Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ас атасын ардақтайық, ағайын!

Ас атасын ардақтайық, ағайын!

Осы мақаланы жазуыма себепші болып, маза бермеген мына жағдай. Бірде көшеде өз автокөлігіммен келе жатып бір жас келіннің электр желісінің бағанасына целлофан қалтаны іліп, үйіне қайта кіріп кеткенін байқадым. Ізінше көшедегі қаңғыбас иттер оны жұлмалап, шаша бастады.
Аяқ асты болып жатқан нанды көргенімде көлеңкелі көрініс көңіліме реніш ұялатты. Тәу ете жүріп, нан қалдықтарын теріп алдым.
Қазақта «Ас атасы – нан» деген сөз бар. Ата-бабамыз сәбиі ақ пен қараны ажырата бастағаннан-ақ оң қолына нан ұстауды, ысырап етпей құрметтеуді үйреткен.
Нанның қасиеті мол. Адам кез келген тамақты екі күн жесе, қанша нәрлі болғанымен жалығады. Ал наннан өмір бойы шықпайды. Алдымызда нан тұрмаса көңіліміз де, дастарханымыз да орта. Берекеміз кетіп, дүние ойсырап тұрған секілді көрінеді. Сондықтан халқымызда «Нанды жерге тас­тама», «Нанның үстіне зат қойма», «Нанды төңкерме», «Нанды бір қолыңмен үзбе» деген тиымдар бар.
Таң қаларлығы, жер бетінде басқа дақылдардың, жемістердің жабайы түрі бар. Айталық, алманың, жүзімнің, жуаның, сұлының, тағы басқалардың. Бірақ бидайдың жабайы түрі жоқ. Бұны Алланың адамзатқа берген тікелей сыйы деп түсінуге болады.
Үйге келген адам асығыс болса да, өзге тамақтан емес, наннан ауыз тиіп шығады. Адамдардың арасындағы ынтымақ, бірлік, бір-біріне деген жақсы қарым-қатынас, ауызбіршілік дастарханның үстіне қойған нан арқылы нығая түседі. Нан ауыз тиген үйге қазақ жамандық тілемеген. «Бір күн дәм татқан жерге қырық күн сәлем» дейтініміз де осыдан.
Кейбір қазіргі келіндер қонақ шақырып отырып «Ойбұй, нан қоюды ұмытыппын» деп жатады. Оларға айтарым, дастархан берекелі, үйге ырыс кірсін, отырған адамдардың ықылас-пейілі өз шаңырағыңызға аусын десеңіз, алдымен дастарханға нан қойыңыз. Өйткені, нанда пенделердің көзіне көрінбейтін, адамдарды тартатын қасиет бар деседі.
Нанды қалай болса, солай турауға болмайды. Оның ұсағының өзі киелі. «Нанның қалдығын жеген бала сауапқа қалады» дейтін ата-әжелеріміз. Диетологтар нан денсаулықтың реттеушісі деп таниды.
Тарихқа жүгінсек, ата-бабамыз небір қиын кезеңді бастан өткізген. 1920 жылдардың соңында кеңестік қатыгез саясаттың кесірінен Қазақстанда күштеп астық пен ет жинау етек алған. 1930 жылдары елдің тұрмыс-тіршілігіне қарамастан, әр отбасына бес пұт астық салығы салынған. Егіншілікпен айналыспағандарға астық, малы жоқтарға ет салығын салу кең өріс алған. Салықтан құтылу үшін халық үйіндегі соңғы малын, дүние-мүлкін сатуға мәжбүр болған. Талапты орындамаған басшылар да, шаруалар да жазаға тартылған. Ешкімді ешкім аямай, шаш ал десе бас алып, басқаларды құрбан ету үйреншікті қалыпқа айналған. 1932-1933 жылдары азық-түлік даяр­лау, жазалау шаралары қатаңдатылып, ату жазасы белгіленген. 1933 жылдың басында Қазақстандағы 40,5 млн малдан бар болғаны 4,5 млн қалғанын, ал 6,2 млн республика халқының 2,1 миллионы аштықтан қырылғанын білеміз.
Зорлық-зомбылықтан қазақ халқы көп азап шеккен. Мал мүлкінен, құрал-сайманынан, тіпті, жертөлесінен де айырылып, ашаршылыққа ұшыраған қандастарымыз босқын күй кешіп, ел асқан. Айтпағым, сонау нәубетті жылдардағы аға буын нан тапшылығын көріп, тұрмыстың азабын тартып өсті. Қазіргідей тоқшылық заманда кейбір жастарымыз нанның қадірін түсінбейді. Жерде жатқан нанды көрсе де, көрмеген сыңай танытады. Болмаса ойланбастан қоқыстың арасына тастай салатындар кездеседі. Бұл әрине кешірілмес күнә. Нанды құрметтемеген адам ешкімді де құрметтемес деп ойлаймын.
Нан – Жаратқанның адам баласына сыйлаған ең ардақты тартуы, оны қорлауға ешкімнің де қақысы жоқ. «Арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен» деп бұрынғылар сатып алатын нан болмаса, байлықтың еш мәні жоқтығын айтқан. Ендеше, нан ас қана емес, асыл қасиеттер жиынтығы, тіршілік көзі.
Құдайға шүкір, ең астықты елде тұрып, аста-төк заманда өмір сүріп жатырмыз. Жер шарында азық-түлік тапшылығын көріп жатқан елдер әлі де жетерлік.
Жақында теледидардан Парламент Мәжілісінің депутаты Владислав Косеревтың дүние жүзінің көптеген елдерінде нанға құрмет есебінде Нан мерекесі тойланатындығын, аталмыш мәселеге байланысты біздің елде де әңгіме қозғалып жатқанын естіп, қуанып қалдым.
Ата-бабаларымыздың ұлы ұлағат­тарын орындау, нанды қастерлеу баршамыздың міндетіміз, ағайын!
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы саласының ардагері.
29 қаңтар 2018 ж. 3 283 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 87

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930