Таза қала – жарқын өмір кепілі
«Тәні саудың – жаны сау» дегенді бұрынғылар бекер айтпаса керек. Адам тәнімен қатар жанының да таза болуы үшін қоршаған ортаның тигізер әсері зор.
Жалпы, Қазалы ауданында 10 наурыздан бастау алған көктемгі тазалық шаралары бүгінгі күнге дейін 12 рет өткен. Ал, өткен аптадағы сенбілікке кент аумағындағы білім, денсаулық сақтау, мәдениет және теміржол, коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің ұжымдары белсене қатысты.
Қала тазалығына немқұрайлы қарамайтын мекеме қызметкерлері Әйтеке би кентінің 5-ші квартал аумағындағы “Қазақ” қорымы аумағын, “Тесік көпір” маңындағы қорымдардың айналасын және Ғани Мұратбаев ауылына баратын автомобиль жолы бұрылысының маңын ретке келтірді. Сонымен қатар, Әйтеке би кенті айналма автомобиль жолдарының аумағына санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Сергек қимылмен жүргізілген сенбілікке 6 арнайы техника және 71 мекемеден 1126 адам белсене қатысқандығын атап өту ләзім.
Ауданның тазалығына үлес қосу – туған жерге деген жанашырлық болып табылады. Сенбілік жұмыстары 15 маусымға дейін жалғасатынын атап өткен жөн.
Е.ТАБЫНБАЕВ