Су – өмір...

Оның басты себебі, Әйтеке би кентінде аяқ су мәселесі шешілмеген. Шешілгеннің өзінде бір-екі көшелер, кент аумағының 5-10 пайызын құрайды. Қалған көшелер де аяқ су жеткізілмеген. Аудан орталығы Сырдария өзенінің бойында орналасқанымен аяқ су мәселесіне тұрақты көңіл бөлінбей келеді. Кенттің қақ ортасында «Ақарық» каналы, солтүстігінде «Басықара» каналында тұрақты су ағып жатады. Соған қарамастан жылда осы мәселе көтеріліп, шешімі табылмай келеді. Ауыз суға бөлінген алтынмен пара-пар суды аяқ су орнына кент халқы үйінің айналасындағы бақшалыққа, көгалдандыруға шығындайды. Керек десеңіз, насоспен құбырдағы суды тартып алып, көршісін сусыз қалдырады. Сол себепті жаз айларында ауыз су тапшылығы болып тұрады.
Толағай жер асты су қорын кезінде зерттеушілер 50 жылға есептеген. Одан бері де 40 жыл өтіп бара жатыр. Жер асты байлығымыз таусылмайтын дүние емес. Егер жер асты су қоры таусылған кезде мәселе күрделене бастайды, халықтың жағдайы не болады, соны осы кезден ойлану керек. Ол үшін аудан басшысы, мәслихат депутаттары, кент, қала, ауыл әкімдері осыған көңіл бөлуі керек. Ауыз су жалпы біздің аймақтың емес, бүкіл жер шары халықтарының мәселесі. Жер бетінде бір тамшы суға зәру болып отырған халықтар қаншама?! Осы жағдайға байланысты 1992 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау және дамыту жөніндегі конференциясында 22 наурыз «Дүниежүзілік су қорлары» күні деп жарияланды. Сонымен қатар, Бас Ассамблея 2003 жылғы желтоқсанның 23-індегі №58/217 қарарында 2005-2015 жылдарды – Халықаралық «Су – өмір үшін» іс-қимылдар онжылдығы деп жарияланды.
Су – тіршілік көзі, өмірдің негізін қалаушы таптырмас қазына. Сусыз ешбір тіршілік өмір сүре алмайды. Ол экономиканың басты байлығы. Су адам ағзасында 70-75 пайыз болатынын, онсыз өмір сүрмейтіні медицина ғылымында дәлелденген. Осы орайда неміс ғалымы Яков Германович Геринганың мына сөзін келтіргенді жөн көрдім. «Вода – это самое драгоценное ископаемое, вода – это не просто минеральное сырье, это не только средства для развития промышленности и сельского хозяйства, вода – это действенный проводник культуры, это та живая кровь, которая там, где ее не было».
Сол сияқты Антуан де Сент Экзюпера былай деп айтқан болатын. «Су, сенің дәмің де, иісің де жоқ, сені суреттеу де қиын. Қандай екеніңді білмеймін, сенен ләззат алады. Сен өмірге қажетсің деп айтпай-ақ сен өмірдің өзісің. Сен жарық дүниедегі байлықтың зорысың».
Ғаламдық жылу кезеңі басталып жер шарының соңғы кездері орташа температурасы плюс (+) 2 градусқа ұлғайғанын ғалымдар дәлелдеп жазып жүр. Соның әсерінен таулардағы мәңгі жатқан мұздықтар, қарлар шамадан тыс еруінен ондағы су қорлары жылдан-жылға азайып бара жатқандығы белгілі. Аяқ су мәселесіне қайта оралайық. Әйтеке би кентінде аяқ суды түбегейлі шешетін болсақ:
– біріншіден, ауыз су қорын үнемдейміз;
– екіншіден, ауыз суға жұмсалатын ақша қаражатын азайтамыз;
– қаламыз гүлденіп, көркейер еді;
– қала халқы таза ауа жұтып, денсаулығы жақсара түседі;
– жылда көктемде берілетін көгалдандыру, ағаш отырғызу туралы ақпараттар шындыққа жақындар еді.
Менің көтеріп отырған осы ойларымды кент тұрғындары қолдайды деп сенемін.
Әбдрасулла ЖҰБАНБАЕВ,
зейнеткер, инженер гидротехник,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы.