Қазақ пен қазан – егіз ұғым
Көп бола қойған жоқ. Көрші Қасым темір-терсек жинап, сатумен айналысатын. Жағдайын білейін деп ауласына кіргенмін, үйіліп жатқан метал арасынан екі-үш үлкенді-кішілі қара қазанды көзім шалды. Ескі дейін десең, ешбірі жері ұшпаған, тесілмеген қазанды біреу керексіз дүние ретінде тиын-тебен үшін өткізген. Қазақ үшін ерекше қара қазанның бұлай жатқанын көргенде көңілім жүдеп сала берді.
Баяғы баба қазақта «қара қазан, сары баланың қамы» деген әспетті сөз бар. Тіпті, ереуіл атқа ер салып, елі үшін етігімен су кешіп өткен баһадүр Махамбеттің жырында да: «Қара қазан, сары баланың қамы үшін қылыш сермедік», – дейтін семсер сөз де байқалмаушы ма еді?! Ал «Қазан шайқалса, ырыс шамданады», – деген аталы сөздің астарына үңілсеңіз, бір ұлттың ырысы, бүтін ұлыстың тіршілік нәрі қарапайым қара қазанда тұрғанын, ол шайқалса, төгілсе елдің ертеңі қараң екенін байқатады. Бұл сөздің түп-төркіні ырыстың қадірін біліп, ысырапқа әсте жол бермеу керектігін аңғартады.
Өз заманында қазақтан шыққан атақты ғалым Әлкей Марғұлан да қазанның қасиеті туралы өз пайымын айтып кеткен. Онда ғалым «Құламерген» жырының желісіне ерекше назар аудара келе, қазанға байланысты арнайы: «Қазан мықты болса, ел де мықты. Қазан – шаңырақ сияқты, бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса, ел де құриды», – деп жазады. Міне, мұнда да қазанның құшағы құтқа толы анадай елді асыраушы, шын мәніндегі ырыстың ұйыған ошағы екенін аңғарамыз. Әрине, мұнда ол құрыса, ел құриды деген сөзді былайғы жұрт та түсінсе керек. Яғни, қазанынан асы кеткен елдің күші кететінін тарихта кескілесіп ұрыс салған әр екі тарап жақсы түсінген. Сол үшін жауласқан елді азық-түліктен тарықтыруға тырысыпты. Шамасы келсе, қазан-ошағын төңкеріп, қазынасын талап кетуді мақсат етіпті.
Қазан-ошақ төңкеру демекші, аталмыш дүниені төңкеріп қою ежелден жаман ырымға баланған. Мәселен, шаңырақта адам қалмай, бәрі о дүниелік болса, үйдің қазаны төңкеріліп қойылған. Бұл салттың әуелгі мәнісі – «шаңырақта енді түтін түтететін адам жоқ» дегенді білдірген.
Ел аузындағы «Қазаның төңкерілсін» деген қарғыс та осы жағдайларға байланысты айтылса керек-ті. Енді бір тұрғыдан келгенде, осы қазан төңкерілуінің өзі көшпенді халық санасында шартты түрде соғыс зұлматын көзге елестететін бейнеде жатталып қалғаны бар. Олай болуының бір себебі, қаншама ұрпақ ел басына күн туған алмағайып шақта осы қара қазанның астын паналап аман қалды.
Археологиялық қазба жаңалықтарына біркісідей қызығатын біздің есімізге Аралтөбе обасынан табылған көне дәуірдегі сармат абызының көрханасы есімізге түседі. Сол қорымға жерленген адам сүйегінің қасында қазан-ошақ мүліктерінің жатуында еді. О заман да бұ заман, қазан-ошақпен бірге жерленгені несі дерсіз, бәлкім?
Бүгінгі жаһандану жан алқымнан алып, өзімен-өзі жанталасқан қоғамда қазаннан қақпақ қана емес, қадірдің де кете бастағаны рас. Түрлі металдан түйін түйіп, алуан техника түлеткен ХХІ ғасырдың талабы да бөлек. Тиісінше, бүтін бір ұрпақ қазақтың дәстүр діңгегінен ажырап бара жатқандай. Осындайда: «Қазан қазақпен қай ғасырдан бері бірге?» – деген сауалдың туатыны анық.
Ойлап көріңізші, бұл жерлеу рәсімінің сыр-сипаты айтыла бастағанда сіздің есіңізге ең әуелі не түсуі мүмкін?! Әрине, қазақтың «жеті қазына» атауы. Осы ретте, басқасы бар десек те, қазан-ошақ атауы ол тізімде жоқ емес пе деп қайыра сауал қоятындардың да табылатыны рас. Бұл туралы бұрын да түрлі талқы өрістеп, тың көзқарастар көтерілген-ді. Соның көбінде ер-азаматтың есен-саулығының, «сары баласының» амандығының, отбасы ұйытқысының кепілі болған қазан-ошақтың қасиеті айтылып, «жеті қазына» қатарында осы мүліктің болғаны жайлы ой да қозғалған. Ал тарих бәріне адал, бәріне өкім айтушы екенін қаперге алсақ, қазан-ошақтың қадірі Аралтөбе обаларындағы әлгі бір қорым төңірегіндегі ақиқаттан аңғарылады.
Енді ел өміріндегі, анығы қазақ салт-дәстүріндегі атаулы ыдыстың ырысқа байланысты қалыптасқан қасиеттік мәні туралы бастапқы ойымызды онан ары жалғастырайық. Ол үшін әуелі күнделікті өмір салтымызда өзімізге де тайға таңба басқандай анық жайттарға мойын бұра кетеміз. Мәселен, жақсылыққа жаны құмар, ізгілікке көңілі жомарт қазақтың «енші» дәстүріндегі бір жайтты атасақ, ер баласы еншісін алып бөлек шыққанда да үлкендер сол отауға әуелі сый ретінде үлкен қазанды алып баратынын білеміз. Ондағы мақсат та, тілек те біреу – отынан қазан, үйінен қонақ арылмасын деген пейіл.
Ол ол ма, Ұлыстың ұлы күні айтылар тілек «қазаның аққа толсын!» деген ақжарма сөзде бар. Сосын барып, «қамбаң дәнге толсын» деген жүрекжарды тілек жұптасып айтылады емес пе? Былайша айтқанда, қазанның тоқтығы тек қу құлқынның тоқтығын ғана күйттей айтылған жалаң тілектің жадағай сықпыты емес. Тиісінше, ақты – қасиетті сүтті тілге тиек ету арқылы ырысың, берекең, қасиетің артсын деп көп тілектен ақжармасын асырып айту.
Үлкен көлемдегі тайқазан бүгінде ел ішінде де бар. «Тайқазан шарасы» деген шекті шеңберде белгілі мереке-мейрамдарда ғана сұранысқа түседі. Тайқазан дегенде түркі әлемінің есігіне баланған Түркістандағы тайқазан көз алдыңызға елестейді. Осы ретте тағы бір қызықты жайтты айта кетудің сәті түседі.
Тарихқа жүгінсек, көреген қолбасшы, «Дала жолбарысы» атанған Әмір Темірдің тапсырмасымен 1399 жылы әйгілі тайқазанды жасатуға жер-жаһанның ең мықты ұсталары шақырылғаны айтылады. Сол сыны бөлек сырлы мұраның сыртына Құран сүрелері жазылғаны да көпке аян. Ең қызығы, қасиетті қазаннан Әмір Темірдің сарбаздары тойып тамақ ішкен еді. Ол аз десеңіз, әмірші жорықтардан келгенде тайқазанға толтыра су құйдырып, ішіне қант қосып, шаршап-шалдыққан сан мың адамға «шәрбат» татқызған деседі. Демек, қазанды қалай қастерлеудің озық үлгісін ұлы тарихтың өзі-ақ дәлелдеді деген сөз емес пе бұл?!
А.БАҚЫТҰЛЫ