Тынысы кеңейген кәсіп
«Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейін төмендетуге бағытталған ауқымды мемлекеттік жоба. Бұл бастаманың басты мақсаты – ауылдағы ағайынның өз кәсібін ашып, тұрақты табыс табуына мемлекет тарапынан қолдау көрсету. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту.Бағдарламаның ең тиімді тұсы – халыққа өте тиімді шарттармен шағын несиелер берілуі. Мысалы, жылдық пайыздық мөлшерлемесі өте төмен. Көп жағдайда 2,5 пайыз шамасында. Ал несие қайтару мерзімі бағытына қарай 5-7 жылға дейін беріледі. Қаражатты ауыл тұрғындары мал шаруашылығын өсіруге, егіншілікпен айналысуға, жылыжай құруға, құс шаруашылығына немесе ауылдық жерде аса қажетті қызмет көрсету орындарын шаштараз, наубайхана, техника жөндеу шеберханасы тағы басқаларын ашуға жұмсай алады.
Бүгінде Қарашеңгел ауылдық округіндегі «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қаржыландырылған наубайхана халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Жеке кәсіпкер Асел Қыдырбаева алғашқылардың бірі болып «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 5300000 теңге несие алып, нан өнімдерін шығаратын өндіріс орнын ашқан. Мұнда тәулігіне 60 дана нан, 100 дана пирожки, 500 дана тоқаш өнімдері өндіріліп, ауыл тұрғындарының сұранысы қамтамасыз етілуде.
«Қазіргі уақытта ішіндегі қоспасы қосылған сүзбе мен қоюлатылған тәтті сүті бар тоқаш шығарып жатырмын. Күніге 90-100 пакеттей шығарып, өткізіп тұрмын. Оның ішінде 5 данадан болғанда, күнделікті 500 тоқаш әзірлеймін. Сосын ашытқысыз ақ-қара батондар өндіремін. Оның арасында ауылдағы тапсырыстарға да өнімдер дайындаймын. Кейін тағы да қызметімнің аясын кеңейтуді көздеп отырмын» дейді Асел Қыдырбаева.
Осы күні наубайханада екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Сапалы қызметінің арқасында оның өнімдері жоғары сұранысқа ие. Тұрақты тұтынушылары да бар.
– Тірі адам тіршілігін жасайды. Арасында тәттілеп, қолдан жасалған өніммен шәй ішкіміз келеді. Сондайда осы Жалаңтөс батыр ауылынан келетін тоқаш пен ашытқысыз нандарын алып тұрамын. Дәмі үйдегілерге де, өзіме де ұнайды. Табиғи, сапалы. Бастысы, дәмді, – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Халида Ізбасарова.
Бүгінде еңбекқор кәсіпкер көпбалалы отбасы қатарынан күйеуі Шоқанмен бірге төрт баланы тәрбиелеп отыр.
Нарық пен санитарлық талапқа орай және маркетингтік қадам жасауды қолға алған кәсіпкер тоқаштарды арнайы қаптамамен орап, өз атауы бар логотиппен бастырып шығады. Бұл шешім бәсекеге қабілеттілікті арттырып, тұтынушы сенімділігін қалыптастыруға бағытталған өте маңызды әрі заманауи қадам. Нарық заңы мен санитарлық талаптардың күшейген тұсында кәсіпкердің өнімін жай ғана пісіріп қоймай, оны сыртқы қаптамамен қамтамасыз етуі және өз логотипін басып шығаруы бірнеше артықшылық береді.
Біріншіден, санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау – тұтынушы денсаулығы үшін бірінші орында тұрған фактор. Арнайы тағамдық қаптама тоқаштарды сыртқы ортаның әсерінен, яғни шаң-тозаңнан, ылғалдан, бөгде иістерден және әртүрлі бактериядан сенімді қорғайды. Сонымен қатар тауардың тасымалдану барысындағы тазалығы мен бүтіндігін сақтап, сақтау мерзімін біршама ұзартуға мүмкіндік береді. Сауда сөрелерінде ашық жатқан өнімге қарағанда, мұқият қапталған тауар сатып алушының көз алдында әлдеқайда қауіпсіз әрі сенімді болып көрінеді.
Екіншіден, нарықтағы маркетинг пен бренд қалыптастырудың ең тиімді құралы. Қаптама бетіне салынған сапалы логотип және фирмалық дизайн кәсіпорынның өзін нарықта дербес ойыншы ретінде танытуына жол ашады. Тұтынушы дүкен сөресінен әдемі қапталған, бренді айқын көрініп тұрған тоқашты бір көргеннен есте сақтайды. Егер өнімнің дәмі мен сапасы жоғары болса, ертеңгі күні сатып алушы сол логотипті іздеп жүріп, қайтадан сол өніміңізді таңдайтын болады. Бұл тұрақты тұтынушылар базасын жинаудың ең төте жолы.
Үшіншіден, қаптама мен логотиптің болуы өнімнің нарықтағы бағалық құнын көтеруге мүмкіндік береді. Сапалы әрі тартымды қапталған тауар эстетикалық тұрғыдан да тартымды болып келеді. Осынысымен тоқаштарды күнделікті азық-түлік қатарынан бөліп, сыйлыққа немесе жолға алатын, кофеханалар мен дүкендерге сенімді түрде өткізуге болатын премиум деңгейдегі өнім санатына көтереді.
Талапшыл кәсіпкердің осы қадамы шығын емес, керісінше, ұзақ мерзімді табысқа, тұтынушылардың адалдығына және өнімнің нарықтағы беделін биіктетуге құйылған тиімді инвестиция.
– Нанды қаптауға базардан арнайы қаптайтын қалталар сатып аламын. Өзім ойымнан логотип құрастырғанмын. Соны күнделікті кешке қарай және азанда ыстық пештен шыққан дүниелерімді қаптап, Қазалыда дүкендерге өткізіп отырмын. Әзірге ауылдағы 2 магазин мен қалада «Ай апа», «Іңкәр», «Шейх», «Ақжол», «Тоғай», «Санжар», «Темірлан», «Алина» деген сауда орталықтарына өткізіп отырмын. Осы аталғандарды күнделікті қамтып отырмын. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қол жеткізген қаражаттың қаншама адамның өз ісін ашуға мүмкіндік бергеніне алғысым шексіз. Соның көмегімен бұйырған табысымды тауып отырмын, – дейді кәсіпкер.
Мамандардың мәлімдеуінше, «Ауыл аманаты» жобасының тағы бір маңызды ерекшелігі – жекелей кәсіп ашумен қатар кооперацияны дамытуға басымдық берілуі. Ауылдағы шаруалар мен жеке қосалқы шаруашылық иелері бірігіп кооператив құрса, оларға техника сатып алу, өнімді өңдеу және өткізу үшін жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар алу әлдеқайда жеңіл болады. Делдалдардың санын азайтып, ауыл өнімінің нарықтағы бағасын қолжетімді етуге және өндірушінің өз пайдасын арттыруға көмектеседі.
– «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асуы өңірлердегі әлеуметтік ахуалды жақсартып қана қоймай, жастардың қалаға кетуінің алдын алып, ауылды экономикалық тұрғыдан жандандыруға үлкен үлес қосуда. Өз ісін бастауға ниетті әрбір ауыл тұрғыны тиісті аудандық әкімдіктер мен арнайы бағдарлама операторларына хабарласып, кеңес алып, құжат тапсыра алады, – дейді Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Бекарыстан Әзілхан.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














