Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Дасқал ақынның домбырасы

Дасқал ақынның домбырасы

Фото: ашық дереккөзден алынды
Тәуелсіз еліміздің орталығы Астана қаласында өмірдің сан-қилы ащы-тұщысын көп көріп өскен қазыналы қарттар көп. Солардың бір тобы ауылдық жерде туып-өсіп, ұрпақ жайып, оларды өсіріп, тәрбиелеп, оқытып, үйлендіріп, өрісін кеңейткендер. Бүгінгі күні еткен еңбектерінің зейнетіне жетіп, жасы ұлғайған кезде Астанаға келіп, ұл-қыздарының қамқорлығында, немерелерінің қызығына тоймай, алды шөберелерінің қолынан су ішіп дегендей марқайып отырғандар. Осылардың ортасында ата-баба жолымен, түрлі себептермен аракідік бас қосып, еркін әңгімелесіп, пікірлесуді дәстүрге айналдырған.
Жуырда бір топ ардагерлер болып кезекті бас қосудың реті келді. Басты себебі, Қызылорда облысының Қазалы ауданында туып-өскен, бұл күндері Астана қаласына іргелес «Талапкер» елді мекенінде тұратын Нұрлан Өтепбергеновке «Қызылорда облысының ардақты ардагері» атағы беріліпті. Соны омырауына тағып, құтты болсынымызды айтып, қуанышына ортақтасу. Осылайша әрі менің бірге оқыған сыныптасым Нұрлан мен жұбайы Алтынның шаңырағында бас қосып, кең жайылған молшылық дастарханнан дәм татып, балалары мен келіндерінің құрақ ұшып жүре жасаған қызметін көрдік. Арнайы келген міндетімізді орындап, шын жүректен шыққан тілектерімізді айттық. Ортамыздағы құрметті інілеріміздің бірі – Қазалы қаласында туып-өсіп, еліміз егемен ел атанып, жаңа қоғамға халқымыздың бейімделу кезеңіндегі кездескен сан қилы қиыншылықтар кезінде Сарыарқаға келіп, халықты ұйымдастырып, егін егіп, елге танылған Ұлықпан мен жұбайы Задаш Нұрланға сәнімен тігілген жарасымды бөркімен шапан жауып, Алтынға оқа-зерлі қамзол кигізді. Қуаныш иелеріне басқа да қошеметтер көрсетілді.
Арасында бір бөлмеде өміріміздегі өткен-кеткенмен сабақты әңгіме арасында алдағы кезде балаларымызды да жақын таныстыру шараларын ойластыру жайлы көңілге қонымды ұсыныстар айтылды. Біздің осы жақсы дәстүрімізді осылар жалғастырса нұр үстіне нұр емес пе?!
Бір кезде менің қабырғада ілулі тұрған домбыраға көзім түсті. Нұрланнан мына қазақтың қасиетті домбырасын кім тартатынын сұрап едім.
– Ол он сегізінші ғасырда өмір сүрген атақты Дасқал ақынның домбырасы ғой, - деп бізді таңқалдырды. Оның тарихы үлкен. Тыңдасаңыздар айтайын, - деп сөзін жалғастырды Нұрлан досым. Біз бұл жаңалықты есітіп, елең ете қалдық.
Оның мәнерін келтіре айтуынша, Найзағұлдың Өтепбергенінен өрбіген үш ұлдың бірі, менің үлкен атам Пана жасынан өлең-сөзге бейім болған деседі. Ол кезінде ел мен жердің, халықтың тағдырын шешуге қатысты істерге араласып, болыстық қызмет те атқарған.
Дасқал ақынның қартайған кезі болса керек. Бір кездесіп қалған отырыста, сөз арасында ол Панаға атасы Найзағұлдың көзі тірісінде өз бейітін өзі салдырғанын айтып, «Аталарың өлсе көмусіз қалатындай, тірісінде тамын салдырған» деп өлеңмен сынай тиіседі. Сонда менің атам Пана бозбала кезі болса да:
Басы ұзын етігіңнің, қонышы қысқа,
Өзін де шебер адам пішкен екен.
Басың таз, көзің соқыр, жауырының қисық,
Құдай да қыр ізіңе түскен екен, -
дей келіп, атамның тамын айтып кеміткенше, онан да өзіме тиіспедің бе? – деп жауап беріпті. Сонда Дасқал ақын жасқанбай ұтымды айтқан сөзіне риза болып, өзінің емен домбырасын менің атам Панаға сыйға тартқан екен.
Міне, бұл сол Дасқал ақынның домбырасын жұбайы Алтын екеуі осы кезге дейін көненің көзіндей сақтап келе жатқанын тілге тиек етті. Сөйтіп, Қазақ Педагогикалық Ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық Педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сараш Сахиқызының құрастыруымен Алматы қаласындағы баспадан 2021 жылы шыққан «Аранды жырлары» атты көлемді, қызыл мұқабалы кітапты алдымызға қойды.
Шынында осы кітаптың 21-бетінде Пана Өтепбергенұлы (1870-1969) деген тақырыпта суретімен беріліп, жоғарыда айтылғаннан басқа да тың деректер келтіріліпті.
Міне, қызық. Ойламаған жерден осыдан бір жүз алпыс жеті жыл бұрын дүниеге келіп, өмір сүрген, өз тіршілігімен күн көрген қарапайым шаруа, табиғи тума талантымен жырау әрі суырып салма ақын атағымен осы кезге дейін ел есінде жүрген Дасқал Сәрсенбайұлының қолынан шыққан домбырасын қолға ұстап көріп, осы кезге дейін сақталған тарихи құнды жәдігердің куәсі болдық.
Сыр бойына суырып салмалығымен аты шыққан, Қазалы, Арал өңіріне кеңінен танылған Дасқалдың айтыскерлігі жайлы аңызға бергісіз әңгімелер, тарихи деректер көп. Бірақ, елге ауызекі таралғанымен, бір ізге түсіріп, жинақталмаған. Дасқал жайлы бірсыпыра әңгімелерді мен шала сауатты болса да бір есіткенін ұмытпай, аңыз әңгімелерді, эпостық жырларды, шешендік сөздерді нақышына келтіре айтатын, құймақұлақ атанған өз әкем Айтуғаннан жастайымнан есітіп өстім. Ол «Баласы Сәрсенбайдың Дасқал едімін» реті келген ортада жатқа айтып отыратын.
Жоғарыдағы отырыста айтылғандардан кейін ел аузындағы тарихи деректерге қызығушылығым ұстап, Дасқал ақын жайлы өзімше біраз зерттеуге тура келді.
Жуырда ғана өзім туып-өскен Қазалы ауданында болғанда кездескен қазыналы қарттардан Дасқал ақын жайлы сұрастыра бастадым.
Бұл күндері сексен бес жастағы көпті көрген, қатардағы еңбек адамы бола тұра өмірден көргені, онан түйгені көп, қазыналы қарттардың бірі, кездесе қалғанда әңгімеміз жараса қалатын Иімбет баласы Құдайберген ағамыздан көп мағлұматтар естідім.«Қожабақы» ауылының тұрғыны жетпісті алқымдап қалған Сегізбай Түрекешов ініміздің есітуінше Дасқал Сәрсенбайұлы Аранды мен Қожабақы ауылының ортасында «Сәрсенбай көлі» деген жерде туып, «Құланбайда» өскен. Ол Бозкөл мен Қожабақы ауылдарының ортасындағы «Көшен» қорымында жерленген, қайтыс болған жылы осы кезге дейін белгісіз.
Бір деректерде қазіргі Арандының маңында, алты-жеті шақырым теңізбен шектесер жерде «Ақүрме», «Қалбике» деген елді мекендер болған екен. Сол елде Үркімбай деген ата-бабасына беретін асқа шақырыпты. Соған бармақ болған ауылдастары Дасқалды да бірге баруға көндірген көрінеді. Сол ауылдастарының арасынан бірі Дасқалға сені елдің бәрі суырып салма ақын әрі жырау дейді. Ауылдан шыққаннан бастап межелі жерге жеткенше екі аралықтағы жер аттарын домбырамен әндетіп, жырға қосып, өзіңнің өнеріңді бір көрсетші деп қолқа салса керек.
Осылайша асқа баруға шыққан бір топ адам «Арандыдан» нұраның басына шыға бергенде Дасқал ақынның домбырасын қолға алып, жол үстінде жүрегінен шыққан жыры екен:
ЖЕР-СУ АТТАРЫ
«Ақүрме», «Қалбике» мен «Күйікқала»,
«Бесарал», «Түбек», «Тама» - жерің дала.
«Қақыралы», «Қарғақұмы», «Қарамола»,
Бойында «Қойкешкеннің» - «Жетімнұра».
Айтайын білген жердің атын теріп,
Жігітке өтірік сөз болар күнә.
«Шөлқұмның» етегінде «Серкесойған»,
Қылтиып қалар «Жаңшы» анадайда.
Үстінен «Лайқақтың» кесе өткенде,
Көрінер «Мәулімберлі», «Естекбай» да.
«Жақсыбай», «Шағырлыкөл», «Әлдеберген»,
«Көсікті» - малға жайлы әрбір жерден.
«Тасоба» - күздігүні әрі малға от,
Көрінер «Бектің тамы», «Бозкемерден»,
«Шүңгілі Бекетайдың», «Кіпенқостам»,
Басынан «Марқабайдың» түлкі қашқан.
«Үшқора» үй басына қауын егіп,
Қауыны пішенімен араласқан.
Кетіпті басқа қарай «Жалғызарық»,
Сағасын «Құрттыкөлден» алған жарып,
Дәуірі ертеректе өтіп кеткен,
«Қараойға» құлап жатыр алды барып.
«Найзағұл», «Арандықыр» жотасымен,
Барады шабық ауыз арайланып.
«Сағындық», «Отар тамы», «Тілеу тамы»,
«Сынасап», ойда «Мортық», «Игіс», «Әлдек».
Жағалай «Сарытөбені» ел жайлаған,
Қамысын отқа жағып, пішенін жеп.
«Жаманкөл», «Айдарбек» пен «Мапакөлде»
Шығады «Жыландыға» әртүрлі шөп.
Жігітке жаздыгүні мал табылар
Бел шешіп, терін төгіп, етсе еңбек.
«Құланбай», «Орақ тамы», «Арандықыр»,
«Ашабай», «Қарлаң», міне, алдыңда тұр.
Әулие Адам – Ата, «Қосым қожа»
Халықтың ұмытылмай жадында тұр.
Орынбор есітемін алыс деген,
Алысқа кім бармайды дабыспенен.
Бір-екі «Ақмешітте» болғаным бар,
Айналып «Қызылжыңғыл», «Бабыспенен»,
Дарияның арғы беті, бергі беті,
«Бесқопа», «Қарауылтөбе» - елдің шеті.
Айтсақ та ермек үшін жол қысқартып,
Бұл-дағы қызыл тілдің кереметі.

Бұл біреуден біреуге ауызекі айтушылар арқылы бізге дейін жетіп, оны бұл күндері жергілікті термешілер айтып жүр.
Сегізбай ініміз өзінің қалтасындағы осы күнгі заманауи телефонына жазып алған Дасқалдың «Жер-су аттары» жырының бір нұсқасын Қазалы қаласының тұрғыны Едіге Айдаровтың орындауында тыңдатып, мәз болып қалдық.
Ал, Жеткербай Даңайұлы мен Ермек Жұмахметұлының 2020 жылы баспадан шыққан «Бабалар аманаты» атты кітабында да Дасқал ақын жайлы құнды деректер келтірілген екен.
Сонымен Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы «Сарытөбе»маңында 1858 жылы дүниеге келген. Әкеден жастайынан жетім қалған Дасқал қаршадайынан байлардың қойын бағып, жоқшылықтың тауқыметін тартады. Жастайынан табиғи талантымен аузынан шыққан сөздері өлең болып ұйқасып кете берген. Келе-келе үстем тап өкілдерінің әділетсіздіктерін сынап, шындықты беттеріне айтамын деп Қазалы түрмесіне қамалған кездері де болған. Ол өз заманында айтыс ақыны ретінде Ташкент шаһарында, Қарақалпақ елінде сөз сайысына түскен. Оның шығарған ұзақ дастан, өлеңдері осы кезге дейін ел аузында жүр.
Міне, Қазалы ауданының құрметті азаматы, Қызылорда облысының ардақты ардагері Нұрлан Өтепбергеновтің үйінен көрген Дасқал ақынның қолынан шыққан, бір жарым ғасыр бойы сақталған домбырасын туып-өскен жердегі аудандық тарихи-өлкетану мұражайына алдағы уақытта тапсырып, ұрпаққа тарихи құнды жәдігер қалдыру жөнінде біз сөз арасында ой тастадық.
Осылайша Нұрлан мен Алтынның отбасында бас қосып, еркін әңгімелескен бір топ ардагерлер ризашылықпен тарастық.

Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Қазалы ауданының Құрметті азаматы

05 шілде 2025 ж. 36 0

Биіктей бер, бас қала!

05 шілде 2025 ж. 38

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031