Бір жатырға сыйғандар бір шатырға неге сыймай жүр?

Кешегі ата-әжелеріміз жарты нанды бөліп, жарты құртты жарып жеп, ұрпағына мәрттік пен жомарттықты үлгі етіп қалдырды емес пе? Бір бөлмеде он адам тату-тәтті өмір кешкен ағайынның ауызбіршілігі қайда кеткен?! Үлкендеріміз «біз аядай ғана бір бөлмеде он жан тұрдық, ешқандай ренішті білдірмедік» деп өткен күнді еске алғанда, таң қалатын күйге жеттік. Сонда «көңіл сыйса, бәрі сыяды» деген кеңдігіміз кімнің уысында кетті? Сол баяғы бір атаның балаларымыз. Бірақ, туыстықтың туын берік ұстай алмай, бір-бірімізді сотқа сүйреп жүрген жайымыз бар
Пендешілікке бойұрған ағайынды екеудің осындай өрескел әрекетін көріп, «алдына келсе, атасының құнын кешетін» кешегі кешірімді, кеңпейіл қасиетімізді жоғалтып алдық па деген ой келеді. Бір жатырға сыйғандардың бір шатырға сыйыспаған әрекетін айтпағанда, түкке тұрмайтын үйішілік дауды «сахнаға» шығарып, айқай-шумен шешкіміз келеді. Басымыз піспей қалса, дереу сотқа жүгіреміз. Ағасы інісін, қызы анасын, келіні енесін, әйелі күйеуін сотқа беріп жатқан мысалдар аз ба өмірде? Табиғатынан сабырлы, жанжалды жақтырмайтын халықтың соңғы кездері дауға құмар болып кеткенін күні кешегі жылдық есебінде ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов та тілге тиек етті. Сонда бітімге келу, татуласу, келісу мәдениетіміз қайда жоғалып кетті?
Сондағы мақсатымыз – әділдік емес, өш алу, қарсы тараптың абыройын айрандай төгу екен. Жалған намысты желеу етіп, сырт көзге әділетті көрінгіміз келеді. «Бауыр шырын, бас тәтті, Ағайынмен ішкен ас тәтті» дейтін кешегі ағайындық жайсаң мінез, тумысынан сөзге тоқтаған халқымыздың бүгінгі болмысы осы демеске лажымыз жоқ. Ұлттық құндылықтарымызға жат осындай әдеттерден қалай арыламыз? Оған бастар жол қайсы? Әрине, бұл тұрғыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты идеологиялық мәнге ие еңбегі бізге тура жол сілтер тұғыр іспетті. Осы еңбекте «Біз қалай жаңғырамыз?» деген мәселе көтеріліп отыр. Ол үшін ұлттың ұмытылыңқырап кеткен ұлы мұраларын түгендеуден бөлек, сан жылдар бойы санамызға шегеленіп қалған жат қылықтардан арылуға шақырады. Ширек ғасыр бойы санаға сіңген, тұнығы лайланған осындай жамандықтардан арылмайынша, жаңғыра алмайтынымызды сөз етеді. Алайда, әлгіндей «жақынын тіріде аңдып, қолынан келсе, мұқатуға даяр тұратындар» көбейген заманда, рухани жаңғыруың қиын. Сондықтан осылай қайта түлеу кезінде ұлттық қасиет пен ұлттың мінезін қалыптастыратын қазақтың өмір салтына ерекше назар аударуымыз қажет секілді. Сол кері кеткен тірлікті бері тартып, ақ пен қараның аражігін ажыратып, ой салу – біздің міндет. Ой түйіп, нәтиже шығару – сіздің міндет.