“Ұлыстың ұлы күні жасалатын сыйлы ас”. Наурыз көжені қалай дайындайды?
Наурыз көже — Ұлыстың ұлы күні жасалатын сыйлы ас. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән қосылады.
Ұлыстың ұлы күнінде наурыз көжені келер жылғы молшылық, берекенің белгісі ретінде әрбір шаңырақ міндетті түрде әзірлейді. Осылардың қатарынан орын алатын жеті түрлі дәмнен жасалатын Наурыз көженің ерекшелігі қандай? Әр жаңа жылда дайындалатын осынау дәмнің құдіреті неде?
Су
Наурыз көженің ең негізгі компоненті – су. Болашақта ұрпақ өрбіп, судай тасып, көбейе берсін деген мағынада наурыз көжеге су қосады.
Адам шөлдегеннен гөрі аштыққа шыдамды келеді. Зат алмасудың барлық үрдістері судың қатысуымен атқарылады. Тамақты сіңіру, қанға нәрлі заттардың жетуіне әсер етеді. Зат алмасудың зиянды өнімі ағзадан су арқылы шығарылады. Организмде судың жеткіліксіз болуы шөлдеуге әкеліп соқтырады да, судың артық болуы жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысын қиындатады, қатты терлетеді, қалжыратады.
Ет
Дастарханының сәнін келтіретін етті жеті дәмнің ішіне “ас мол болсын” деген ырыммен қосады. Әдетте, наурыз көжеге сүрленген ет салынады.
Еттің дәмі әр алуан тағамдармен жақсы үйлеседі. Экстрактивті заттар етке хош иіс беріп, ас қорыту бездерінің қызметін жақсартады. Ет нәрлілік май тіндерінің мөлшеріне байланысты. Қоректік және дәмдік сапасы бойынша ең тәуір етте 14-19% ақуыз, 12-15% май болады. Еттің құрамында су (73-77%, ақуыз (18-21%), май (1-3%), дәрумендер (В1, В2, В6), минералды тұздар, экстрактивті заттар бар.
Сорпа
Ежелгі шығыс емшілерінің пікірінше, сорпаны тағам ретінде жиі пайдаланатын адамдардың қаны бұзылмайды. Сорпаның емдік қасиетінен бөлек, тойымдылығы да бағаланады. Оның азықтық нәрі көп, асты жеңіл таратуға, жұғымдылығын арттыруға әсері мол. Адам ағзасына қажетті заттардың 15%-дан астамы осы сорпада. Сорпасы нәрлі, еті жұмсақ, татымды, дәмді болсын деген етті салқын суға салып, қайнату керек. Ет қайнап жатқанда көбірек сапырылса, сорпа дәмді және құнарлы болады.
Дәнді дақылдар (тары, күріш)
Наурыз көжеге, сонымен қатар, дәнді дақылдар да қосылады. Мұның негізінде бір тамырдан өсіп өнген дәндер секілді ұрпағымыз жайылып, көбейсін деген мағына жатыр.
Тары, күріш, арпа, бидайдың тағамдық қасиеті жоғары және жұғымды калориялы болады. Бұл дақылдарда аз мөлшерде дәрумендер мен калий, кальций, магний, фосфор, темір тұздары бар. Сондай-ақ, ақуыз қозғалысты қамтамасыз етеді. Яғни бұлшық еттердің жиырылуы мен жазылуы үшін керек. Өкпеден сіңіріп алған оттегіні денеге таратады. Ұлттық тағамдардың жұғымдыларының бірі саналып, біраз ас түрлерінің дәмін келтіретіні – тары. Оның құрамына назар аударсақ, ақуыздың 10-15, көмірсудың 59, майдың 38, күлдің 3,6 %-ы барын анықтауға болады.
Ақ
Қазақ ақты ежелден қасиетті деп бағалаған. Сол себепті наурыз көжеге сүт немесе айран қосылады. Мұның негізінде сүттей ұйып отырайық, іргеміз берік болсын деген ниет жатыр.
Сүт дәрумендерге, көмірсу мен майларға, ақуыз бен минералды заттарға, микроэлементтер мен ферменттерге өте бай. Ал құрт – ұлттық тағам. Құртты 2-3 жылға дейін сақтауға болады. Ал сарысуын сүт қосып қайнатып ірімшік жасайды. Құрт өкпе ауруына ем. Ұзақ сапарларда құрт – әрі сусын, әрі қорек. Сары суын ауырған малға ішкізеді, шаш жууға болады, тері илеу үшін малма жасайды.
Май
Май – барлық азықтардың негізгі нәрі, ең негізгі құнары. Мал майының өткірлік, дәмділік, емдік қасиеттері бар. Майлар – тағамның қажетті және ең нәрлі құрамдас бөліктері. Ағзаға 1 грамм май сіңіп тарағанда, ақуыз немесе көмірсулар тарап сіңгендегіден 2 есе артық жылу қуаты бөлініп шығады. Майдың тағы бір қасиеті – ол өзімен бірге пайдаланылған басқа тағамдардың жақсы қорытылып сіңуіне ықпал жасап, оларға дәмді және хош иіс береді. Майда А, Д, Е дәрумендері бар.
Тұз
Наурыз көжеге дәм беретін тұз соңғы, жетінші тағам ретінде қосылады. Тұз – адам ағзасының қалыпты жұмыс істеуі үшін бірден-бір қажетті зат. Ол тағамның дәмін келтірумен бірге тіндердегі су мөлшерін реттеп, асқазан сөлінде тұз қышқылын түзеді. Адам ағзасына күн сайын тамақ арқылы орта есеппен 10-15 грамдай ас тұзы сіңіріледі. Ас тұзы тағамның барлық түріне қолданылады. Тамаққа тұзды дұрыстап салудың маңызы зор.
Наурыз көжеге қосылатын бұл 7 дәм сәттілік, байлық, атақ, кемеңгерліктің белгісі саналады.
Айта кету керек, Наурыз көже тек осы әдіспен ғана әзірленбейді. Еліміздің әр өңірінде тұрғындар өзгеше, түрлі дәмдермен даярлайды.
Бата
Ұлыстың ұлы күнінде наурызкөже ішерде ақсақалдар бата берген:
Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурызкөже де,
Толтырып ішкей кесеңе.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.
Ішінде жүрсе азғана,
Шайылсын өкпе, наз-нала.
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін Отаны.
Әспеттеп ата дәстүрін,
боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер,
Барыңның дәмді нәрін бер!