Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшелер болса бір бағыт, Алмаймыз уақыт ұрлатып...

Көшелер болса бір бағыт, Алмаймыз уақыт ұрлатып...

Өткен жылы базар маңында бірнеше мәрте жол көлік оқиғасы орын алды. Оған дейін «Қазалы» газетінде орталық көшелердегі кептелістер мен балалар көп жүретін аумақтардағы жолдың жайсыздығы туралы мәселе көтерілгенін оқырман қауым ұмыта қоймаған болар.

Мәселе мәтінінде сол маңдағы А.Байтұрсынов, Біржан сал, Әйтеке би мен Жанқожа батыр көшелеріндегі қозғалысты реттеу туралы ұсыныс айтылған. Оларды біріне бірін қарама-қарсы бірбағытты жолға ­ауыстырса, көлік қозғалысына қатысты бірнеше мәселе бір мезетте шешілетіні сөз болды. Бірер апта бұрын аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қоғамдастық өкілдері алдында жылдық есепті баяндамасын жасады. Сондағы бірқатар азаматтар да мұны кейінге қалдыруға болмайтын шаруаға балап, ұсыныс етіп көтерді.
Негізінен аталған көшелердегі көлік кептелісі жаға ұстатаны жасырын емес. Алда-жалда жолыңыз сонда түсе қалса ондаған минуттық уақытыңыз зая кететінін кенттегі кез келген тұрғын растап береді. Жалғызаяқ жолдың жиегіне қойылған көліктердің иесін таппай, әрі де, бері де өте алмай ашуға булыққан тұрғындарды талай көз көрген. Ал Әйтеке би мен Жанқожа батыр көшелерінде күндіз тасбақадан оза алмайсыз. Ал кешкілік қарама-қарсы бағытта жүйіткіген көліктен жаңғырық шығады. Кент тұрғыны Нұрболат Әмір есімді жігіт те мәселені біржақты етпесе қайғылы жағдай қатары көбейіп, кептеліс күшейе түсетінін айтады.
– Бұл көлік жүргізушілерінің арасында бұрыннан қызу талқыланып жүрген мәселе ғой. Өткен жылы көшелерді жөндеп біткеннен кейін бірбағытты жолға ауысады деп естіп едік. Базардың айналасындағы қозғалысты реттеу керек. Әрі-беріден соң адам көп шоғырланатын жер. Жол апаты да жиі орын алып жүр. Бұдан кейін мәселенің байыбына барып, нақты іске көшу керек емес пе? Мәселен, Әйтеке би көшесін теміржол вокзалына бағыттаса, Жанқожа батыр атындағы жолмен Қазалы қаласына барайық. Бұл ұтымды шешім болар еді. Жалпы аталған көшелердің бағыты биыл нақтыланатын түрі бар ма? – деп сауал бағытын бізге бұрды. Сәйкесінше, Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа хабарласып, жауабын сұрадық.
Әкімдік тарапы бұрынырақта да аталған мәселені кеңінен талқылағанға ұқсайды. Әрине екі бірдей алып көшені бірден бірбағытқа ауыстыра салу оңай шаруа емес. Алдыда басқа да құзырлы органдармен келісіліп, істі келте қылмау міндеті тұр. Кент әкімі осыған байланысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және аудандық полиция бөлімімен жол ережесінің Заңдылығына сәйкес кептеліс мәселесін шешуді қолға алатынын айтты. Осы орайда автотұрақтар кемшілігін де біржақты етіп, бір оқпен қос қоянды қағып түсіретіндеріне сендірді.
Әйтеке би кентінің әкімі әзірше Жанқожа батыр, Әйтеке би және Біржан сал көшелеріндегі кептелісті бірбағытты жол ету арқылы реттеуді жоспарға енгізіп қойған. Бірақ аталған бөлімдермен ақылдасып, бір шешімге келгеннен кейін ғана қай жолдың қайда алып баратынын сеніммен айтуға болады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
09 ақпан 2021 ж. 2 362 0

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 35

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031