Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздік тауар үлгісі анықталды

Үздік тауар үлгісі анықталды

Дәстүрлі «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы республикамыздың барлық аймағында ұдайы ұйымдастырылып келеді. Мұндай үрдіс біздің өңірде де өз жібін үзбей, өткен сәрсенбіде жалғасын тапты. Облыс орталығында өткен жергілікті тауар өндірушілер байқауына 67 кәсіпкер қатысып, көпшілік назарына азық-түліктен бастап өнеркәсіптік өнімдерге дейін тауарларын ұсынып, көрменің көрігін қыздырды. Қонақтар ұсынылған өнімдермен танысып, оларды сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Шараға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, сондай-ақ құқық қорғау органдарының бірінші басшылары мен кәсіпкерлер қатысып, көрмеге қатысушылардың өнімдерімен танысып шықты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев байқауға қатысушыларды құттықтап, өңірдің өңдеу өнеркәсібі саласындағы жұмыстарды саралады.
«Соңғы жылдары Қызылорда облысында өңдеу өнеркәсібі 18,2%-ға артып, өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 21%-дан асты. Жылына 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуда. Бүгінде 65 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасайды. Мұнда 121 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттардан бастап, жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік субсидиялар беру арқылы инвестициялық, қаржылық, инфрақұрылымдық қолдау көрсетілуде. Биыл жеке кәсіпкерлікті қолдаудың барлық көзінен 30 миллиард. теңгеден астам қаржы қарастырылды. Мемлекет басшымыз экономиканың нақты секторын кедергісіз несиелендіру мақсатында бизнес субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру жүйесін енгізуді көздейтін заңнамалық актіге қол қойды. Бұл – кәсіпкерлерге үлкен қолдау. Енді бизнес өкілдерінің екінші деңгейдегі банктерге кепіл ұсыну мүмкіндігі болмаса, оған арнайы кепілдік қорының қаржыландыруы арқылы қол жеткізе алады. Баршаңызды алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай еңбек етуге, мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырамыз. Аймақтық конкурстың жеңімпаздары республикалық байқауда үздіктер қатарынан көрініп, Сыр өңірінің мерейін үстем етеді деп сенеміз!» – деді Н.Нәлібаев.
Байқау барысында қатысушылардың өнімін арнайы сарапшы топ жұмысы бақылауға алды. Сонымен сарапшылардың саралауы бойынша үздік тауар үлгісі ретінде 9 жеңімпаз танылып, оларға ноутбук сыйға тартылды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» бағамы бойынша тыңайтқыш өндірісі саласындағы «Агрохимсервис», цемент өндірісіндегі «Компания Гежуба Шиелі Цемент» және шыны өнімдерін шығаратын «Орда Гласс ЛТД» серіктестіктері жеңімпаз атанды. «Үздік азық-түлік тауарлары» бағамы бойынша «Асыл дән LTD», «Таң LTD» күріш өндіруші серіктестіктері, «Әль Баракат Дистрюбишн» жартылай фабрикат өндіруші серіктестігі марапатқа ие болды. «Халыққа арналған үздік тауарлар» бағамын «Панабек», «Сыр жиһазы KZ», «Арт-групп Сервис» серіктестіктері жеңіп алды.
Айта кететін жайт, бұл көрме-байқауда ауданның танымал әрі тәжірибелі кәсіпкерлері де төбе көрсетті. Олар түрлі өнімдерді таныстырып қоймай, көптің көзайымына айналды. Көрме көрерменіне жергілікті тауар өндірушілердің ағаштан жасалған бұйымдарынан бастап құрт, күріш, тері, балық, гранула, сабын, сүт сияқты өнімдері ұсынылды. Қала тұрғындары мен қонақтары жеке кәсіпкер «Дұрзан Азима»-ның түлкі терісінен жасалған тымағы мен қоян терісінен дайындалған қолғабына қызығушылық танытып, ерекше бағалады. Сондай-ақ жеке кәсіпкер Руслан Бөлекбаевтың сабын өндірісі де тұрғындарды тәнті етті. Тіпті тұрғындар тарапынан сұраныс артып, «қара сақар» сабынының саудасы қызды.
Байқау барысында қазалылық кәсіпкер Талғат Ембергеновтің ағаш бұйымдарына сарапшылар оң бағасын берді. Сөйтіп оның жұмысы арнайы аталымға ие болды. «Бұл бізді бұдан да жақсырақ жұмыс істеуге ынталандыратын ерекше марапат болды" дейді ағаш шебері Талғат Аманбайұлы.
Ал «Мұндай көрме-байқаулардың маңызы зор» деген Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданы бойынша филиалының директоры Маржан Ким: бұл байқау өндіріс орындарының сапа менеджментін қалыптастыруына сөзсіз септеседі дейді.
– Расында, бұл бағыттағы байқаулар аудан бизнесінің дамуына даңғыл жол ашады. Сондай-ақ үздік тауар үлгісіне айналуға, сондай-ақ отандық бизнесте бәсекеге қабілеттілік пен экспортқа бейімділік деңгейін биіктетуге мол мүмкіндік береді, – деді ол.
Жалпы өңірлік өнім өндірушілердің қайсысы да жеңіске жетсе, аймақ үшін зор қуаныш боп қала бермек. Бастысы «Қазақстанда жасалған» бренді ел аумағында ғана емес, әлемдік аренада беделімізді арттырса болғаны. Көрме төрінен табылған жергілікті тауар өндірушілер өндіріс сапасын одан әрі арттырып, үдеден шығуға талпынса, «Қазалы» бренді де көп күттірмей «үздіктер үлгісіне» айналады деп үміттенеміз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
05 шілде 2025 ж. 41 0

Биіктей бер, бас қала!

05 шілде 2025 ж. 37

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031