Тілден технологияға дейін: ізденісті жол
Қазақ тілі – бір халықтың қарым-қатынас құралы ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан ойлау жүйесі, дүниетанымы, мінезі мен болмысы. Бір ғана сөздің астарында тұтас тарих, бір ғана тіркестің төрінде ұлттың танымды ұялатқан төл тілдің танымы мен тағылымын жас ұрпақ зердесіне сіңіріп, қадірін сезіндіру Ақнұр Қуатбайдың ұстанымы мен дағдысына айналған.Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі оқушыға алдымен тілдің ережесін емес, тілдің табиғатын танытуға ұмтылады. Өйткені грамматикалық заңдылықты жаттаған бала тілдің құрылымын білугенімен, сөздің салмағын сезінбесе, оның қасиетін түсінбейтіні анық.
Ұстаздың әр сабағында ана тілінің, мемлекеттік тілдің тағдыры мен баланың танымы тоғысқандай. Бірде Абайдың бір ауыз сөзіне үңілсе, енді бірде туған өлкенің ақын-жазушыларының шығармалары арқылы оқушыны өз топырағының рухани әлеміне жетелейді. Сөздің шығу төркінін, мағынасын, көркемдік қуатын іздету арқылы шәкіртін дайын жауапқа емес, ойлануға үйретеді.
Тілге деген құрмет кейде бір сөзді дұрыс айтудан басталады. Ал сол бір дұрыс айтылған сөз баланың санасында тұтас бір ұлттық сезімді оятуы мүмкін.
Ақнұрдың өзі де сөз өнерінен алыс емес. Өлең жазып, туған жер тарихын зерделеп, «Аранды энциклопедиясын» дүниеге әкелуі – оның тілге деген ықыласының ұстаздық қызметпен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Туған жердің тарихын жазу да, шәкіртке өлең құрылымын меңгерту, әдеби шығарманы талдау да бір арна – ана тілін ардақтауға келіп тоғысады.
Қазақ тілінің маманы болу – сөздің сыртқы сұлулығын ғана емес, оның ішкі қуатын тану. Бір сөзбен жұбату, бір сөзбен жігерлендіру, бір сөзбен ой салу – тілдің құдіреті. Ал осы құдіретті жас ұрпақтың бойына сіңіру – ұстаздың үлкен жауапкершілігі.
Ақнұр Қуатбайдың жүрген жолын бір ғана мамандық атауымен шектеу аздық етеді. Ізденісі мен шығармашылығы, ғылыми еңбегі мен шәкірт жетістігі де осы мұраттың төңірегінде өріліп келеді.
Тіл – халықтың жадында сақталған аманат десек, сол аманатты кейінгі ұрпаққа бұзбай жеткізу – ұстаздың қасиетті парызы. Кей ұстаз баланың қолына кітап ұстатса, енді бірі сол кітаптың ішіндегі тұтас бір әлемді танытады. Бірі білімнің жолын көрсетсе, бірі сол жолға деген сүйіспеншілікті оятады. Ал өз бойындағы өнер мен ізденісті шәкіртінің шығармашылығымен ұштастыра білген мұғалімнің еңбегі өлшеусіз.
Қазақ тілі мен әдебиеті – жай ғана оқу пәні емес. Ол – ұлттың жадын жаңғыртатын, сөздің қадірін ұқтыратын, баланың ойлау жүйесі мен дүниетанымын қалыптастыратын үлкен әлем. Осы әлемнің есігін шәкірттеріне айқара ашып келе жатқан Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі жиырма жылға жуық педагогикалық өтілінде талай шәкірттің талабын ұштап, талай баланың бойындағы бұғып жатқан қабілетті байқап, шығармашылыққа жетелеп келеді.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркология факультетінің түлегі еңбек жолын Бірлік ауылындағы №102 орта мектептен бастады. Кейін Аранды ауылындағы №97 мектепте қызмет атқарып, 2022 жылдан бері Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейінде шәкірт тәрбиелеп келеді.
Педагогика ғылымдарының магистрінің кәсіби ізденісінің бір ерекшелігі – ол қазақ тілі мен әдебиетін дайын қалыппен үйретуге ұмтылмайды. Керісінше, оқушыны ойландыруға, ізденуге, өз ойын дәлелдеуге, әдеби шығарманы тек оқып қана қоймай, оны зерттеуге бағыттайды. Бұл ізденістің нақты нәтижесі де бар. 2026 жылы Ақнұр Қуатбайдың «Жергілікті өңір ақын-жазушыларының шығармаларын STEAM технологиясымен оқыту» атты авторлық бағдарламасы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Ғылыми-әдістемелік кеңесінде сараптамадан өтіп, бекітілген. Бұл – бір қарағанда екі бөлек әлем секілді көрінетін әдебиет пен заманауи технологияны тоғыстыруға жасалған талпыныс. Ал туған өлкенің қаламгерлерін жаңа технология арқылы оқыту – баланың әрі әдеби танымын, әрі зерттеушілік қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ақнұр Мұратқызының кәсіби жетістіктері де осы ізденістің нәтижесін аңғартады. 2025 жылы республикалық «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» байқауында, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері арасындағы пәндік олимпиадада да үштіктен табылса, 2024 жылы «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының аудандық кезеңінде бірінші орын алып, республикалық «Педстарт» қашықтық олимпиадасында жеңімпаз атанды. Бұдан бөлек, «Педагогикалық идеялар панорамасы», «Үздік авторлық бағдарлама» сынды кәсіби байқауларда да жүлделі нәтижелер көрсетті.
Ұстаздың ең үлкен жеңісі – шәкіртінің жетістігі.
Педагогикалық қызметке келген алғашқы жылдардан-ақ оқушыларын пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындап келеді. Дайындаған ізбасарлары ғылыми жоба, ақындар мүшәйрасы, көркемсөз, өнер, олимпиада бағыттарында аудандық, облыстық және республикалық деңгейлерде жүлде алып жүр.
Д.Әнес республикалық «Зерде» ғылыми жобалар конкурсында, Ш.Ақниет республикалық ақындар мүшәйрасының облыстық кезеңінде бірінші орын алып, «Ақберен» өнер байқауының облыстық кезеңінде үшінші орынға ие болған. Е.Тұрар «Мамандықтар әлемін ашамыз» форумының облыстық кезеңінің жүлдегері.
2025 жылы Д.Әнес, Н.Оңғар, А.Сәдірхан, И.Әнес Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті ұсынған «Дарынды балалар – Қазақстанның болашағы» республикалық энциклопедиясына енген.
Ақнұр ұстаздың болмысындағы тағы бір ерекшелік – оның әдебиетке ұстаз ретінде ғана емес, шығармашылық адам ретінде келуі. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген. «Ұлан», «Балдәурен», «Қазыналы Қазалы» секілді басылымдарда жарияланған шығармалары жас қалам иесінің әдебиетке деген қызығушылығының ерте қалыптасқанын көрсетеді.
Шығармашыл ұстаздың өзі сөз өнеріне жақын болғандықтан, шәкіртінің бойындағы ақындықты да, зерттеушілік қабілетті де ерте байқайды. Оның үйренушілері арасында ақындар мүшәйрасының бірнеше кезеңінде топ жарған жас қаламгерлердің болуы – соның дәлелі.
Ақнұр Мұратқызының ұстаздыққа деген адалдығының тамыры отбасынан бастау алады. Әкесі Мұрат Қуатбаев қырық жылдан аса мұғалімдік қызмет атқарған. Анасы Жанқия Жүгінісқызы есепшілік саласында еңбек еткен.
Жолдасы Асқар Жолдасов та білім саласында еңбек етеді. №97 мектепте физика пәнінің мұғалімі әрі ұйымдастырушы-педагог. Бір шаңырақта білім мен тәрбие саласының қос өкілі өмір сүріп, бір-бірінің кәсіби ізденісіне демеу болуы – өзінше бір өнеге.
Үлкен ұлдары Иманғали аудандық, облыстық деңгейде математика және информатика пәндерінен олимпиадаларда жүлдегер, жеңімпазы. Қызы Дильназ республикалық «Зерде» ғылыми жоба конкурсында жеңімпаз атанып, мәнерлеп оқу сайыстарында да талай мәрте жүлдеге ие болған.
Білім мен тәрбиенің шырағын жаққан жанның төл балаларына да ізденістің дәнін егуі – оның отбасындағы тәрбиенің де, кәсіби ұстанымының да бір арнада тоғысқанын көрсетеді.
Ақнұр ата-ененің көңілін тауып, ибалы келін атанып, үш баланың анасы бола жүріп, мектептегі сан мыңдаған шәкірттің білім алуына үлес қосу – сырт көзге қалыпты көрінгенімен, еселі еңбек екенін көбіміз ұғына бермейміз.
Бүгінгі мектепке білімді мұғалім ғана емес, ізденетін, жаңалыққа бейімделетін, технологияны меңгерген, оқушының шығармашылық әлеуетін аша алатын педагог қажет. Ақнұр Қуатбайдың кәсіби бағыты осы талаппен үндеседі.
Оның мұғалім ретіндегі ұстанымын бір ғана марапатпен өлшеу қиын. Өйткені марапат – еңбектің нәтижесі ғана. Ал ұстаздықтың күн сайынғы көрінбейтін еңбегі – баланың бойына сөз қадірін сіңіру, ізденуге үйрету, ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік беру, өзіне сенім қалыптастыру.
«Мен үшін қазақ тілі – кезекті пән ғана емес, ұлттың рухани өзегі. Әдебиет – оқулықтағы шығарма ғана емес, адамның өзін тануына жол ашатын рухани кеңістік. Сондықтан оқушыларым тілді үйретіп қана қоймай, сөзбен ойлау, сезіну, өз болмысын танытуды үйренеді», – дейді Ақнұр Мұратқызы.
Ұстаз еңбегі аудан, облыс әкімдігі мен білім саласының түрлі Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен бағаланған. Бірақ оның ең үлкен марапаты – шәкірттерінің жетістігі, жеңісі, туған тілге деген құрметі мен ықыласы.










