Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдің сенімі – ең үлкен белес

Елдің сенімі – ең үлкен белес

ӨСІМ МЕН ӨРКЕНДЕУ
Кез келген аймақтың даму қарқыны оның қаржылық мүмкіндіктерімен өлшенеді. Соңғы кезеңде ауданның бюджет көлемі ұлғайып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік берді. Жыл басындағы көрсеткіштер нақтыланып, аудан бюджетінің көлемі айтарлықтай өсімге қол жеткізді Мұның ішінде ауданның өз кірістерінің үлесі артып, өңірдің қаржылық дербестігі мен экономикалық тұрақтылығы нығая түскенін көрсетті. Бөлінген қаражат шашыраңқы кетпей, бірінші кезекте тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге, инфрақұрылымды жақсартуға, жол жөндеуге, әлеуметтік нысандардың материалдық базасын нығайтуға және ауылды абаттандыру жұмыстарына бағытталды. Бюджет қаражаты тек қана мемлекеттік қолдаумен шектелмей, өңірге тартылған инвестициялар мен жеке кәсіпкерлердің бастамалары арқылы толығып, аудандағы өндіріс пен шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін берді.
2026 жылға арналған аудан бюджетінің көлемі 13,6 миллиард теңге болып бекітіліп, бүгінгі күнге 18,9 миллиард теңгеге нақтыланған. Ауданның өз кірістерінің жоспары 4 миллиард 269,0 миллион теңге болып бекітілген. Бүгінгі күнге жоспар 99,3 миллион теңгеге ұлғайтылып, 4 миллиард 362,0 миллион теңгеге нақтыланған. 2026 жылдың 8 айында өз кірістерінің жоспары 2 миллиард 809,0 теңге болса, нақты 2 миллиард 906,0 миллион теңгеге (102,5%) орындалған (жылдық нақтыланған жоспар 8 айда 66,5 пайызға орындалды). 2026 жылдың 1 қыркүйегіне шығындар жоспары 10,6 миллиард теңгеге жоспарланып, 100 пайызға игерілді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында 2026 жылдың 8 айында оң тенденция сақталған. Өнеркәсіп өндірісі 126,6 (21 миллиард 247 миллион теңге), өңдеу өнеркәсібі 129,5 (18 миллиард 390 миллион теңге), сауда 101,0 (10 миллиард 122,7 миллион теңге), ауыл шаруашылығы 103,4 (12 миллиард 50,8 миллион теңге), негізгі капиталға тартылған инвестиция 100,2 (18 миллиард 580 миллион теңге), құрылыс жұмыстарының көлемі 111,0 (9 миллиард 109 миллион теңге), тұрғын үй құрылысы 101,6 (30830 шаршы метр) пайыз артқан.

КӘСІПКЕРЛІКТЕ ТЫҢ СЕРПІН
Бүгінде ауданда шағын және орта бизнесті дамыту – экономикалық өсімнің басты драйверіне айналып отыр. Соңғы жылдар ішінде аудан басшылығы тарапынан кәсіпкерлік бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, бизнес ашуға ниетті азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалды. Өңірде түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен қайтарымсыз гранттардың игілігін көріп, өз ісін дөңгелетіп отырған жаңа буын кәсіпкерлерінің қатары көбейді. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде кәсіп ашуға, түрлі қызмет көрсету нысандарының іске қосылуына жол ашты. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында бүгінге дейін 4726 кәсіпкер тіркелген. Оның нақты жұмыс жасап тұрғаны – 4634. Белсенділік көрсеткіші – 98 пайызды құраған. Жыл басынан бері жаңадан 1,9 миллиард теңгеге 16 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 38 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген (2025 жылы 562 миллион теңге, 19 нысан, жұмыс орны 31 адам).
Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несие беретін қаржылық ұйымдар тарапынан аудан кәсіпкерлеріне өндіріс түрлерін ашу мен дамыту бағытында жыл басынан бері 245 жобаға 2,6 миллиард теңге несие қаражаты берілген (2025 жылы 183 жоба, 3,7 миллиард теңге). Биылға ауданда 1 миллиард 95 миллион теңгеге 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде ерекше атап өтетіні – «Тауарлы балық өсіру тоғанының құрылысы» жобасы. Былтыр Басықара ауылынан «Арал рыбторг» ЖШС 650 миллион теңгеге көлемі 464 гектар балық тоғаны шаруашылығын бастаған болатын. Қазіргі уақытта шаруашылықтың жоспарына сәйкес осы күз айларында 500 тоннаға жуық тауарлы балық өндіріп, оны халық игілігіне жарату көзделуде. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023-2025 жылдары 1 миллиард 581 миллион теңгеге 226 жоба қаржыландырылып, 270 жұмыс орны ашылды. Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда Қазалы ауданы облыс бойынша алғашқы орынға шықты. Осы жылға 88 жобаны 850 миллион теңгеге қаржыландыру жоспарланған, 103 жұмыс орны ашылады деп көзделуде.

АГРОСАЛАДАҒЫ ТОЛАҒАЙ ТАБЫС
Аудан экономикасында аграрлық сектордың орны ерекше. Сырдың бойындағы диқандардың маңдай тері мен табанды еңбегінің арқасында соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласы жаңа белестерге көтеріліп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Егіс алқаптарын әртараптандыру, суды үнемдеу технологияларын енгізу және сапалы тұқым себу жұмыстары жүйелі жүргізіліп, мол астық пен көкөніс жинауға негіз қаланды. Өңір үшін маңызы зор суармалы су мәселесін шешу бағытында арналарды тазарту, гидротехникалық нысандарды жөндеу жұмыстары қарқын алып, шаруалардың егін басындағы жұмысына қолайлы жағдай жасалды. Төрт түлік малдың басын көбейту, асылдандыру жұмыстары мен жем-шөп базасын нығайту бағытында да нақты қадамдар жасалды. Ауылдық жерлерде мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу ісі қолдау тауып, ауыл тұрғындарының тұрақты табыс көзі артты. Нақты сандарға үңілсек, биыл аудан диқандары 12475 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Оның ішінде күріш – 2447 гектар, дәнді дақылдар – 2837 гектар, майлы дақылдар – 196 гектар, картоп, көкөніс, бақша – 2293 гектар, малазықтық дақылдар – 7149 гектар. Былтыр күріш 5636 гектарға егіліп, әр гектардан 42,8 центнерден өнім алынып, 24124 тонна күріш жиналған. Ауданнан Ресей, Украина, Қырғызстан, Түркия, Ирак, Тәжікстанға 167,2 тонна күріш, Нидерланды, Германия, Польша, Англияға, Түркияға 1791,8 тонна қамыс және Ресей, Қытай, Словакия, Германия, Нидерланды, Литва, Данияға 486 тонна балық, барлығы 2445 тонна өнім экспортқа шығарылыпты.
Мал басында да өсім бар. 55636 бас ірі қара, 59101 бас жылқы, 14814 бас түйе, 108889 бас уақ мал, 7509 бас құс тіркелген. Президент Жолдауында көрсетілген агроөнеркәсіп кешенінде су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесіне байла-нысты егін шаруашылықтарында ылғал сақтайтын жаңашылдықтарды пайдалану, су тапшылығы жағдайында өнімділікті төмендетпеу мақсатында егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары қолға алынған. Биыл сол жағалау алабының 1-ГД, 2-ГД, К-3-2 коллекторлар жүйесін қайта жаңғырту мақсатында республикалық бюджеттен жұмысты бастауға 801,8 миллион теңге (жоба құны 2 миллиард 589,5 миллион теңге) және «Нартай каналын» механикалық тазалауға 179,2 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Алға ауылдық округіндегі «Ішкі» каналын механикалық тазалау үшін 262,3 миллион теңге қаржы бөлініп, жақын күндері жұмысы басталмақ. Сонымен қатар ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің осы жылға Ислам даму банкі арқылы тартылатын қарыз шеңберінде «Климаттық орнықты су ресурстарын дамыту 2-кезеңі» жобасы аясында аудандағы каналдарды бетондауға 7 каналдың құжаттары әзірленіп, 13 миллиард 246 миллион теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылып, қаржыландыру күтілуде. Типтік жобадағы мал қорымын салуға республикалық бюджеттен 269,5 миллион теңге қаржы қаралып, Әйтеке би кенті мен 10 ауылдық округте құрылыс жүргізілуде. Алдағы жылға Бірлік, Ақжона, Сарбұлақ елді мекендеріне де типтік жобадағы мал қорымын салу жоспарланыпты.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ИГІЛІГІ – ХАЛЫҚҚА
Өңірдің келбетін түбегейлі өзгертіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – аудан басшылығының күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Соңғы жылдары Қазалы ауданында инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық әлеуеті айтарлықтай артты. Биыл Тапа, Аққұдық елді мекендеріне 50,0 млн теңгеге демеушілік есебінен су тұшытқыш қондырғылары орнатылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір Қазалы ауданының халқы 100 пайыз таза ауызсу тұтынады. Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытындағы ауқымды жұмыстар да көз қуантады. Былтыр Ү.Түктібаев ауылының электр желілерін жөндеуге бюджеттік кредиттен 218,5 миллион теңге, биылға облыстық бюджеттен жұмысты жалғастыруға 24,3 миллион теңге бөлінген. Қазалы қаласының электр желілерін толық жаңғыртуды жалғастыруға (2024 жылы 110,1 миллион теңге, 2025 жылы 336,7 миллион теңге) 132,5 миллион теңге қаралып, жұмыс жүргізілуде (жоба құны 579,2 миллион теңге). Нысандар жақын күндері пайдалануға берілмек. Осы инвестициялық жобалар жүзеге асырылғаннан кейін тозған электр желілері жыл соңына дейін 59,9 пайызға төмендейді. Бұл көрсеткіш 2025 жылы 67 пайыз болған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығындағы нысандар мен тұрғын үйлердің электр энергиясын тұтыну қуаттылығын арттыру мақсатында былтыр қосалқы станса құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 378,2 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазір жұмыс жүргізілуде. Нысан биылға өтпелі (жоба құны 1 миллиард 417 миллион теңге). Былтыр Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев елді мекендеріне газ құбырлары жүргізіліп, жұмыс толық аяқталды. Жоба құны – 3 миллиард 733,5 миллион теңге. Осы жылға Жанқожа батыр (120 млн. теңге, жоба құны 323,6 млн теңге), Бекарыстан би (300 миллион теңге, жоба құны 573,8 миллион теңге), Майдакөл (80 миллион теңге, жоба құны 225,2 миллион теңге) және Түктібаев (180 миллион теңге, жоба құны 343 миллион теңге) елді мекендеріне орамішілік газ желілерін тартуды бастауға республикалық бюджеттен 680 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Бүгінде аудан халқын «көгілдір отынмен» қамту көрсеткіші 77,6 пайыз, аталған 4 ауыл қосылғаннан кейін көрсеткішті 86,7 пайызға жеткізу жоспарланған.
Сондай-ақ Жанкент, Бірлік, Қожабақы және Аранды елді мекендеріне магистральдық газ құбыры тартылады. Қазіргі уақытта жұмысты бас­тау үшін аудандық бюджеттен 300 мың теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 4 миллиард 558 миллион теңге. Ақсуат ауылына АГРС станциясын салу (жоба құны 1 миллиард 938 миллион теңге) және Ақсуат пен Байқожа елді мекендеріне (жоба құны 824,1 миллион теңге) ауылішілік газ құбырын тарту жобасы да жоспарда бар екен. Құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Қаржыландыру үшін бюджет көздері қарастырылуда. «Көгілдір отынға» қосылған елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың бу қазандықтарын табиғи газға бейімдеу жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Табиғи газ желісіне қосылған елді мекендердегі 14 білім беру нысаны мен 1 ауылдық мәдениет үйінің бу қазандықтарын газға бейімдеу үшін өткен жылы аудандық бюджеттен 54,1 миллион теңге бөлініп, құжаттары әзірленуде. Оның ішінде Қазалы қаласындағы №91, 17, 95 мектептер мен «Ақерке», «Өрімтал» балабақшалары, Ғ.Мұратбаев ауылындағы №91 мектеп, «Балдәурен» балабақшасы, Абай ауылындағы №90 мектеп, «Қарлығаш» балабақшасы және ауылдық мәдениет үйі, Басықара ауылындағы №182 мектеп, «Тілашар» балабақшасы, Қ.Пірімов ауылындағы №92 мектеп, Жалаңтөс батыр ауылындағы №103 мектеп және «Сәуле» балабақшасы бар. Биылғы жылға Қазалы қаласы, Ақтан батыр, Ү.Түктібаев ауылдық клубтарына аудандық бюджеттен 43,4 миллион теңге бөлініп, газ отынына бейімделсе, аудандық аурухана мекемесінің қаражаты есебінен Ақтан батыр, Абай ауылдарындағы амбулаторияларды бейімдеуге 18,0 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілген.

ЖАҢҒЫРҒАН ЖОЛДАР, ЖАЙЛЫ ОРТА
Аудан орталығы мен ауылдық округтердегі көшелерді асфальттау, орташа жөндеу және жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Бұл көлік қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, шалғай ауылдардың қаламен байланысын жақындата түсті. Бүгінде аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі 91 пайыз. Алдағы уақытта «Қожабақы-Аранды» (жобаның болжамды құны 725 миллион теңге) және «Қарлаң» учаскесінен Бірлік ауылына дейінгі аралықтағы (жоба құны 254 миллион теңге) автомобиль жолдарын жөндеу жоспарда бар.Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр көшесінің айналма жолының құрылысына 378,7 миллион теңге (келісімшарт құны 383,6 миллион теңге), А.Талқанбаев көшесінің жолын қайта жаңғыртуға 114,9 миллион теңге (келісімшарт құны 156,5 миллион теңге) бөлініп, құрылысы жүргізілуде. Әйтеке би кентінің 12 көшесін ағымдағы жөндеуге аудандық бюджеттен 81,6 миллион теңге қаржы қаралып, жұмыс атқарылған. Алдағы уақытта автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуді көздейтін 26 жобаға облыстық экономика және қаржы басқармасына 3,7 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылыпты.«Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 32,1 шақырымындағы темірбетонды көпірді күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 363,3 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Келісімшарт құны 367,9 миллион теңге.
Биыл 163,8 миллион теңгеге 4,5 шақырым Т.Бөріқұлақов (114,9 миллион теңге 2,9 шақырым) және Жетес би (37,5 миллион теңге 1,6 шақырым) көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынған. Әйтеке би кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымын қайта жаңғырту қолға алыныпты. В.Счастнов пен Желтоқсан көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер аумағындағы автотұрақтардың автомобиль жолдарына аудандық бюджеттен 47,0 миллион теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілген. В.Счастнов, Жанқожа батыр және Желтоқсан көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаішілік кәріз желілерін ағымдағы жөндеуге аудандық бюджеттен 5,3 миллион теңге қаржы қаралып, жұмыс атқарылуда. Бұдан бөлек кенттің сырт аумағында орналасқан сүзгі алаңындағы кәріз суларын тұндырғыш құдықтарды ағымдағы жөндеуге 10 миллион 295 мың теңге қаржы бөлініп, жұмыс толық аяқталып, нысан пайдалануға берілген. Сыр өңірін төрт жылдан астам уақыт басқарған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен облыстық басқармалар арқылы бірқатар жоба жүзеге асуда.
Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығындағы 7 шақырымдық төрт жолақты жолға түнгі жарықшамдар орнатуға 102,3 миллион теңге қаржы бөлініп, толықтай іске қосылды. Алайда жарықшамдар жанбағандықтан мердігерге қайта қалпына келтіру үшін тапсырма берілді.Қазалы ауданындағы ауқымды құрылыстың бірі – «Қарлаң» көпірі. Бірнеше жыл бойы құрылысы тоқтап қалған «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымындағы «Қарлаң» учаскесіндегі темір бетонды көпір құрылысын жаңа мердігер мекеме «НұрлыТау ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2025 жылы сәуір айында қайта бастаған еді.Былтыр жұмысты жалғастыруға 758,4 миллион теңге бөлінді. Жоба-сметалық құжат-тарының қаржысына қайта есептеме жүргізіліп, бағасы 6,7 миллиард теңгеге ұлғайтылған. Осы жылға 2,2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Қазір негізгі тірек бөліктері орнатылып, бетон тіреулері құйылып жатыр. Көпірдің 84 свай қағу жұмыстары толық аяқталған, 8 тіреудің 7-еуі бітіп, соңғы тіреу орнатылуда. Құрылыс алаңында 30 арнайы техника мен 80 жұмысшы жұмылдырылған. Бұйырса, желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда.
Өткен жылы аудан халқын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 80 пәтер тұрғындарға табысталса, биыл 50 пәтердің құрылысы жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 1 миллиард 564,0 миллион теңгеге Әйтеке би кентіндегі мәдени-демалыс кешені (жоба құны 628,7 миллион теңге), Қожабақы (жоба құны 537,1 миллион теңге) мен Бекарыстан би (жоба құны 398,5 миллион теңге) ауылдарында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. 125 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, іске қосылды. Тарихи ғимаратты қайта жаңғыртуға «Қазақстан Темір жолы» компаниясы 1,6 миллиард теңге қаржы бөлді. Ал жыл басында «Қазақстан Темір жолы» компаниясының 1,3 миллиард теңге қаржысына теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір қайта салынып, пайдалануға берілді. Вокзал аумағы аудандық бюджеттен бөлінген 91,0 миллион теңгеге абаттандырылды.

ӨРКЕНДІ ІСТЕР ӨРГЕ БАСТАЙДЫ
Мемлекеттік саясаттың басты өзегі – адам және оның әлеуметтік әл-ауқаты. Ауданда халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, сапалы білім беру мен қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге және мәдени-рухани құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Өңірдегі білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, заманауи талаптарға сай жабдықталуы балалардың сапалы білім алуына жол ашты. Сонымен қатар, жастардың спортпен шұғылдануына, шығармашылық әлеуетін дамытуына қолайлы жағдай жасалып, жаңа спорт алаңдары мен сауықтыру кешендері ел игілігіне берілді. Ауданның білім беру саласында 91 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ағымдағы жөндеуге 269,9 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыс атқарылды (№70, 216, 165, 88, 95, 100 мектептер). Өткен оқу жылында 1015 түлек мектеп бітіріп, оның 99-ы «Алтын белгі», 116-сы «Үздік аттестат» иегері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 943 оқушының 727-сі конкурсқа қатысып, 531 оқушы мемлекеттік грант иегері атанды. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 1675 оқушы оқушы қабылданды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша Әйтеке би кентінен 174 орындық 2 жеке балабақша ашылды.
Тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында аудан орталығы мен шалғайдағы ауылдарда денсаулық сақтау нысандарының жұмысы жетілдіріліп, дәрігерлік амбулаториялар жаңартылды. Бұл халықтың денсаулығын қорғау бағытындағы маңызды қадам болды. Ауданда орталық аурухана, емхана, 17 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және 13 медициналық бекет бар. Аудандық ауруханаға қарасты мекемелерде 171 дәрігер, 765 орта буын медицина қызметкері және 440 басқа да қызметкер жұмыс істейді. Былтыр мемлекетке қайтарылған активтер есебінен аудандық көпбейінді орталық аурухана ғимаратына жапсарлас 42 төсектік кардиология және инсульт орталығы салынып, пайдалануға берілді (құны 1 миллиард 848,2 миллион теңге, оның ішінде арнайы шоттан 1 миллиард 700 миллион теңге, ОБ 148,2 миллион теңге). Бүгінде орталықта 326,6 миллион теңгенің компьютерлік томограф аппараты іске қосылса, жыл соңына дейін аудан тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі болып келген МРТ құрылғысы орнатылмақ.Медицинаның маңызды бағыттарының бірі ана мен бала денсаулығын сақтауда да ауқымды жұмыс атқарылуда. Жыл басынан бері 847 сәби дүниеге келді (2025 жылы – 1059 сәби).
Спорт саласында 9 мекеме бар, денешынықтыру және спортпен шұғылданушылар 35058 адамға жетті, бұл – халықтың 44,5 пайызы.Өткен 8 айда халықаралық турнирлерде аудан спортшылары 11 алтын, 16 күміс, 8 қола медаль, Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 14 алтын, 19 күміс, 27 қола медаль иеленді. Шілде айында Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өткен бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз Зарина Толыбай алтын медаль жеңіп алып, Азия чемпионы атанды. Жуық арада ғана Швейцарияның Лозанна қаласында дзюдодан әлемнің үздік татами шеберлері бас қосқан Grand Slam («Үлкен дулыға») халықаралық турнирінде жерлесіміз Абылайхан Жұбаназар 81 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанып, көк туымызды көкте желбіретті. Ауданда 83 халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 11000-ға жуық адам қатысты.1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Әйтеке би кентіндегі №276 орта мектептің жанынан және 2 кварталдан жаңа жасанды футбол алаңдары пайдалануға беріліп, тағы да екі спорт алаңы күрделі жөнделді. Қазалы қаласынан да бір жасанды футбол алаңы ашылса, бір спорт алаңы күрделі жөндеуден өтті. Ауданда 52 мәдени мекеме жұмыс істейді. Жыл басынан бері 1000-ға жуық мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Ақпан айында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, композитор Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған «Сәлем саған, туған ел!» атты еске алу кеші өтті. Алдағы уақытта ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы, атақты қолбасшы Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының 450 жылдығы аясында республикалық мәдени-көпшілік шаралар жоспарлануда. Экономиканың түрлі саласында жыл басынан бері құрылған жұмыс орны – 2526. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс 28, жастар практикасына 72, ақылы қоғамдық жұмысқа 609, «Күміс жас» жобасына 67, 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнына 575, бос жұмыс орындарына 979, ұлттық жоба бойынша 197 адам жұмыспен қамтылды. 8 айда жұмыссыздар саны 1750 адам, жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз.
Аудан халқының 29,7 пайызы – жастар, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында 2 жастар орталығы бар. Ерікті жастардың қатысуымен 90-нан аса іс-шара өткізілді. Ал оған 5000 жас қатысты.Жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке тарту мақсатында биыл «Жасыл ел» еңбек жасағына 110 адам маусымдық жұмысқа тартылған. Жасақ мүшелері ауданның санитарлық тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысқан. Бос уақытты тиімді пайдалану және ұсыныстарды ескеру үшін «Жастар керуені» жобасы тұрақты өтіп келеді. Бұл жоба республикадағы ең үздік 10 жобаның бірі деп танылды.
Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бақылау және жастар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу үшін 15 рейдтік топ құрылып, биыл үшінші жыл қатарынан күнделікті жұмыс жасайды.Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, қоғамдық орындарда тәртіпті бақылайтын, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын 72 бейнебақылау камерасы орнатылған. Аудандық полиция бөлімі ғимаратында бейнебақылау камералары арқылы түрлі құқықбұзушылықтарды анықтайтын арнайы кіші жедел басқару орталығы бар. Жалпы, сала қызметкерлерінің жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарған кешенді шараларының нәтижесінде қылмыс жыл сайын төмендеп келеді, қылмыстылық деңгейі 54-тен 47-ге, яғни 13 пайызға азайған. Құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және профилактикалық шараларды күшейту нәтижесінде бірқатар оң көрсеткішке қол жетті. Облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қатысуымен Полиция күніне орай өткен салтанатты шарадағы 94 арнайы қызметтік автокөліктің 7-еуі Қазалы аудандық полиция бөліміне берілді.
Акция аясында аудан аумағында ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылып, жаңадан скверлер, балалар ойын алаңдары мен жасыл желек аймақтары көбейтілді. Бұл – туған жердің тазалығы мен көркін арттыруға бағытталған ортақ істің жарқын көрінісі. Жалпы елде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүзеге асып келеді. Бұл тазалық науқанына барша қазалылықтар жыл сайын белсене атсалысады. Санитарлық тазалық пен абаттандыру бағытындағы шаралар кең ауқымда ұйымдастырылып, жыл басынан бері 100-ден астам сенбілік өткізілген, 18420 тонна қоқыс арнайы орындарға шығарылып, оның 5015 тоннасы сұрыпталған. 12500 ағаш егіліп, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізілген. Мемлекет басшысының «Күшті Президент, ықпалды Құрылтай, еститін Үкімет» қағидалары, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде жүйелі жұмыс атқарылуда. Аудан әкімі аппаратына жеке және заңды тұлғалардан 1066 (жеке тұлға 761, жеке қабылдау 247 және заңды тұлға 58) өтініш келіп түскен. 2025 жылдың (барлығы 572 өті¬ніш, оның ішінде жеке тұлға 431, жеке қабылдау 110, заңды тұлға 31) тиісті кезеңімен салыстырғанда өтініштер 494-ке артқан. Жер телімі бойынша 201, тұрғын үй бөлу туралы 150, жұмыспен қамту 218, коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша 102, материалдық, қаржылай көмек көрсету 36, мәдениет 47, ауыл шаруашылығы 25, кәсіпкерлік 23 және басқа да мәселелер бойынша 264 өтініш тіркелген. Келіп түскен өтініштер толықтай зерде-леніп, орындалуы қатаң бақылауға алынған. Жыл басынан бері аудан әкімі 22 жеке қабылдау өткізіп, 247 жеке және заңды тұлғаның өкілдерін қабылдады. Тұрғындар көтерген 59 мәселе өз шешімін тауып қанағаттандырылса, 188 мәселе бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Иә, атқарылған әрбір игі іс, жүзеге асқан әрбір жоба – Қазалы ауданының жарқын болашағы үшін жасалған нақты қадам. Туған жердің өркендеуі жолындағы бұл еңбек алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Айнұр ӘЛИ
03 қазан 2026 ж. 31 0

Тынысы кеңейген кәсіп

03 қазан 2026 ж. 24

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031