Наурыз мерекесіне қатысты қандай ұғымдар бар?
Ұлыстың ұлы күні
Наурызды не себепті Ұлыстың ұлы күні деп атағаны жөнінде мынадай аңыз бар: Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына тоқғанда, жер бетін жайлаған топан су кері қайтады. Барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татады. Содан бұл күнді – ұлыстың ұлы күні деп жариялайды.
Самарқанның көк тасы жібиді
“Наурызда Самарқанның көк тасы жібиді” дейді. Бұл туралы ел аузында жүрген бірнеше аңыз бар. Соның бірінде: “Самарқанда Әмір Темірдің көк түсті лағыл тастан жасалған тағы болыпты. Сол хан Наурыз күні қаһарынан қайтып, өлім жазасына кесілгендерге кешірім береді екен. «Самарқанның көк тасы жібиді» деген сөз осыдан қалған”, – деп айтылады.
Профессор Т.Қордабаевтың зерттеулеріне сүйенсек, Наурызда Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген тасқа күн сәулесі тікелей түсіп, әлгі тас жібиді екен деп те айтылады.
Араздасып қалған адамдар бұл мейрамда бір-бірін кешіріп, төс қағыстырып, достасады. Ымыраға келе алмаған жанға: «Сен тастан да қаттысың ба, бұл күні Самарқанның көк тасының өзі жібиді»,- деп наз айтатын болған.
Әз
Күн мен түн теңескен кезде жер-көкті жарып бір гуіл естіледі. Оны халық жан-жануар ішінде қой ғана сезеді деп есептеген. Сол үнді «әз» дейді. Халық арасында осы үннен кейін жер аяғы кеңіп, күн жылынады деген сенім бар. “Әз болмай, мәз болмайды” деген содан шыққан.
Наурыз көже
Наурыз мейрамының басты тағамы. Оның нақты мәзірі жоқ. Бастысы, жеті түрлі тағамнан жасалынады. Халық арасында “Көжені тойып ішсең, жыл бойы тоқ болып өтесің” деген сенім бар. Ол — тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы.
Бел көтерер
Наурыз айында жасалатын тағамдардың бірі. Оны көбінесе қарттарға арнап әзірлейді. Бұл әрі жұмсақ, әрі дәмді, нәрі мол қазы, сарымай, жент, қымыз, ақ ірімшік, бал тағы сол сияқты тамақтардан дайындалады.
Уыз бата
Наурыз айында күн жылып, күн күркіреп, жаңбыр жауған соң, көк шөп шыға бастаған уақыт. Осы кезде ауыл адамдары далаға шығып саумалық айтып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді. Оны өлеңмен айтады:
Саумалық, саумалық,
Наурызшаның көк құсы,
Ұйқыдан көзін ашты ма?
Саумалық, саумалық,
Самарқанның көк тасы,
Жібіді ме көрдің бе?
Саумалық, саумалық,
Ескі жылы кетіп, жаңа жыл келді.
Ескі жыл есіркей кет,
Жаңа жыл жарылқай кел, — деп бір ескі ыдысты сындырып, «жамандық кетсін» деп ырым жасайды.
Наурызек
Наурыз айында алғашқылардың бірі болып ұшып келетін құс. Оны ел арасында наурызкөк, көкқұс, жылқышы құс деп те атайды. Оны көргендер: «Наурызкөгім келдің бе?»- деп шақырып, жем береді. Бұл құсты үркітуге болмайды.
Наурызтөл
Төрт түлік мал наурыз айынан бастап төлейді. Оларды «наурыз төлі» деп атайды. Төл басы болғандықтан, ерекше күтімге алынады. Оны сатпайды, ешкімге сыйға бермейді. Көбіне өз қызығына, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді.
Наурызшешек
Наурыз айында өсетін әдемі гүлді өсімдік. Ол қар ери салысымен бүр жарады. Сәуір-мамыр айында толықтай гүлдейді.
Наурызшешекті үзіп, жұлуға болмайды. «Биыл біреуін үзсең, келесі жылы он гүл шықпай қалады» деген ырым бар.
Наурызшешек Қызыл кітапқа енген.
Наурызша
Күн жылы кезде жауатын жұқа қиыршық қар. Ол жерді жасыра алмайды, әрбір жерде күнге шағылысып, жылтырап жатады. Ол жеңіл әрі үлпілдек болады.
Құс қанаты
Наурыздың ақша қарын «Құс қанаты» деп те атайды. Себебі қар құстың мамығы сынды үлпілдек болады, артынан жаңбыр араласып жауып, суық жел тұрады, ауа райы күрт өзгереді. Бұл кезде құстар жылы жақтан орала бастайды.
Аласапыран
Құс қанатының қары еріген кезде өкпек жел тұрады. Айналаның бәрі лайсаң тартып, балшық болады. Осы уақыт «Аласапыран» деп аталады.
Бестоғынақтың бет жауары
Наурыз айының соңында 5-10 күн қатарынан жауатын жауын. Ол шаруаға жайлы жағдай туғызып, егіннің бітік шығуына септігін тигізеді.
Алтынкүрек
Батыстан соғатын жылы жел. Ол қар мен мұзды ерітіп, күннің ызғарын сындырады. Алтынкүректен соң бәйшешек бүр жарады. Желдің бұлай аталуына оның қар мен мұзды бес-алты сағаттың ішінде ерітіп, қыс бойы адам күрекпен күреп тауыса алмаған қарды бір өзі «күреп» тастайтыны себеп болған.