек Айдос, Дәулет Әли, Нұраян Ерлепес, Дамир Күнекеев пен Құдірет Әбдіраман 41, 48, +48салмақтан екінші және үшінші орындарды қарсыластарынан жұлып алды. Қазалы қаласынан қатысқан 41 келі салмақтағы Нұрасыл Ұзақбай бірінші орынды жеңсе, 44 келідегі Дамир Ертас үшінші орынды иеленді.
Мақтаралдан келген Мырзакемел Абулкасим 28 келі салмақпен және 35 келі салмақтағы оралдық Арсен Есет екінші орынды иеленсе, қызылордалық 28 келідегі Ғазиз Төлегенұлы мен 35 келі болған Ернұр Төлегенұлы және сексеуілдік Диас Темірбек үшінші орынды қанжығасына байлады.
Оралдан келген 38 келі салмақтағылар арасынан Ислам Төлегенов бірінші орынға шығып, жеңімпаз атанды. Ал атыраулық Ибраһим Мақсат қола жүлдені қанжығалады. Көрші ауданнан бақ сынаған 41 келі салмақтағы аралдық Нұрғасамет Бижанов екінші, мақтаралдық Шерхан Байбол үшінші орынға жайғасты. Сондай-ақ 48 келі салмақтағы Жан Марат жеңіс тұғырына көтерілсе, 44 келіліктер арасынан Қызылордадан Георги Барамидзе екінші, Атыраудан Олжас Зағпар үшінші орынды иеленді.
Спортшы жастарға арнайы диплом мен медальдар ұсынылып, бағалы сый тарту жасалды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА