Кішкентай қамқоршы

– Балам, сен неге өңіріңді жаппағансың? Күн болса суық. Ауырсаң, ауруханаға апарып ине салады, ащы дәрілер береді, – деген сөзім оған әсер етпегендей, үнсіз тұра берді.
– Оның замогы бұзылып қалған, тәте. Әкешім: «Бір күн осылай барып кел, ертең ауыстырып бермін», – деген. Нұрасыл сол үшін алдын ашып жүр, – деді қолымен қымтап.
– Замогы бұзылса, кнопкалары бар екен. Біз әзірге осыны жауып қояйық. Әкелерің оны жаппаңдар демеген болар, – деп түймелей бастадым. – Үйде аналарың жоқ па еді?
– Жоқ, ол ерте жұмысқа кетеді.
– Әкеңе шығарып сал демедің бе...
– Ол кішкентай бөпемізді қарайды. Оның үстіне мен есікті құлыптай алмаймын.
– Өзіңнің сабағың қалай болады?
– Қазір онлайн ғой. Інім қосымша сабаққа барады. Оны көлікке отырғызғасын, қосыламын. Анашыма осылай көмектесіп жүрмін.
– Сендердің үйлерің осы жерге жақын тұра ма?
– Анау жерде. – Көшенің арғы бетінен ұзақта тұрған үйді нұсқады.
Әңгімемен уақыт өткізіп тұрғанымызда, көптен күткен көліктің бірі келіп жетті.
– Тәте, бірінші інім мінсінші. Ол әлі кішкентай. Ағалар көрмей, мәшине жүріп кетуі мүмкін.
– Жақсы, айналайын, – деп кезек беріп, өзім орналасып болғанда, қыз баланың:
– Аға, інімді Жанәбілов көшесінен ұмытпай түсіріп кетерсіз. Мінекей жол ақысы, – деді кішкентай тоңазыған алақанынан тиын ақшалар ұсынып. Бақылаушы есікті жаппақ болғанда інісі отырған жаққа қарап:
– Нұрасыл, қалып қойдым деп уайымдама. Көңіл-күйіңді түсірмей, сабағыңа бар. Қайтарда өзім алып қайтамын, – деп риясыз пейілмен шығарып салып, кішкентай қолдарын бұлғады.
Бір сәттік көрініс санаға сан, көкейге көп ойды түйдірді. Ұзақ уақыт әсерден арыла алмадым.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА