Дұрыс болса арық әр, талдар суға қанығар
Соңғы жылдары ауа райының өзгерісі, Сырдария өзені су көлемінің азаюы салдарынан жергілікті жұрт ауыз су мен аяқсудың азайғанына алаң.
Экожүйедегі тепе-теңдіктің бұзылуы, белгілі бір территориядағы тіршіліктің барлық формаларының өзгеріске ұшырауына алып келетін тағы бір салдар пайдалану, суғару жұмыстары кезінде су ресурстарын үнемсіз пайдаланудан туындайды. Бұл орайда табиғи ресурстарды шаруашылық құрылымының мүмкіншілігіне сәйкес болмауы жағдайы біздің жерде көптеп кездеседі. Кездескен күрделі экологиялық мәселе – су тапшылығы кезеңін қазалылықтар да еңсеруде. Бұл орайда қолда барды үйлестіре білген халықтың қиын жолдан қиналмай өтуіне ауданда біршама жүйелі жұмыстар жолға қойылған.
«Ақарық» каналының бойына жаңадан қондырылған қос су айдайтын насос ауыз толтырып айтуға болатын іс.
Теміржол вокзалы маңындағы Әйтеке би ескерткіші демалысы алаңын көгалдандыру мақсатында аяқ су жеткізілу жүйеленген. Нәтижесінде 300 дана жаңадан тал көшеттері және 1500 дана түрлі гүл отырығызылып, күтімге алынуға мүмкіндік туған. Бұдан бөлек, Қ.Пірімов көшесінің демалыс алаңын күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілген.
Үстіміздегі жылы Әйтеке би кентінің ұзындығы 32 шақырым болатын 42 көшесіне аяқ су арықтар арқылы кезектілікке сәйкес босатылған. Олардың 12-сі өз аяғымен барса, 30-ы насос арқылы жеткізілген.
Соңғы уақытта кенттіктерді тағы бір жағымды жаңалық қуантты.
«Бұған дейін Қ.Пірімов көшесі мен Әйтеке би көшесі қиылысындағы су арнасы тоғысатын орынның дұрыс есептелмеуінен қиындықтар туындайтын. Жүзеге асқан жұмыс туралы:
«Арықтарға су жіберілгенде, олар кемерінен асып, көшелер бойы мен жаяу жүргіншілер жолын лайлап, сол маңайда орналасқан ғимараттар мен тұрын үйлер іргесінің сыздануы, жертөлелердің ылғалданып, адам денсаулығына зиянын келтіретіні көптен қаузалып жүрген болатын. Енді тұрғылықты жұрт бұл проблемамен кездеспейді», – дейді Әйтеке би кенті әкімі Қ.Орынбасар.
Аталмыш бағыттағы судың жүру қабілетін жақсартуға Әйтеке би кенті әкімдігінің өз қаражаты есебінен «Тәуелсіздік алаңы» аумағындағы аяқ су арығына жаңадан темір-бетон лотоктар орнатылуда. Қазір межеленген 24 дана темір-бетон лоток жеткізілген, жоспарлы 2 темір гидротехникалық құрылғысын қою жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде артық судың ысырап болмай, межеленген жерге жетуі, көркейту-көгалдандыру ісінің кең өріс алып, көше көркін келтіруге септігін тигізбек.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ