Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өкініш

Өкініш

Қытымыр аяз қысқан қаңтар айы. Уақыт кешкі жетіден жылжып барады. Көше қиылысындағы автобус аялдамасына жұмыстан шыға сала жанталаса жеткен жандар мойнын кезек-кезек созып, анадайдан көрінген жарыққа үңіледі. Бәрінің тағатсыздана күткен қоғамдық көлігі бар. Көптің бірі болып, Бисен де тұр.

Бір кезде «мынаның жатысын қарашы?» деген еркектің дауысына барлығы елең етті. Бір үңілген адамға анық көріне қоймайды. Бисен бажайлап барып байқады. Аялдаманың оң жақ бұрышында бір кісі сұлап жатыр. Жақын барып, орнынан тұрғызуға ниеттеніп еді, ес-түссіз жатқан ер адам ояна қоймады. Жанында тұрған апай: «Осы құдайдың күні арақ ішетіні несі осылардың» деп дүңк ете қалды. Оны қоштай кеткен екіншісі: «Қайтесің жата берсін, бәлесінен аулақ», – деп өзі де орнынан жылжыды.

Сақылдаған сары аязда серейіп, қатып қалар деп аяған Бисен әлгі адамды әрі-бері жұлқылап, оятпақ болғанымен нәтижесіз аяқталды. Ал, жолаушылар болса бірінен кейін бірі маршруттарына мініп кете барды. Бірер минуттан кейін Бисен күткен жетінші нөмірлі автобус та аялдамаға келіп тоқтады. Артына алаңдай автобусқа отырған Бисеннің бар көңілі аялдама жанындағы азаматта болды. «Киім киісі, түр әлпеті маскүнемге мүлдем келмейді. Неге сонша ішті екен?» деген ой құрсауында үйіне жетті.

Әншейінде жастыққа басы тиісімен ұйықтап қалатын Бисен бүгін көз іле алмады. Көкірегінің көкжиегінен кешкі көрініс кетпейді. Тіпті неге оятып, үйіне жеткізіп тастамадым деген реніш жанын қинап, бейжай күйге бөленді.

Таңертең күйбең тірлік тағы басталды. Әдеттегісінше жұмысына дейін алып баратын жетінші маршрутқа мініп, артқы орындыққа жайғасты. Қыстың таңы кеш атады. Қаракөлеңке көліктің ішіне жайғасқандардың сұлбасы анық көрінбесе де, дауыстары жақыннан естіледі. Естіген құлақта жазық жоқ. Біреудің сөзін әдиілеп тыңдамасаңда еріксіз естіп қаласың. Бір сәт алдыңғы қатардағы әйел «Байғұс кеше қайтыс болыпты. Үйінің жанындағы аялдаманың тұсынан тауыпты. Жүрегі ауыратын еді. Дәрісін ішіп үлгере алмаған көрінеді. Жарықтық жаны жайсаң жан еді. Қайғыға көңіл айту парыз. Сонда бара жатырмын» дегенді айтып орнынан тұрып түсуге ыңғайланды. Артынан ілесе шыққан Бисен аялдаманың оң жағына қарай жүгірді. Неге екенін өзі де білмейді. Бірақ ештеңе болмағандай атпал азамат жатқан жерді аппақ қар басыпты. Бір өксік тамағына тіреліп, өкініш өзегін өртеді.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ
09 қаңтар 2019 ж. 2 263 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 44

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930