Наурыз – береке бастауы

Бұндай есімді иеленген жандар біздің арамызда аз емес. Солардың бірі – мектеп оқушысы Наурызбек. Ол барша халық ерекше көңіл-күймен тойлайтын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен тұспа-тұс дүние есігін ашқанын мақтанышпен айтады. Наурызгүл есімді бойжеткен «Менің туған күнімді менің жақындарым ғана емес, барша қазақ елі тойлайды» деп мереке күні өмірге келгенін үлкен жақсылыққа балайды.
Біздің сөздік қорымызда Наурыз күні, Наурыз айы, Наурызнама, Наурызкөже, Наурыз тойы, Наурыз жыры, Наурыз жұмбақ, Наурыз бата, Наурыз тілек, Наурыз төл, Наурыз есім, Наурыз шешек, Наурызша, Әз, Қыдыр, Саумалық, Мұхаррам (тыйым), Самарқанның көк тасы деген тіркестер бар. Бұлардың барлығы дерлік Наурыз мейрамына орайластыра айтылған атаулар.
Мәселен, «Наурызкөкті» алайық. Наурызкөк– наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсты шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер "Наурызкөгім келдің бе?" деп шақырады және де жем шашады. Наурызкөкті ешкім қумайды, үркітпейді. Халқымыз оны бақыт құсы қатарына да қосады екен. Ал, деректерге сүйенер болсақ, Наурыз шешек – наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түрлі гүлді, қауашақты әсем өсімдік (шөп). Әсемдік үшін үйде де өсіреді. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Наурыз шешек "Қызыл кітапқа" енген сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады. Наурыз төл аты айтып тұрғандай, наурыз айындағы мал төлі. Олар «наурыз төлі» деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, малжанды қазақ баласы оны ерекше күтіп баққан. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Қазақ мұндай малды көбінесе өз қызығына, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді
Ал Сіз «Саумалықтың» не екенін білесіз бе? Ел аузында жаңа жыл келген күні саумалық жыр айту дәстүрінің бар екендігі айтылып жүр. Ол жыр:
Саумалық, Саумалық,
Қап тауының көк құсы,
Ұйқыдан көзін ашты ма?
Саумалық, Саумалық,
Самарқанның көк тасы
Жіберді ме, көрдің бе? – деп жалғаса береді екен.
Ертеде Шығыс елдері Наурызды «Мұхаррам» деп атаған. Мұхаррам — араб сөзі. Оның мәні қасиетті айда табиғатты ластауға, тәртіпсіздікке, ұрлыққа, ғайбат сөзге, ішімдікке тағы басқа жағымсыз істерге тыйым салынумен ерекшеленеді. Демек, мұсылман елінде наурыз әдептілік, адамгершілік, пәктік сияқты асыл қасиеттерді дарытатын, дамытатын, ұлықтайтын ай ретінде дараланған.
Аңыз бойынша, әйгілі астроном Ұлықбектің обсерваториясында сақталған көк тас болыпты, наурыздың 22-сі күні тасқа күннің сәулесі түсіп, оны жұмсартады деседі. Адамдар арасындағы «Бұл күні Самарқанның көк тасы да жібиді, тастан қатты емес шығарсың?» деген теңеу содан қалса керек. Наурыз күні бұрынғы өкпе-реніштер ұмытылады.
Наурыз – жақсылыққа, ынтымаққа, берекеге бастайтын мереке. Сондықтан жаңа күнді ізгі ниет, жақсы амалдармен қарсы алған жөн. Ұлыстың ұлы күні оң, ақ мол болып, әрқшан дастарханымыздан дәм үзілмесін!
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.