Сәлем – сөздің анасы

«Ассалаумағалейкум» деген сөздің соңында мол жақсылық ілесе жүреді. Бұл сөздің мағынасы – «Сіздің үйіңізге Алла бейбітшілік берсін!» дегенді білдіреді. Мұсылман баласы үшін сәлем алу – парыз. Сәлем алмаған кісі сол жақсылықтан құр қалады. Үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу осы сәлем беруден басталады. Таныстықтың алды, жақсылықтың басы – дұрыс амандасудан, сыйлап танысудан басталады. Көңіл құлпын ашып, жан сарайын аралап, сыр-түйіншегін шешу де, достасу да осы сәлем беруден басталады. Сондықтан сәлемге ерекше көңіл бөлген жөн.
Сәлем – сөздің қақпағы іспеттес. Қазақта сәлем берудің түр-түрі бар: «жол үстінде сәлем беру», «іздеп барып арнайы сәлем беру», «қара шаңыраққа сәлем беру», «ата-баба әруақтарына сәлем беру», «құрмет-сый көрсеткен халқына сәлем беру».
Кейде сәлем бермейтін кездер де болады. Мәселен, моншада сәлем беруге болмайды. Домбыра шертіп, ән айтып отырған адамға сәлем бермейді. Жоқтау айтып, жылап отырған адаммен де амандаспайды. Намаз оқып жатқан адамның ғибадатын бұзбау үшін сәлем бермейді. Мал бауыздап жатқан адамға, қабір басында құран оқып отырған адамға сәлем бермейді.
Қазақ атамыз тіпті иесі жоқ бос тұрған үйге де сәлем беріп кірген. Себебі иен үйді күзетіп, төрінде Қызыр пайғамбар отырады деген наным бар.
Сонымен қатар, қазақтың келіндері жолдасының жасы үлкен туыстарына оң тізесін бүгіп сәлем салған. Мұндай кезде үлкендер жас келінге «бақытты бол», «көп жаса», «ұл тап», «көсегең көгерсін», «мұңсыз бол» деп, алғыс айтады.
Болат БОПАЙҰЛЫ,
этнограф