Саябаққа сергек қарайық
Тарихын түгендеп, келешегіне үмітпен қарайтын қазалылықтар үнемі жақсылық пен жаңашылдықтың жаршысы, жанашыры болуға тырысады. Жыл өткен сайын ауданның дамып, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалының жақсаруы соның айғағы десек қателеспейміз. Ал оның ішінде қоршаған ортаны күтіп ұстап, тазалық жұмыстарын жүргізу де мұндағы жұртшылықтың ауызбіршілігінің көрінісі.
Өткен сенбіде Әйтеке би кентінің орталығындағы Жанқожа батыр кесенесіне сенбілік жұмыстары жасалды.
Саябақтағы сенбілікке ауданы әкімдігі, Әйтеке би кенті әкімдігі мен дербес бөлім қызметкерлері, аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы қатысты. Олар ұйымшылдықпен жұмыс істеп, кесене аумағын тазалап, көптен күтімді қажет ететін ағаш-талдарды баптап, бейберекет өскен бұтақтарын ретке келтірді. Мұнымен қатар жайқалған жасыл-желектің айналасындағы шөптерді шауып, түптерін әктеді. Бардюрларды әктеді.
– Баба кесенесін таза ұстап, оған жанашырлықпен қарау баршамыздың перзенттік борышымыз. Осы сенбілікке атсалысқан барлық дербес бөлім қызметкерлеріне алғыс білдіреміз. Бұл игі шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Аудан тұрғындарын Әйтеке би кенті аумағы мен кесене басында үнемі тазалықты сақтауға шақырамын, – дейді кент әкімі Қайрақбай Орынбасаров.
Арайлым ЖҮСІПОВА