Сөз өнерінің дәстүрі жалғасқан бата беру сайысы өтті
Халықаралық қарттар күніне орай «Әділет» партиясының «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» атты республикалық фестивалінің «Өнерге бірге» бағыты аясында бүгін Қазалы қалалық мәдениет үйінде «Бата дарып, бақ қонсын» атты аудандық батагөйлер сайысы өтті.Шараның мақсаты – ұлттық бата беру дәстүрін дәріптеу, аға буынның өнегелі сөздерін кейінгі ұрпаққа насихаттау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
Шараның ашылуында «Әділет» партиясы Қазалы аудандық филиалының төрағасы Нұрғиса Жалғасбаев сөз сөйлеп, ардагерлерді мерекемен құттықтап, аға буынның өнегесін кейінгі ұрпаққа насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
«Халықаралық қарттар күнімен баршаңызды құттықтаймын! Халқымыз «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп аға буынның орны мен қадірін жоғары бағалаған. Қариялардың өмірлік тәжірибесі мен тағылымы – кейінгі ұрпаққа құнды мұра. Аға буынға құрмет көрсету, олардың белсенділігін қолдау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу – «Әділет» партиясының маңызды бағыттарының бірі. Бүгінгі шараға белсенді қатысқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін!» – деді Нұрғиса Жаппарбергенұлы.
Сайысқа 60 жастан асқан ақсақалдар қатысып, дастарханға, отбасына, жастарға, елге және түрлі игі бастамаларға арналған баталарын берді.
Сарапшылар алқасының шешімімен фестивальге қатысқан батагөй қариялар төмендегі номинациялар бойынша марапатталды.
Майдакөл ауылынан Шыңғыс Мусаев – «Қазыналы қария», Шәкен ауылынан Молдабай Алмақов Әбжәмиұлы – «Айтқыр қария», Тасарық ауылынан Әбдімінәп Тасмамбетов – «Шешен сөзді қария», Қазалы қаласынан Ертай Алғашбаев – «Заманауи қария», Жанкент ауылынан Егізбай Елубаев – «Асыл сөзді қария», Әйтеке би кентінен Нұртай Базар – «Қазыналы қария», Абай ауылынан Қарымсақұлы Сұлтанай – «Баталы қария» атанды.
Батагөй қариялар мен сарапшылар алқасының мүшелеріне «Әділет» партиясы Қазалы аудандық филиалының Алғыс хаттары табысталып, жеңімпаздарға номинациялар бойынша демеушілердің арнайы марапаттары мен сыйлықтары табыс етілді.














