Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғибратты ғұмыр, өрелі өнер

Ғибратты ғұмыр, өрелі өнер

1 қазан – халықаралық қарттар күніне орай Қазалы қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік шара өтті. Аталған шараға ардагерлер, ақ жаулықты әжелер мен қала тұрғындары қатысты. Басқосуда Қазалы қаласының әкімі Қайрақбай Орынбасаров аға буын өкілдерін мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді.
Мерекелік шара «Ғибрат» әжелер мектебінің «Ғасыр әжелері – ғибратты мол ғұмыр» атты концерттік бағдарламасымен жалғасты. Өнерлі әжелер көрерменге ән мен жырдан шашу шашып, ұлттық өнердің түрлі жанрын қамтыған мазмұнды бағдарлама ұсынды.
Кеш барысында Заттыбек Көпбосынұлының «Беу, дүние-ай», Үкітай Ерниязовтың «Жақсы адамдар азаймасын» әндерін Гүлмира Елеуова орындап, көрермен ықыласына бөленді. Рәйла Мырзағұлова «Дүние-ай» әнін шырқаса, Күләш Бисенова Қасым Аманжоловтың «Нағыз бақыт» өлеңін мәнерлеп оқыды.
Ұлттық өнердің ажырамас бөлігі – терме де кештің мазмұнын аша түсті. Әнші-термеші Даража Тұрмағамбетова Нұртуғанның «Кәнекей, тілім сөйлеші» термесін орындап, халық әні «Еркем-аймен» жалғастырды. Ібайдулла Жаңабике Мэлс Өзбековтің «Тобылғысай» әнін орындаса, Бақыт Әбдірахманова халық әні «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнін әуелете шырқады.
Көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған кеште әзіл-қойылым да сахналанды. «Ғибрат» әжелер мектебінің мүшелері Күләш Бисенова пен Төлеш Сабырбай «Психолог» атты тамашалық көріністі көпшілік назарына ұсынып, өмірлік жағдайларды әзілмен өрнектеді. Ұлия Жұбанышова Елена Әбдіхалықованың «Есіңе мені алғайсың» әнін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Сондай-ақ Бақыткүл Таубаева «Туған жерім» атты авторлық шығармасын орындады. Жаңабике Әбайдулла мен Гүлнар Кемалова Бекан Жамақаевтың «Сен ғана» әнін шырқаса, Бибігүл Арыстанова Алтай Өнерханның «Жолыққан қандай жақсы» әнін орындады. Бақыт Әбдірахманова Қ. Құдайбергеновтың «Әриайдай» әнін орындап, мерекелік кештің көркін келтірді. Ән мен жырға, терме мен көркемсөзге, әзіл мен сахналық қойылымға ұласқан мазмұнды шара Қорған Жолдыбаевтың «Қазалы вальсі» әнімен қорытындыланды.
Айта кетейік, «Ғибрат» әжелер мектебі 2023 жылдың ақпан айында құрылған. Топ жетекшісі – Зейнебай Мұса. Құрылған күннен бастап «Ғибрат» әжелер мектебі қаланың қоғамдық және мәдени өміріне белсене араласып қана қоймай, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие берумен қатар, қайырымдылық және мәдени-көпшілік шараларға тұрақты түрде атсалысып жүр.

А. ЖҮСІПОВА

03 қазан 2026 ж. 27 0

Тынысы кеңейген кәсіп

03 қазан 2026 ж. 26

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031