Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Саусақ ұшындағы сарын – жүрек түбіндегі тағылым

Саусақ ұшындағы сарын – жүрек түбіндегі тағылым

Баланы ерте жастан музыкамен тәрбиелеу – оның интеллектуалдық, эмоционалдық және физикалық дамуына орасан зор ықпал ететін маңызды процесс. Музыка баланың ми жасушаларының арасындағы байланысты күшейтіп, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына көмектеседі. Себебі музыкалық тәрбие алып өскен балалар ашық және сезімтал болады, шығармашылық қабілеттер мен қиялы дамиды. Бұл тәжірибелі ұстаз Әлия Әбілтайдың қалыптастырған кәсіби көзқарасы.
Қазақтың дәстүрлі өнерінде қобыздың орны бөлек. Ғасырлар қойнауынан жеткен сырды бүгінгі ұрпақтың жүрегіне жеткізіп, ұлттық өнердің үзілмес арқауын жалғап келе жатқан аспапты бала жүрегіне жақындатып, бойына сіңіру – үлкен жауапкершілікті талап ететін міндет. Қазалыдағы Қорқыт Ата атындағы өнер мектебінің прима-қобыз класының мұғалімі Әлия Әбилтаева үшін бұл – мамандық қана емес, өмірінің мәніне айналған өнер жолы.
Қызылорда қаласында дүниеге келген қыздың музыкаға деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасып, кәсіби білім алуға ұласады. 2000 жылы Қызылорда музыкалық колледжін тәмамдаған жас маман араға жыл салып Қазалы өңіріне келін болып түседі. 2011 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы өнер мектебінде еңбек етіп, жас ұрпаққа қобыз өнерінің қыр-сырын үйретіп келеді.
Осынау уақыт ішінде оның еңбегі талай шәкірттің өнер жолына қанат бітірді. Тәлім алған оқушылар аудандық, облыстық және республикалық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр.
Әлия ұстаздың еңбек жолына қарағанда, оның басты жетістігін марапат пен дипломнан ғана іздеу аздық етеді. Ұстаздың бойындағы ең үлкен қасиет – өзі білетінін кейінгіге үйрету, шәкіртінің өз жолын табуына жағдай жасауға бейімделген. Қатарында республикалық деңгейдегі байқауларда топ жарған жас өнерпаздар аз емес. Осы сыныптан тәлім алған жас қобызшылар ұстаз еңбегінің жемісін өнерімен дәлелдеп жүрген жас музыканттар.
Эльмира Тілеуберген, Зинадил Шамшырақ – республикалық және облыстық жас музыканттар байқауларында жүлделі орындардан көрінсе, Мөлдір Жолшы бүгінде «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблінің құрамында өнер көрсетіп жүр. Гүлдана Сейітқали консерваторияны тәмамдап, Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжге прима-қобыз класының мұғалімі болып қабылданып, өзі жас ұрпаққа өнер үйрететін маманға айналуда. Облыстық аспап орындаушылар конкурсы жеңімазы Адина Әділхан да өнердегі ізденісін биіктете түскен. Назерке Әртісбай – Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы жоғары оқу орнында білім алып жатқан төртінші курс студенті. Оның да республикалық байқауларда жеңіске жетуі – өнер жолындағы ізденісінің нәтижесі.
Кейіпкеріміз шәкірттері туралы сөз қозғағанда, бұл отбасының өнермен біте қайнасқанын да айтпай кетуге болмайды. Өйткені оның өскен ортасы да, кейін құрған отбасы да музыка әлемімен сабақтас.
Әке-шешесі Жолшыбай Абаев пен Күнайым Ізбанова – ұстаз. Әлияның жұбайы Рақымжан Әбілтаев – домбырашы, күйші, композитор.
Өнерге деген отбасылық сүйіспеншілік кейінгі буынға да жалғасқан. Үлкен қыздары Аружан Жарас Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдап, қазіргі таңда Алматы қаласындағы облыстық филармонияда ансамбль мүшесі ретінде еңбек етеді. Бүгінде музыкант ретінде кәсіби жолын қалыптастырған. Ұлжан – Абай атындағы Ұлттық универсиетінде суретші мамандығы бойыша білім алуда. Расул – Абылай хат атындағы шет тілдері университінің студенті. Болашақ ағылшын тілі аудармашысы. Кәусар – Бөбек колледжін бағдарламашы мамандығы бойынша оқуда. Бибінұр – №288 мектеп оқушысы. Үлгілі отбасындағы бес баланың барлығы музыкадан алыс емес. Әртүрлі бағытта жеткен жетістіктері бар.
Бір әулеттің бірнеше буынының өнерді өмірлік мұрат етуі – кездейсоқтық емес. Бұл – ұлттық өнерге деген құрмет, еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Әлия Жолшыбайқызының өзі де «Қорқыт сазы» ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, сахнадағы шығармашылық жолын ағартушылық қызметімен қатар алып келеді. Бұл кәсіби маманның өнерден қол үзбей, ізденісі мен шеберлігін үнемі шыңдап отыруына мүмкіндік береді.
Қобыздың бойында қазақтың көне музыкалық дүниетанымы мен орындаушылық дәстүрі тоғысқан. Ал прима-қобыз – осы қасиетті аспаптың кәсіби сахнаға бейімделген түрі. Қобызшы домбырадағыдай дайын пернелерге сүйенбейді. Дыбыстың дәлдігін саусақтың сезімі мен есту қабілеті арқылы табады. Бұл аспапта ойнау орындаушыдан аса жоғары дәлдікті талап етеді. Саусақ ішектің тиісті тұсын дөп баспаса, дыбыс бірден өзгеріп кетеді. Сондықтан қобызшы үшін есту қабілеті, музыкалық талғам, ырғақ пен саусақтың икемі қатар жұмыс істеуі керек. Осы тұрғыдан алғанда, қобызды меңгерту – аспапты меңгеру ғана емес, дыбысты «сезінуді» үйрену.
Ал ысқыш ішекке тиген сәтте аспаптан адам дауысына ұқсас сырлы үн төгіледі. Кейде мұңлы, кейде сырлы, кейде жігерлі естілетін осы үн қобыздың өзіндік табиғатын айқындайды.
Қобызда бір дыбыстың биіктігін дәл табудың өзі маңызды. Сондықтан жас қобызшының алғашқы сабағы нотаны үйренумен бірге дыбысты тыңдауға, ішкі есту қабілетін қалыптастыруға, саусақ пен құлақтың үйлесімін табуға машықтанады. Бәлкім, қобыздың қадірі де осында шығар. Бұл туралы Әлия Жолшыбайқызы: «Пернесі жоқ аспапта ойнаған музыкант дайын жолмен жүрмейді – әр дыбыстың орнын өзі іздеп табады. Ал сол ізденіс бірте-бірте орындаушының жеке қолтаңбасына айналады», – дейді.
Қасиетті қобыздың қоңыр үні үзілмей, шәкірттен шәкіртке жалғаса берсе, ұстаз еңбегінің де ғұмыры ұзақ болғаны.
Алтын Қосбармақова
03 қазан 2026 ж. 26 0

Тынысы кеңейген кәсіп

03 қазан 2026 ж. 26

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031